Әрбір елдің күш-қуаты тек экономикасымен немесе саясатымен ғана өлшенбейді. Оның нағыз құндылығы – адам өміріне деген құрмет пен қамқорлықта. Осы қасиетті міндетті иығына артқан мамандықтардың бірі – төтенше жағдайлар қызметі.
Құтқарушы болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл жолда абырой, атақ-даңқ іздейтіндер жоқ. Өйткені олар үшін ең үлкен марапат – аман қалған жан, қайта соққан жүрек, көзіндегі жасын қуанышқа айналдырған отбасы. «112» нөмірін терген әрбір адам құтқарушыға сенім артады. Сол сенімді ақтау үшін темірдей төзім, сергек ой, берік жүрек қажет. Олар – үрей мен сабырдың, қорқыныш пен батылдықтың арасындағы таразыны тең ұстайтын жандар.
Бүгінде Тараз қаласындағы төтенше жағдайлар қызметі – осы қағиданың айқын дәлелі. Олар тек апат кезінде көмекке келмейді, сонымен бірге қоғамға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөледі. Өрт қауіпсіздігі бойынша дәрістер өткізіп, балаларға алғашқы көмек көрсетуді үйретеді, табиғи апатқа дайын болуды насихаттайды.
Мәселен, жуырда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері үшін «ашық есік күнін» ұйымдастырды. Шара барысында балаларға өрт сөндіру техникасы таныстырылып, арнайы құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар аталған бөлімнің мамандары қаладағы №35 орта мектептің оқушыларымен және Тараз мамандандырылған колледжінің 2 және 3-курс студенттерінің қатысуымен «ашық есік күнін» өткізді. Жас қонақтар өрт сөндіру бөлімінің ғимаратымен, ондағы қызметтік және жатын бөлмелермен, жалпы өрт сөндіруші-құтқарушылардың күнделікті жұмыстарымен жақынырақ танысты.
Сондай-ақ шаһардағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Қауіпсіздікті сақтайық!» жобасы аясында өрттің алдын алу және қауіпті жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларын түсіндіруге бағытталған практикалық сабақ өткізілді. Шараға №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының оқушылары қатысты.
Сабақ барысында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрт тактикалық жаттығуларын көрсетіп, негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Ал Тараз қаласы ТЖ басқармасының инженері Данияр Аманжол алғашқы өрт қауіпсіздігі құралдарын қолдану тәртібін практикалық түрде үйретті.
Иә, мұндай жүйелі шаралардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамдардың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, қауіпсіздік, ең алдымен, әрбір адамның өз жауапкершілігінен басталатынын естен шығармаған абзал. Құтқарушылар осыны күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді.
Карина КАРТАШОВА,
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,
азаматтық қорғау аға лейтенанты