Еңбек адамын қадірлеу – кез келген қоғамның дамуы мен бірлігінің алтын қазығы. Қазақстанда бұл ұстаным әрдайым биік тұғырда болғанымен, соңғы жылдары еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселесі ерекше назарға алынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында осы тақырыпқа айрықша тоқталып, адал еңбек пен кәсібилікті елдік дамудың негізгі құндылықтарының бірі ретінде атап өтіп, еліміздің өркендеуі ең алдымен қарапайым жұмысшылардың еңбегімен, олардың кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін баса айтқан болатын.
– Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек, – деді Мемлекет басшысы құнды құжатта.
Жалпы, жұмысшы мамандықтары – тек кәсіп емес, елдің экономикалық іргесін бекітіп тұрған алып күш. Олардың қатарында құрылыс нысандарының кірпішін қалап, сылағын салып, арматурасын тартып, биік ғимараттарды күн-түн демей көтеретін құрылысшылар мен тас қалаушылар, ыстық цехта металл құйып, болат иіп, станок басында тұратын дәнекерлеушілер де бар. Солардың бірі – фирманың жұмысына қарқын беріп тұрған шебер жұмысшы, дәнекерлеуші Оралбай Жанахметов. Ол – бүгінде жаңадан бой көтеріп жатқан №16 шағынаудан құрылысының қарқын алуына өз үлесін қосып жүрген қарапайым еңбек адамы.
Әрине, бүгінде сұранысқа ие мамандықтың қатарында дәнекерлеу кәсібі бар. Оралбай өз жұмысын жауапты әрі сапалы атқару арқылы шеберлігін қалыптастырған, сұранысқа ие маман.
– Адал еңбекпен отбасымды асырап, ұл-қыздарымның қиналмай өмір сүруін қамтуды мақсат еттім. Ол – менің әкелік парызым. Жұбайым екеуіміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Адал еңбектің бағаланғанына қуанамын. Құрылыс шебері Есболат Күзберген мен бригадир Ғазиз Ахметов әр жұмысшының еңбекке ынтасын арттыра білуде. Осылайша фирма құрамында Тараз қаласындағы №16 шағынауданның құрылысына үлес қосып жатқаныма қуанамын, – дейді дәнекерлеу ісінің шебері Оралбай Нағашыбайұлы.
Дәл осындай көпке үлгі азаматтардың қатарында Тараз қаласындағы озат фирмалардың бірі «SuItan City Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тер төгіп жүрген құрылыс саласының саңлағы, кірпіш қалаушы Садырбек Сарыбағышев та бар.
Әуелі «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамында қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастап, цех бастығы қызметіне дейін жоғарылап, кейін кірпіш қалауды Астана қаласында құрылыс саласында жүріп үйреніп, кейінгі жылдары Шымкент қаласында шыңдалып, бүгінде көне шаһардың көркейуіне өз үлесін қосып жүр.
– Мәселе қай қалада немесе қай салада еңбек етіп жүргеніңде емес. Ең бастысы – атқарылған істің сапалы болуы. Мен 18 жасымнан бастап түрлі жұмыстарға араластым, еңбектен қашқан емеспін. Мүмкіндігінше құрылысқа қатысты бірнеше бағытты меңгеріп алдым. «Мынау қолымнан келмейді» деп айту маған әрдайым ұят көрінетін. Әрине, әр жұмысшының еңбегі оның өнімділігі мен жұмысты сапалы атқарып шығуына қарай бағаланады. Өз ісіме деген жауапкершілік ешқашан жадымнан шыққан емес, – дейді маман.
Сонымен бірге көпқабатты үй тұрғызу жұмысында маңызды істің бірі – бетон құю. Бетонның беріктігі – үйдің сапалы болуының кепілі. Шаһардағы жас бетон құюшы Азат Оразбаевтың да жұмысы көпке үлгі.
Азат – бір отбасының үлкені. Сондықтан жауапкершілігі жоғары. Қазіргі таңда туған бауырлары Ерлан мен Кенжемұрат та қасында. Інілерінің де қамын ойлап, жұмысқа шақырған екен.
– Бүгінгі таңда әкем де, анам да жоқ. Бір үйдің үлкені ретінде жауапкершілік салмағы маған түсіп отыр. Адал еңбекпен бауырларымды жеткізу, оларға бағыт беру – менің міндетім. Екі інімді қасыма алып, еңбекке баули бастағаныма көңілім толады. Мұнда олар жұмыс істеп, қаражат табады. Бастысы жаман істерден аулақ жүреді. Қылмыстың көбі жұмыс жоқтықтан, бос уақыттың көптігінен шығады емес пе? Әзірге пәтер жалдап тұрамыз. Адал еңбек ету – басты мұратым. Қысқасы еңбек шартына сай, аса түсіністікпен жұмыс істеп отырмыз, – дейді Азат Қоңыратбайұлы.
Еңбек адамы дегенде біз көбіне жоғарыдағы кейіпкерлеріміз сияқты құрылысшыны, ұстаны елестетеміз. Алайда заманауи қоғамда еңбек адамының қатарында такси жүргізушілері де бар. Сол табанды да еңбекқор жандардың қатарында әйел такси жүргізушілері де аз емес. Қаланың қарбалас көшесінде күн сайын жолаушыларды аман-есен жеткізетін осы нәзік жандылар – отбасы мен жұмысты қатар алып жүретін нағыз еңбексүйгіш тұлғалар. Солардың бірі – тараздық такси жүргізушісі Айнұр Нұридинова.
Әйел адамның көлік жүргізуі қазір ешкімге таңсық болмаса да, отбасын осы кәсіппен асырап отырған Айнұрдың еңбегі жүректі елжіретеді.
– Қол-аяғы балғадай ер азаматтар кейде шалқадан түсіп, «жұмыс жоқ» деп жатады. Құдайға шүкір, елімізде жұмыс көп. «Яндекс такси» халыққа өте керемет мүмкіндік ұсынады. Өз көлігің болса да, болмаса да сол компаниядан көлікті жалға алып, адам тасымалдауға болады. Мен осы таксимен 16 жыл айналысып келемін. Оның 9 жылы үлкен тасжолдарда өтті, Бішкек, Астана, Алматыға адам тасымалдадым. Жұбайым бар, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Балалар өскен соң қалааралық таксилетуді қойып, бес жыл бойы тек «Яндекс такси» арқылы күнелтіп жүрмін. Күніне кем дегенде 10 мың теңге тауып қайтамын. Осы қызметтің арқасында Тараздан үйлі болдық. Әрине, кейбіреулер мені: «Күйеуі жоқ па? Неге таксилетіп жүр?» деп сөгуі мүмкін. Жолдасым «Құлагер» деген жеке компанияда жұмыс істейді. Нарық қос бүйірден қысқан заманда бір адамның тапқанына қарап отыру дұрыс емес. Сол себепті күйеуіме қолқабыс болу үшін жұмыс істеймін, балаларымның керек-жарағын алып отырмын. Бастысы адал еңбектің наны әрдайым тәтті, – дейді Айнұр Хамитқызы.
Бүгінде «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – шаһарымыздың тазалығына жауапты, ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан мекеме. Мұнда 950-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Олар ерте таңнан бастап, қолдарына сыпырғыш алып, көшелердің, саябақтардың, аулалардың тазалығын сақтайды. Қаланың сәні мен әдемілігін сақтап жүрген қызметкерлердің қатарындағы Бақыт Құрманбеков – қарапайым көше сыпырушы.
– Кезекші бригадада 6 жұмысшы бар. Екі жұмысшы, бір тракторшы ертемен таңғы сағат 4-тен бастап жұмыс істейміз. Көшеге үйілген күл-қоқыстарды тазартамыз, арықтарды да елдер ластап кетеді. Оны да шабу, тазарту – міндетіміз. Аялдамалардағы қоқыстарды, үйден шыққан күл-қоқыстарды тасып, тазалаймыз. Таза көше – қала мәдениетінің айнасы. Көше сыпырушылардың еңбегінің арқасында қаланың сәні мен әдемілігі сақталады. Көше сыпырушы болу оңай жұмыс емес. Біз жаңбырда, қарда, аязда да жұмыс істейміз. Әсіресе, күз бен қыс мезгілдерінде жұмыс қиындай түседі. Себебі жапырақтарды жинау, қар тазалау сияқты қосымша жұмыс қосылады. Ер жігіт болғандықтан ауыр жұмыстан қашпаймын, – дейді Бақыт Айтбайұлы.
Әрине, көше сыпырушының еңбегін бағалау – әрқайсысымызға парыз. Олар біздің қаламыздың тазалығы мен әдемілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға да үлес қосады. Дәл осы серіктестігінің тағы бір тазалық сақшысы – Жанаргүл Бекбау. 1977 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келген ол өзінің бұл салаға шын ықласымен бет бұрғанын, кезінде өзі диплом қорғаған мамандығымен байланыстырады.
– Қысы-жазы күннің ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын тобықтан кештім. Тынымсыз еңбек пен атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында осы кәсіптің шыңына шығып келемін. Оған өз білімім де әсер етті. Өйткені мен кезінде табиғат тазалығына жақын эколог мамандығын игергенмін. Тағдыр деген қызық қой. Жаным қалаған мамандықты игерген маған табиғатқа дәл осылай қамқор болуды нәсіп етті. Табиғат тазалығы күнделікті қарапайым іс-әрекеттен басталса құба-құп болар еді. Кез келген адам тазалық мәдениетін ұстанып, көшеде кетіп бара жатқанда қолындағы ішілген сусын мен желінген тәттінің қаптамасын, не пластиктен жасалған немесе шыны ыдыстарды, алюминий қалбырларды, тіпті қағаз қаптамалар мен полиэтилен пакеттерді көрінген жерге лақтыра салуды доғарса ғой. Осындай қоқыстарды тастамай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салып отырса, сіз бен біздің көше тазалығына қосқан үлкен үлесіміз болар еді. Бұл – мәдениетіміз бен адамгершілік құндылығымыздың жоғары көрсеткіші әрі осы кәсіп адамына деген сый-құрметтің белгісі болмақ, – деп жан сырын ақтарды Жанаргүл Толашқызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп атап өткен еді. Осындай құрметті жандардың қатарында теміржолшылардың орны айрықша. Заманның күре тамыры саналатын теміржол – елдіктің, бірліктің, ілгерілеудің айнасы. Шойын жолдың бойымен талай тағдыр тоғысты, талай отбасы тіршілігін тапты. Бұл қатарда «Қазақстан теміржолы» филиалы, Тараз станциясының коммерциялық агенті болып қызмет атқаратын Інжу Шаханова да бар. 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген ол 1984 жылы Қызылорда теміржол техникумын тәмамдап, сол кездегі МПС-тің жолдамасымен Жамбыл станциясына келеді. Тараздағы теміржол саласында еңбек етіп жүріп танысып, болашақ өмірге бірге қадам басқан Інжу Шәйімбетқызының асыл жары Мұрат Мытысбайұлы да осы саланың білікті маманы.
– Таразға жолдамамен барған кезіміз әлі көз алдымда. Әр өңірден жиналған жас мамандарға арнайы жатақхана берілетін. Біз оны өз арамызда «Теміржолшылар үйі» деп атап кеткенбіз. Ол үйдің бір-ақ талабы бар еді – бойдақ болуың керек. Отбасылы теміржолшыларға есігі ашылмайтын. Қызылорданың қызы болып, жат қалаға алғаш келген шағым… Уыздай жаспын, ешкімді танымаймын. Қазір ойлап отырсам, сол «Теміржолшылар үйі» талай жастың тағдырын тоғыстырған, талай шаңырақтың іргесін бекемдеген берекелі орын екен, – дейді Інжу Шәйімбетқызы.
Бүгінде шойынжолдың шаңын кешкен сол буынның көбі бейнеттің зейнетін көріп, ұрпақ қызығын бағалап отыр. Бірі – немере-жиендерін еркелеткен қадірлі ата-әже, бірі – әке жолын жалғап, теміржолдың ауыр да абыройлы жүгін арқалаған жас маман.
– Мұрат екеуміз жас кезімізде «Құдай теміржолдың релсіндей ұзақ ғұмыр берсе, сол ғұмырды бірге жүріп өтейік» деп серттескен едік. Сертімізге берік болдық. Сөйтіп жүріп өзіміз де бұл салада қырық жылдан астам уақыт қызмет етіппіз. Екі ұл өсірдік, екеуі де біздің жолымызды қуып, теміржолда еңбек етіп жүр. Бүгінде сол ұлдарымыздан сегіз немере сүйіп, ата-әже атанып, бақытты шағымызды өткеріп жатырмыз, – дейді Інжу апай жүзін шаттық кернеп.
Бүгінде «Қазақстан теміржолы» филиалы, Тараз станциясының коммерциялық агенті болып қызмет атқаратын Інжу Шаханова табанды еңбегінің таудай жемісін көріп, талай мәрте даңқ төріне шығып, кеудесі медальға, құшағы гүлге толған. Басқа марапаттарды айтпағанда, Қазақстан теміржол саласында 30 жылдан артық еңбек еткені үшін алтын медаль еншілепті.
Дәл осы саланың маманы «Қазақстан теміржолы» филиалы, Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушысы Болат Искаковтың еңбегі көпке үлгі. 1992 жылы «Қазақстан темір жолы» құрамындағы «Луговой» станциясында пойыз қабылдаушы қызметінен еңбек жолын бастап, 2011 жылы Талас станциясында пойыз құрастырушы болса, 2018 жылдан бері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Тараз станциясында аға жүк және багаждарды қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеп жүргеніме аттай желіп 7 жыл өте шығыпты. Бұл қызметті сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, жауапкершілігі орасан. Әрбір тапсырылған жүк – біреудің еңбегі, біреудің аманаты. Сондықтан біз үшін әр сәлемдеменің, әр багаждың уақтылы әрі аман-есен жеткізілуі – ең басты міндет.
Кейде түннің бір уағына дейін жұмыс істейміз. Жолаушылардың ағыны үзілмейді, жүктер де толассыз. Бірақ соған қарамастан, шаршауды ұмыттыратын бір сезім бар – ол халыққа қызмет етіп, адамдардың сенімін ақтап жүргенімнің қуанышы. Мен үшін бұл тек жұмыс емес, өмір мектебі. Тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке баулыған орта. Әкем айтушы еді, «Адал еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды» деп. Сол сөзді өмірлік ұстанымым еттім. Халықтың аманатын адал атқару – менің теміржолдағы басты парызым, – дейді теміржол маманы.
Жалпы, ел тынысын айқындайтын өндіріс орындары көп. Соның ішінде халықты жылумен, жарықпен үздіксіз қамтамасыз ету – ең жауапты міндеттердің бірі. Сол үлкен жүйенің жүрегінде, қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында тыным таппайтын бір топ еңбек адамы бар. Олар – «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының қарапайым қызметкерлері. Біз тілге тиек еткелі отырған еңбек адамы – осы салада табаны күректей 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Зауырбек Керімбаев.
Осында алғаш қатардағы слесарь болып келген ол қазір «гумеровщик», бесінші санатты жұмысшы. Яғни химиялық цехта қышқылмен жұмыс істеп, қазандықтарды сырлап, тазалайды. Кәсіпорынға жұмысқа келгенде алдыңғы буын ағалардан үйренген тәжірибесімен бүгінде жас мамандармен бөлісіп жүр.
– Отбасында жетеуміз. Мен үйдегі үшінші перзентпін. Бауырларымның барлығы өздерінің жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарымен еңбек етуде. Ал інім Ілияс «Таразтрансэнерго» кәсіпорнында еңбек етеді. Әкем Ошақбай уақытында қала іргесіндегі «Алтыншы совхозда» тракторшы болып еңбек етті, анам Үміткүл сиыр сауушы болған. Осы ата-анамыздың қарапайым еңбекқорлығы бізге үлгі болды. Қандай жұмыс болмасын, білек сыбана кірісуге үйрендік. Жылына бір рет тазаланатын қазандықтардың тұрақты жұмыс істеп тұруы үнемі қадағаланады. Цехта бүгінгі күні алты слесарь, үш «гумеровщик» еңбек етеді, – дейді Зауырбек Ошақбайұлы.
Төтенше жағдайлар қызметіндегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар да – күнделікті еңбегі қауіпті, бірақ қоғамға аса қажет мамандық иелері. Солардың бірі – Айдос Әбілда өзгелердің өміріне араша түсуден бір сәтке де тартынған емес. Кейіпкеріміз жедел кезекшілік кезінде авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, өзінің лауазымдық міндеттерін адал атқарады. Ол 2012 және 2014 жылы туған екі қызды судан құтқарған.
– Оқыс оқиға «Зербұлақ» жағажайында болды. Сол күні ауа райы 40 градус ыстық болып тұрған еді. Жағалауда үлкені де, кішісі де күндегіден көп екенін байқадым. Бір кезде кішкентай қыздың суға бата бастағанын көрдім. Ойланып тұратын уақыт жоқ, санаулы секундта-ақ жүзіп барып, қызды құтқардым. Мен өзім Тараздағы «Болашақ» медициналық колледжінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алғанмын. Соның арқасында қызға дереу алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Бұдан бөлек, алапат өрт кезінде балаларды құтқарып қалғаным үшін 2016 жылы ҚР Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталдым. Құтқарушы болғандықтан, мен үшін өзгелердің өмірі өзімдікінен маңызды, – деп еске алады өткен күндерді ол.
Біз жоғарыда тілге тиек еткен еңбек адамдарының бәрін біріктіретін ортақ қасиет бар – ол елге қалтқысыз қызмет ету. Сондықтан еңбек адамының еңбегі ерен, олар қандай құрметке болса да әбден лайық.
Жұматай КӨКСУБАЙ