Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Құл базардағылар» жалақысы бар жұмыстан неге қашады?

0 282

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тоқырау ел еңсесін түсіргені сол заман куәгерлерінің әлі есінде. Кеңестік жүйе күйреп, халық күнкөріс қамымен базарға шықты. Сол кезде ел арасында «құл базар» аталатын ауыр сөз арады. Қаланың әлдебір көшелерінде таңмен тізіліп тұрған адамдардың жалғыз тілегі бір күндік жұмыс табу еді.

Содан бері аттай желіп отыз бес жыл өте шығыпты. Əрине, ол кез бен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Экономика дамып, жаңа жұмыс орындары жыл санап көбеюде. Бірақ соған қарамастан əр өңірде «құл базардың» саудасы əлі қызып тұр. Себебі неде?

Осы сұрақтың жауабын білмекке шаһардағы Əл-Фараби мен Қаратай Тұрысов көшелерінің қиылысына ат басын бұрдық. Таңның атысы, кештің батысы бұл маңда қазақтың жігіттері мен қыз-келіншектері қаздай тізіліп, жүйткіген темір тұлпарларға телміріп тұрады. Бір көлік тоқтаса болды, бəрі жапатармағай ұмтылады…

Біз осы маңда күнкөріс қамымен жүрген бірнеше адамды сөзге тарттық. Алайда ешқайсысы атыжөндерін жариялағысы келмеді. Амал жоқ, олардың есімдерін өзгертіп беріп отырмыз.

«БРИГАДА» БОЛЫП БӨЛІНЕДІ

Жанармай құю бекеті жағынан бет алып келе жатқан мені қырықтар шамасындағы ер адам байқап қалды.
– Жұмысқа адам іздеп жүрсің бе, қандай жұмыс? – деп сұраулы көзбен қарады ол маған.
Іздегенім осы еді, сұрақты бірден қойдым:
– Қандай жұмыс болса да істей аласыз ба?
– Майда-шүйде істің бəрін істей береміз. Мұнда екі-үш адам болып «бригада» құрамыз. Сосын бізді шақырған жұмысқа бірге барамыз. Бұл, бір жағынан, істің тез бітуіне, екінші жағынан, бəріміздің бірдей табыс табуымызға мүмкіндік береді. Оның үстіне менің қолымнан келмейтін шаруаны бригаданың бір мүшесі атқарып кетуі мүмкін, – деді ол.
Ағамыздың сөзінен түсінгенім – мұндағы тіршілік таңғы сағат сегізден басталады екен. Бірақ сол күні ауа райы салқындау болғандықтан ба, тапсырыс берушілер де, жұмыс іздеп жүргендер де көзге көп түсе қоймады. Əңгіме арасында журналист екенімді білген ер адам кенет үнсіз қалып, өз «бригадасына» қарай бұрыла берді.

ШИРЕК ҒАСЫР ОСЫНДА ЖҮРГЕНДЕР БАР

Əл-Фараби жəне Қаратай Тұрысов көшелері қиылысының сол жағында ер адамдар, ал оң жағындағы «Мөлдір» мейрамханасының маңында қыз-келіншектер жұмыс күтіп тұрады. Сол жерден біз шамамен алпыс жасқа таяған, өзін Лəззатпын деп таныстырған əйел кісіні жолықтырдық. Оның айтуынша, бұл жерде жұмыс іздегендер 1995 жылдан бері жиналып келеді. Яғни, көне шаһардағы «құл базардың» тарихы 30 жылға жуықтаған. Ал Лəззат апайдың өзі 2000 жылдан бері осы маңнан кетпей, нəпақасын тауып жүр екен.

– Қазір адамдар əртүрлі ғой. Кейбірі бізді қорлап, еңбегімізді бағаламайды. Мысалы, жақында Сая екеуміз ит бағатын жерге жұмысқа бардық. Елу иттің нəжісін тазалап, күні бойы шыдадық. Жүрегіміз айнып, шаршап шықтық. Сол еңбегімізге бар болғаны бес мың теңге берді. Кейін білсек, əр итке төленетін ақша 50 мың теңге екен. Байлар бізді жұмысқа шақырғанымен, менсінбей, тамақты далада жегізеді. Бірде түскі асты байдың моншасында отырып ішкеніміз есімде. Ал қарапайым халық мүлде бөлек. Олар келісілген ақшаны уақытында береді, үстел басына бірге отырғызады, шын пейілмен тамақ дайындайды. 40 жасқа дейінгі əйелдерге жұмыс табу оңай, ал менің жасым 57-де. Зейнетке шығуыма төрт жыл қалды. Сол күнді асыға күтіп жүрмін. Біздің көріп жүрген күніміз осы ғой, – дейді ол ауыр күрсініп.

Лəззат апай айтқан Сая есімді келіншекті де сол маңнан кездестірдік. 8 баланың анасы қиын жағдайға түсуін күйеуінің тастап кетуімен байланыстырады.
– Күйеуім бөлек кетті. Ол кісіге отбасының жағдайы, балалардың қамы мүлде маңызды емес. 8 балама тəулігіне 8 мың теңге тамаққа кетеді. Қазір азық-түлік те қымбат. Үйдің қасындағы дүкенге 80 мың теңгеге дейін қарыз боламыз. Атаулы əлеуметтік көмек ақшасын алып тұрғанымызбен қалтамызда көк тиын қалмайды. Бəрі қарызға кетеді. Кіші балам екі жаста. Оларға қарауға да уақыт жоқ. Азанымен осы жұмысқа асығып, тиын табуға тырысамыз. Мұнда уыс-уыс ақша жоқ. Тəулік бойы жұмыс істетіп, қожайындар кейде 3 мың, кейде 5 мың теңге ғана береді, – дейді көпбалалы ана.

Сол жерде Айжан есімді келіншек сөзге араласып, жергілікті билік өкілдері жағдайды сұрап келмейтінін, өзі сияқты көп адамның күнделікті ауыр еңбекке жегілуге мəжбүр екенін айтып қынжылды.
– Мен бұл жерде жұмыс іздеп тұра бастағаныма 18 жыл болды. 4 ұл-қызым бар. Көпшілік бізді жұмыс таңдайды деп ойлайды. Бірақ шындығы мүлде басқаша. Тəулігіне 10 мың теңге төлейтін жұмыс шықсақ, қуанып қаламыз. Алайда ол – өте ауыр еңбек. «Қожайындар» қалтасынан ақшаны оңайлықпен шығармайды. Күн батқанша демалуға мүмкіндік жоқ. Түскі асты кейбіреу береді, кейбіреуі бермейді. Ал кейде алдымен келісіп, жұмыс біткен соң ақшамызды толық төлемей кететіндер де болады. Келіскен бағаның жартысын ғана беретіндер де бар. Ақшамызды алу үшін талай рет дауласқанымыз, шырылдағанымыз бар. Уəдесінде тұратындар – əр бес адамның біреуі ғана. Біз тұратын жерге талай журналист келді. Бірақ Тараз қаласы əкімдігінен немесе жұмыс беруге қатысты мекемелерден бірде-бір қызметкер келген емес. Ондай галстук таққан кісілерді кездестірген емеспін, – дейді Айжан.

«ОЛАР ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕНЕТІН ЖҰМЫСҚА БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

«Құл базардағылардың» базынасын естігеннен кейін біз облыс əкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығына хабарласып, мəн-жайды білуге тырыстық.
– Біз сол жұмыссыздар отыратын орынға үнемі барып, оларға түрлі қоғамдық жұмыстарды ұсынып тұрамыз. Қоғамдық жұмысқа орналасса, айына 117 мың теңге жалақы Тараз қаласы əкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы төленеді. Зейнетақы қорына ай сайын ақшасы аударылып отырады. Ол да зейнетке шыққанда өте қажетті көмек, – дейді орталық маманы Гүлнар Тұрсынбекқызы.

Келесі кезекте Еңбек мобильдігі орталығы Тараз қаласы бойынша мансаптық орталық филиалына да бас сұқтық. Жұмыс іздеушілерді қолдау секторының маманы Айнұр Абдраманованың айтуынша, орталық тарапынан халықты жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде екен.

– Бүгінгі таңда қала бойынша 6 969 азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Тіркеуде тұрған азаматтардың ішінде 2 173 адам – жұмысынан айырылуына байланысты əлеуметтік жəрдемақы алушылар, 3 317
адам – жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына тартылғандар. Белсенді іс-шараларға қатысушылар құрамында қоғамдық жұмыстарға, əлеуметтік жұмыс орындарына, «Жастар тəжірибесіне» жəне қысқамерзімді кəсіптік оқыту курстарына жіберілген азаматтар бар. Мансаптық орталық тарапынан жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, кеңес беру, қайта даярлау жəне еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа орын ашу» межесі бойынша Тараз қаласы үшін 6 197 жаңа жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 6 565 жаңа жұмыс орны құрылды, – дейді Айнұр Болатбекқызы.

Көне шаһардың көркін кіргізген «Жасыл ел-Тараз» кəсіпорнында бүгінде 940-тан астам жұмысшы еңбек етеді. Дегенмен, мекеме басшылары жұмысшылар саны жеткіліксіз деп жиі дабыл қағуда. Біз де кəсіпорынға хабарласып, жағдайды сұрап көрдік.

– Басқа əріптестерімді айтпағанда, мен өзім «құл базар» аталып кеткен жердегі жастармен тілдесіп, жұмысқа шақырған едім. Оларға тұрақты жұмыстың артықшылықтарын талай рет түсіндірдім. Маусымдық жұмыс басталғанда да сол азаматтармен байланыс орнатуға тырысамыз. Алайда олар айлық жалақы төленетін жұмысқа барғысы келмейді. Себебін сұрасаңыз, «Сіздерде жалақы төмен, одан гөрі күнделікті ақша тапқанымыз жақсы» деп жауап береді. Дегенмен, ол азаматтар біреудің затын түсіру, қоқыс шығару, құрылыста, көктем мен күзде дала жұмыстарында еңбек ететіні бəрімізге белгілі. Кейбір жұмыс берушілер жұмысты істетіп алған соң, ақшасын толық
төлемей немесе келісілгеннен аз береді. Ал біздің жұмыстың бəрі заңды. Белгіленген уақытта еңбекақы төленеді, ыстық тамақ беріледі, зейнетақы мен медициналық сақтандыруға ақшасы аударылады. Артықшылықтары көп. Келесі жылы қызметкерлердің жалақысын көтеру жо спарымызда тұр. Алдағы уақытта осы жаңалықты жеткізіп, азаматтармен қайта тілдесеміз, – дейді «Жасыл елТараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Бейсеков.

Р.S.

Байқағанымыз, «құл базардағылар» мен жұмыспен қамту мекемелері мамандарының сөздері екі бөлек. Біреулері ешкім жұмысқа шақырмайтынын айт са, енді екінші тарап көшеде тұрғандар айлық жалақыға жұмысқа келгісі келмейтіндерін алға тартады. Əрине, əр тараптың өз шындығы бар. Алайда бүгінгі қоғамда «екі қолға бір күрек» табылатыны анық. Тек қана ниет болса болғаны…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.