Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы 18 қарашадағы №64-ө өкімі мен 2025 жылғы 14 ақпандағы №9-ө өкімін басшылыққа ала отырып, жұмыс тобы қала аумағында жер иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және сол учаскеде салынған құрылысты бұзу немесе заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алып тастау жұмыстарын жүргізуде.
Жұмыс тобы қала аумағында заңсыз орналасқан және мерзімі аяқталған сауда дүңгіршектері иелерімен тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі күнге Әулиеата және Жібек жолы аудандарының барлық округтері зерделеніп, жалпы саны 127 дүңгіршек орнатылғаны анықталды. Оның ішінде заңсыз орнатылғаны – 64 дүңгіршек.
Заңсыз орналасқан дүңгіршектердің иелеріне әкімдік тарапынан 30 күн ішінде алып тастау туралы ескерту хабарламасы беріліп, учаскелік полиция қызметкерлері ескерту протоколын толтырды.
Заңсыз орнатылған нысандардың иелерінің келісімімен жұмыс тобы 15 дүңгіршекті алып, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің аумағына апарылып, акт толтырылды. 2 нысан иесі өз еркімен алып тастады. Аталған бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша ақпарат әлеуметтік желіге салынуда.
Жұмыс барысында хабарландыру ұсынылғаннан кейін иелері бұзған дүңгіршектер қаланың басқа аудандарына, ал «Ұлы дала» (15) шағынауданында (№2 округ) жаңа дүңгіршектер орнатылып жатқаны анықталып отыр. Бұл бағытта зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Ұлы дала» шағынауданы маңындағы 2 дүңгіршек «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің автотұрағына жеткізілді. Ал қалған 2 дүңгіршек иесі өз еркімен алып тастайды.
Сонымен қатар қала аумағында заңсыз және жабайы сауда орындары ретке келтірілуде. «Ұлы дала» шағынауданындағы №72 үйдің маңындағы заңсыз орнатылған сауда дүңгіршегі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде заңсыз нысан орнынан алынып тасталды.
Сонымен қатар «Ұлы дала» шағынауданы, №73 үйдің бүйір жақ бетіндегі мемлекетке тиесілі жер телімінде кәсіпкерлік нысанның іргетасы құйылғаны белгілі болды. Бөлімнің мұрағатында рұқсат құжаттардың, оның ішінде сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жоба туралы мәліметтердің тіркелмегені анықталып, иесі Т.Мелдебекке бөлім атынан ескерту берілді. Ол өз еркімен алып тастауға келісімін берді.
Алдағы уақытта жұмыс тобы бекітілген кестеге сәйкес екі әкімшілік ауданында әрі қарай жұмыс жүргізеді.
Тараз қаласы әкімдігінің
жер қатынастары бөлімі