Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Арайлық» ақындар жырлайды

0 275

Тұғырынан талай журналисті ұшырған облыстық «AR-AI» жастар газетінде арқалағаны алтын азаматтардың қатарында қара өлеңге қанат қаққан жастар да аз болмаған. Бүгін сол «арайлық» түлектердің бір парасының өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


Азамат ЕСАЛЫ,
«Aulieta-Media» ЖШС
Бас директорының орынбасары

Олар

Олар Құдай бола алмайды өлсе де,
Жаратушым қайта ғұмыр берсе де.
Бар болғаны басшы деген аты бар,
Отырған соң кеңседе.

Олар Құдай бола алмайды, білемін,
Ақша-патша жаулап алған жүрегін.
Сынақ үшін мейірімі мол жаратқан,
Берген шығар тілегін.

Олар Құдай бола алмайды анығы,
Болса болсын ел билеген хан ұлы.
Тоғышар боп тобасынан жаңылған,
Тойғаннан соң қарыны.

Олар, бірақ, Құдай көрді өздерін,
Байлық, шіркін, байлаған соң көздерін.
Құдайдан да зор екен деп қаласың,
Тыңдасаңыз сөздерін.

Өкінішті, бір жағынан күлкілі,
Түбі терең құдық сынды құлқыны.
Зор бола ма, қор бола ма ол жағын,
Аллам өзі анықтайды бір күні.


Ерлан Жүніс
«Ана тілі» газетінің Бас редакторы

Тыныш дүние

Тыншымаймын. Тыным таппан мен тегі,
Түскен емес тағдырымның желкені.
Дамыл таппай кеземін де жүремін,
Дамылдаған мынау байтақ өлкені.

Жердің жүзін ой қанаты айналдым,
Жұлдыз құштым, күнді көрдім, ай
бардым.
Кеземін де жүрем мыңжылдықтарды,
Кезегінде жүрем ұлы ойлардың.

Күнге қарай бұрғам баста-ақ бетімді,
Күн түбіне мұрат еткем жетуді.
Қас-қағым сəт тынып қалсам қимылсыз,
Бүкіл əлем тұрып қалар секілді.

Ең бір ұлы ырғақтарға құштармын,
Ең бір ұлы ырғақтардан күшті алдым.
Жолаушылар қалмауы үшін сапардан,
Қанаттары талмауы үшін құстардың.

Жұлдыздардың сөнбеуі үшін жарығы,
Гүлдерімнің сембеуі үшін тамыры,
Мен бір ұлы ұмтылуды тудырам,
Тудырамын бұлқынуды жəне ұлы!

Менің сұлу армандарым өр кезде,
Аттанамын, атанамын елкезбе,
Бір сəтке де жұма алмаймын көзімді,
Бір жаманат болмауы үшін сол кезде.

Үндемеуден сақтап қалды сөз мені,
Жүрегімде – заманалар безгегі.
Мен бір ұлы қозғалыстан жаралғам,
Жердің шары жаралатын кездегі.

Еркін жүріп, ерек ойлап ержетіп,
Жүріп келем, шығып келем өрге тік!
…Жер бетінде бір тыныштық туғанда,
Отырармын тыныштықты тербетіп.


Хамит ЕСАМАН,
Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі

Айтылмаған сыр

Жазайын бір жаңбырлатып өлеңді,
Қай теңізге қайырлаттым кемемді?!
Өзімді әлі түсінбеген жайым бар,
Түсіндірем деп жүргенде әлемді.

Күллі әлемді түсіндіргім келетін,
Көңілімде күмбірлейтін көне түн.
Мына менің жүрегімнің жұлдызы,
Қисыны жоқ қиялыма сенетін.

Тамыр басып тағдыр жайлы толғап ем,
Жүрегіме жұлдыз түсті тамды өлең.
Қай өлеңді оқымадым мен бейбақ,
Қай ақынмен ауырмадым сонда мен.

Гүлдерді аңсап қауыздары ашылған,
Талай дәурен ұшып кетті басымнан.
Жүрегімнен басталғаны не керек,
Жаратылмаған соң көркем жасыннан?!

Дұшпан таба қылып… кейде дос
күлген,
Мейлі, оның бәрін кейін кештім мен.
Бірақ бүгін оқи алмай бір өлең,
Ауыра алмай жүрмін тағы ешкіммен.


Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Егемен Қазақстан» газетінің
Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі

Екінші өмір

Кейде жындай көрінер көркемің де,
Өрт өмірде болады өртенуге.
Сұрап көрді өткенім ертеңімді,
Сұрақ белгі болмайды ертеңімде.

Сынап көрді, кеткен күн сынап көрді,
Сабырыма жаратқан сынақ берді.
Гүл-өмірдің жүзінде бұлттар жүзіп,
Бір сүрініп, бір тұрып жылап келді.

Өткеніңнен, жанарым, түңілші бір,
Естілмейді аяулы бүгін сыбыр…
Таяп қалды «қош» дейтін тағы уақыт,
Аяқталды осылай бірінші өмір.

Серт беремін көңілді қалдырмасқа,
Жалыны жоқ жүректі жандырмасқа,
Екінші өмір басталды жүрегімде,
Әлем басқа, ендігі тағдыр басқа.


Жұлдыз БЕЙСЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жаз

Жаз деді маған гүлдердің кірпік қаққанын,
Бұлғаған қолын, бұлттардың мамық,
әппағын.
Қанатын керіп құстар ұшатын суылдап,
Жып-жылы ұясын, жасыл орманын
тапқанын.

Жаз деді маған шөптердің күліп тұрғанын,
Мейір күймесі ат басын бізге бұрғанын.
Жақсылықтың мынау жаршысы болып
тамшылар,
Асығып келіп тереземді тез-тез ұрғанын.

Жаз деді маған гүл ғашығы деп шықтарды,
Ай сәулесіне малынып алып ұшқанды.
Төбелер, ойпат, құмдар, жартасты оятып,
Қылтиып үстіне әнге сап әсем шыққанды.

Жаз деді маған бейнесін осынау даланың,
Аспан-қыз әкеп жұлдыз-алқасын тағарын.
Жер де бір жігіт, лүпіл қағады жүрегі
Аспаннан мүлде айыра алмай жанарын.

Боялды айналам мейірімге, мен де
боялдым,
Зымырап қашып қоймайды енді қоян күн.
Кемпірқосақтай бейнеңнен көзімді
алмадым,
Сұлулығыңа, далам-ау, қайтіп тоярмын.

Шалғынды кешіп, жусанды сүйіп
жататын,
Жайлауым менің, түңліктен таңы ататын.
Жазып бір келіп бейнеңді сенің ең сұлу,
Жаз деп бір тағы атыңды керім атадым.


Нұржан ҚАДІРƏЛІ,
облыстық «AQ JOL» газетінің жауапты хатшысы

Рақмет саған!

Дейтін шығар өз ойың: «дел-сал кез
бұл,
Дәл қазір мені армандап, аңсаумен
жүр».
Жыл құстары оралар мың сан рет,
Бірақ күтпес оларды дәл сол мезгіл.

Өрлейді екен өмірім алапаттан,
Өлмейді екен өр рухым жарақаттан.
Сен далаға қалдырып кеткен жүрек,
Дауылға дос, аяздан пана тапқан.
Сырлас болсаң бақытқа, күндес әркім,
Өртенбеген жүректер мүлде салқын.
Тайраңдайсың арымды таптағансып,
Қанатың жоқ болған соң бірге ұшатын.

Көңіліңе алдандым, сездім, сендім,
Өміріме жалғандың, көндім, төздім.
Сен түкіріп кеткенмен жан дүниемнің,
Оты сөніп қалған жоқ,
Өзің сөндің.

Күліңменен ізіңді жамап, көмдім,
Қашқыны сен мендегі азап, шердің.
Уақыт емші болса егер, өмір – ұстаз,
Ауырмауға үйреткен сабақ болдың.

Сені жақтап тағдырым ерегессін,
Мейлі маған,
Бірісің көп елестің.
Мен өмірге иә, рас, жылап келгем,
Бірақ оған себепкер сен емессің!

Мен емеспін біреуге кетпе дейтін,
Шындығым сол, шынжырлап
шектемейтін.
Аспан құлап кеткен жоқ ренжитіндей,
Өмір тоқтап қалған жоқ өкпелейтін.

Жүрек деген – кеудеме сыймас тұтқын,
Емін таппай есін де жимас, ұқтым.
Өзіңменен әкеттің, рақмет саған,
Қиқымын да қалдырмай қимастықтың!


Шапағат ӘБДІР,
«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ауылдағы ағаңмен сөйлескенде…

– Алло, інім,
Жағдайың жақсы ма?
– Шүкір, аға, сіздей жандар тапшылау…
– Сіздер де ше? Жеңгем қалай, жақсы
ма?
– Жақсы болмай, кеше апардым
бақсыға.
– А, не дейді? Апам қалай үйдегі?
– Олар жақсы немересін сүйгелі.
Бірақ жауын, отын тапшы, қи шірік…
Сен қалайсың?
– Бізде де, аға, күй сұлық,
Жапыраққа ай қарайды сүйсініп…
Қазан желі мөңіресе әрең тұр,
Ағаштардың бұтақтары исініп…
Сіздерде ше?
– Е, бізде сол,
Атпен ауыл кезген боп,
Күн суық па? Бірақ әлі сезгем жоқ…
Алатаудан самолетпен жездең кеп.
Содан ба, сәл көңіл-күйім көрім боп,
Қаратаудан шабан атпен келін кеп.
Бүгін біраз сілтеп қойдым, сорпа ішіп,
Қуырдақ пен
Жылқы етін де жедім көп.
Сонан кейін соғып тұрмын телефон,
Жағдайың қалай екен сенің деп.
– Ия, ия.
… Ауылды айта бермеші, аға, әрең тұр,
Менің дағы қос жанарым желіндеп…


Елдар Боранбек,
Қордай аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары

Өмір

Біреулерге бай болып шалқу – арман,
Ал біреулер иманға жан суарған.
Жаңа ғана естідім соқталдай ер,
Бір әйелдің орнын тартып алған.

Біреулер бар түзуден тайып кеткен,
Тәнін сатып, табанда байып кеткен.
Үйінде отыр тағы бір адам, әне,
«Бере гөр», – деп, алақан жайып көктен.

Бір досым жүр перзентті боламын деп,
«Бар бақытым болады соларым», – деп.
Қарапайым, алыста ағалар жүр,
Құдайындай сыйлаған қонағын көп.

Тал бойына өтірік сіңіп кеткен,
Бір адам жүр алаяқ, туыс көппен.
Тағы да бір білімсіз таққа отырды,
«Ертең – енді, ағайын, жуыс», – дескен.

Кеше ғана бір атам өтті өмірден,
Бар кезінде шыққан жан көп көңілден.
Терезеге телміріп тағы бір жан,
Ақын екен, алысқан кесте жырмен.

Жігіттер жүр жүрегі, серті бөлек,
Елді ойлаған, кеудеде өрті бөлек.
Өзі жақсы ару тұр жүзі сынық,
Өкпелеткен жасанды кей сүмелек.

Өмір қандай?! Байлайды көзді
шын-ақ,
Тірі кезде жауап жоқ, көп қой сұрақ.
Бір жапырақ үзілді қара талдан,
Лапылдаған бір үйден сөнді шырақ.

Ойлан…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.