Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Вакцина қатерлі дерттің алдын ала ма?

0 195

Қазақстанда жатыр мойнының обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Аты жаман аурудан елімізде күн сайын екі әйел көз жұмады екен.

Нақтырақ тоқталсақ, жыл сайын бұл дертке шалдығудың 1,9 мыңға жуық жағдайы тіркеліп, оның ішінде шамамен 600 әйел дерттен жеңіліс табатын көрінеді. Осы орайда дәрігерлер қатерлі аурудың алдын алуға болатынын айтып отыр. Өйткені, жатыр мойны ісігінің негізгі себебі – адамдың папиллома вирусы (АПВ). Ал қазіргі уақытта оған қарсы вакцина бар.
Жатыр мойны обыры көбінесе адам папиллома вирусының қауіпті түрлерінен пайда болады. Бұл вирус жыныстық жолмен жұғып, ағзада ұзақ уақыт белгісіз тіршілік етуі мүмкін. Вирустың кейбір түрлері жатыр мойны жасушаларын зақымдап, обырдың дамуына алып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, АПВ жұқтырған әйелдердің бәрінде қатерлі ісік дамымайды. Бірақ дерттің туындау қаупі өте жоғары екен.
Сондықтан мамандар скрининг пен алдын алу шаралары өте маңызды екенін айтады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалада тұратын әйелдердің 74 пайызы скринингтен өтсе, ауыл әйелдері арасында бұл көрсеткіш тек 38 пайызды құрайды екен. Сол себепті АПВ-ның таралу деңгейі 40-55 пайыз шамасында болып отырған көрінеді. Бұл аурудың елімізде кең таралғанын және профилактикалық шаралардың әлі де жетіспейтінін көрсетеді.
– Жатыр мойнының обыры әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық аурудың үштігіне кіреді. Қазір бұл аурудың жасарып жатқаны байқалады. Жатыр мойны обырының пайда болу себептеріне темекі шегу, бей-берекет жыныстық қатынас, иммундық жүйенің әлсіреуі, жыныс жолымен берілетін басқа да инфекциялар, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау, 17 жасқа дейін бала көтеру, ерте басталған жыныстық қатынас, онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойынының обырына тұқымдық бейімділік жатады.
Менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету – жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі. Сонымен қатар иісі жағымсыз ақшыл бөлініс, іштің төменгі жағының аурулары, салмақ жоғалту, әлсіздік және кейде зәрде қан пайда болуы да осы ауру белгілеріне жатады. Обырдың басқа түрлері секілді жатыр мойны обырының да төрт даму кезеңі бар. Бірінші саты – ісік жатыр мойнында орналасқан. Екінші саты – обыр жатыр мойнынан тыс аумаққа, қынаптың жоғарғы жағына қарай өседі. Үшінші саты – ісік төменгі қынап, жамбас қабырғаларын зақымдап, зәр шығару жолдарын бұғаттауы мүмкін. Төртінші саты – обыр тік ішекке немесе қуыққа және алыс орналасқан органдарға жетеді.
Жатыр мойнының обырын емдеу әдісін дәрігер науқастың жағдайы және аурудың сатысын есепке ала отырып белгілейді. Негізінен жатыр мойнының обырына шалдыққандар хирургиялық, сәулелік терапия, химиотерапия сынды әдістермен емделеді, – дейді акушер-гинеколог Зоя Ан.
Әйел адамның гинекологтың тексеруіне тұрақты баруы өте маңызды. Қандай да бір өзгерісті анықтау үшін жатыр мойны обырының дифференциалды диагностикасы қажет. Ауру анықталған жағдайдың 90 пайызында жатыр мойны обыры адам папилломасы вирусынан туындаған. Қазір бірқатар елде жатыр мойны обырын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін сұйықтық цитологиясы әдісі қолданылады. Жылына бір рет осындай тексеруден өтетін әйелдер обыралды өзгерісті алдын ала анықтай алады. Жыныстық қатынасқа түскен әйелдердің барлығы АПВ-тест тапсыруы керек. Онкогенді типтегі АПВ тесті, сұйықтық биопсиясы және жылына екі рет гинекологтың тексеруінен өту – жатыр мойны обырының ең жақсы диагностикасы екен. Сондай-ақ бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинаны уақытылы салдыру.
– Мен 1,5 жыл бұрын жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығып, оны жеңу сатысында түрлі сынақтар мен қиындықтан өткен жанмын. Жасыратыны жоқ, алғаш диагнозды естігенде төбемнен жай түскендей сезімде болдым. Шашымды тақырлап алып, химиотеропиядан өткен кездер – менің өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Дертімді естігенде жақындарым бірден шетелдік мамандарға жүгінуді ұсынды. Алайда ол жақтағы ем-домның бағасын естігенде шошыдым. Көпшіліктің қалтасы көтермейтіні анық. Оның үстіне аурудан бір айда айығып кетпейтінің тағы бар. Нәтижесінде ойланып, дәрігерім Александр Леонидовичпен ақылдасып, облысымыздағы онкологиялық диспансерде ем алуды таңдадым. Осындағы дәрігерлердің адам өміріне деген жанашырлығын, кәсібилігін, ең бастысы барлық ем-домның тегін көрсетілетінін ескерсек, біздің еліміздің медицинасына бас иуге болады. Ажал құштыратын дертпен бетпе-бет келген мен барлық нәзікжандыларды өз денсаулығына немқұрайды қарамай, дер кезінде скринингтен өтуді, қыздарымызға 11-12 жастан бастап дерттің алдын алатын екпе егуге шақырамын, – дейді қала тұрғыны Гүлзира Сейітқадырова.
Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, мемлекет есебінен балалар 12 түрлі жұқпалы індетке қарсы егілуде. 2024 жылы ұлттық егулер бағдарламасына АПВ вирусына қарсы вакцинация енгізіліп, алғашқы дозасы 11 жасар қыздарға ұсынылды. Бұл шара жатыр мойны обырының алдын алуда үлкен маңызға ие. АПВ вакцинасы әлемнің 135 елінде қолданылады. Оның ішінде ТМД елдерінен Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан бар. АҚШ, Австралия, Канада, Дания, Ирландия, Швеция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Шотландия және тағы басқа елдерде вакцинация жатыр мойны обырының алдыңғы сатыдағы зақымдануларын азайтуда тиімді екені дәлелденген. Қазақстанда қолданылатын АПВ вакцинасы вирустың 4 түрінен қорғайды.
Елімізде екпе енгізілгеннен бері 272 277 АПВ вакцинасы жасалған. Оның ішінде 170 004 бірінші дозамен және 11-13 жас аралығындағы 108 273 қыз бала екінші дозамен егілген.
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының директорының орынбасары, онкогинеколог Гүлжан Тайтелінің айтуы бойынша, осы жылдың 9 айында скринингтік жас тобында 19 әйел анықталған. Оның ішінде скрининг арқылы 9 науқас белгілі болыпты.
2024 жылға онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында сүт безі обыры – бірінші орында (12,6 % – 206 жағдай), екінші орында – өкпе обыры (10,3 % – 168 жағдай), үшінші орында – тоқ ішек обыры (8,4 % – 137 жағдай), төртінші орында – асқазан обыры (7,9 % – 130 жағдай), бесінші орында жатыр мойны обыры (5,8 % – 95 жағдай) тұр. 2024 жылға арналған өлім құрылымында өкпе обыры – бірінші орында (15,0 % – 102 жағдай), асқазан обыры – екінші орында (12,8% – 87 жағдай), сүт безі обыры – үшінші орында (8,1% – 55 жағдай), тік ішек обыры – төртінші орында (7,6% – 52 жағдай), ұйқы безі қатерлі ісігі – бесінші орында (5,5%) екен. Ал жатыр мойны обыры – 9-шы орында (2,5 % – 17 жағдай). Ал 2025 жылдың 9 айындағы онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында жатыр мойны обыры – 5-ші орында (6,4% – 80 жағдай). Өлім құрылымында жатыр мойны обыры – 8-ші орында (3,6% – 80 жағдай) тұр екен.
АПВ-ға қарсы вакцинация 9-14 жас аралығындағы қыздарға (кей елдерде ұлдарға да) ұсынылады. Вакцина жыныстық өмір басталмай тұрып салынса, тиімділігі жоғары болады. Кейбір жағдайда 26 жасқа дейін де салуға болады, бірақ дәрігер кеңесі қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 100-ден астам елінде қолданылады. Мысалы, Австралияда вакцинациядан кейін 10 жыл ішінде жатыр мойны обырының жаңа жағдайлары екі есеге азайса, Ұлыбританияда обырдың ауыр түрлері 87 пайызға дейін төмендеген.
Жатыр мойны обыры – қауіпті, бірақ алдын алуға болатын дерт. Вакцинация – осы аурумен күрестегі ең тиімді әдістердің бірі. Уақытылы салынған вакцина – болашақ аналардың, еліміздің қыз-келіншектерінің денсаулығын сақтауға жасалған үлкен қадам. Әрбір ата-ана осыны түсініп, қыздарының жарқын болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауға тиіс.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.