Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бектасовтар отбасы – құрмет құшағында

0 313

Астанада Республика күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Ең әуелі сөз алған Мәулен Сағатханұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
– Президентіміз биылғы Жолдауында да азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпал етуді және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Сонымен қатар соңғы жылдары бұл салада кешенді бастамалар табысты қолға алынған. Нақты айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Жас буынның сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатымен «Келешек мектептері» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Білім беру процесіне цифрлық технологияны енгізуге арналған іргелі істердің де мәні зор. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын сақтау, олардың құқығын қорғау басты назарда. Балалы отбасыларды қолдау шаралары нығайып, сәби күтімі үшін өтемақы төлеу мерзімі де ұзартылды, – деді Сенат төрағасы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған бірегей жоба. Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.
Биыл байқау он екінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 3 434 өтінім түскен. Әр өңір бойынша жеңімпаз анықталып, барлығы 20 отбасы марапатталды. Оларға естелік мүсіншелер, дипломдар мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.
Солардың қатарында жамбылдық Бектасовтар отбасы да бар. Ұлттық байқаудың өңірлік кезеңінде топ жарған тараздық Бектасовтар – теміржолшылар жанұясы. Қазіргі таңда бұл отбасында 5 ұл-қыз, 13 немере, 11 шөбере тәрбиеленуде. Отағасы Күмісхан Бектасов теміржол саласында 44 жыл еңбек етіп, өмірден өткен. Отанасы Ұлмекен Бектасова да осы салада 25 жыл қызмет етіп, бүгінде құрметті демалыста. Ата-ананың еңбек жолын 5 ұл-қызы, 2 келіні, 2 немересі абыроймен жалғастыруда. Өмір жолын темір жолмен өрген отбасы «Адал еңбек – адамдықтың айнасы» деген ұстанымды берік ұстанып келеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.