Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата жастары»: жоба жүрісінен неге жаңылды?

0 181

Халықты баспанамен қамтамасыз ету бүгінде еліміздегі басты стратегиялық міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы Жолдауларында үнемі айтып келеді.

Осы мақсатта облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Әулиеата жастары» жобасын қолға алған еді. Жоба облыс бойынша барлық деңгейде жан-жақты талқыланып, сараланып, мақұлданған болатын. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Нәтижесінде «Отбасы банк» АҚ мен Жамбыл облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Жаңа бағдарлама бастапқыда баспаналы болуды армандап жүрген талай азаматтың мақсатына жетуіне жол ашқаны жасырын емес. Олай дейтініміз, жоба арқасында 2023 жылы – 144, ал былтыр 140 жас баспана бақытына кенелді. Алайда биыл бағдарлама жүрісінен жаңылғандай. Өйткені ағымдағы жылы жоба арқылы небәрі 84 жасты ғана тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Бұған басты себеп – «Отбасы банк» АҚ тарапынан жылдағыдай 1 миллиард емес, 250 миллион теңгенің ғана бөлінуі. Жыл сайынғы қаржы көлемінің биыл неліктен 4 есеге азайғанын білмек болып, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалына қайырылғанымызда ондағы жауапты мамандар ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыру өздерінің құзырына кірмейтінін, сондықтан тікелей банктің басқарма басшылығына хабарласу керектігін жеткізді. Мамандар сілтеген бағытпен банктің ресми сайтында көрсетілген телефон нөмірлері және электрондық пошталары арқылы да байланысуға тырысқанымызбен, ешқандай мардымды жауап ала алмадық.
Аталған жоба бастау алған алғашқы жылдары оған денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, журналистика, спорт және дін салаларында жұмыс істейтін жастар ғана қатыса алды. Дегенмен, былтырдан бастап бағдарлама шарттарына өзгерістер енгізіліп, Жамбыл облысының 35 жастан аспаған барлық азаматына қатысуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жобада берілетін ең жоғары қарыз сомасы 15 миллион теңгенің 10 пайызын бастапқы жарна ретінде құюы, бағдарламаға қатысушының және оның жұбайының соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы, соңғы 3 жылдың бедерінде Жамбыл облысының аумағында тұрақты тіркеуде болуы және өтініш берушінің тұрғын үй кезегіне тіркелмеуі секілді бірқатар талаптар қарастырылған. Міне, осы тұрғын үй кезегіне байланысты шарт бірқатар жастың үмітін су сепкендей басып отыр. Солардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Жансая Базарбаева.
– Мен 2019 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрмын. Осы уақытқа дейін түрлі бағдарламалар аясында баспанаға қол жеткізуге тырысқаныммен, онымнан еш нәтиже шықпай келеді. Осы орайда «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы туралы естігенімде жүрегіме үміт ұялап, болашаққа сеніммен қарай бастаған едім. Алайда оның шарттарын тереңірек зерттеп, нақты талаптарымен танысқан сайын, әлгі үміттің орнын үрей, ал сенімнің орнын сенімсіздік басқаны шындық. Айталық, жобада көрсетілген басты талаптардың бірі – азаматтар бағдарламаға қатысуы үшін тұрғын үй кезегінен шығуға тиіс. Ал бұл зор тәуекелді талап етеді. Өйткені, «Әулиеата жастары» бағдарламасы баспаналы болатыныңа нақты кепілдік бермейтіні анық. Әрине, кезектен шыққан соң осы бағдарлама арқылы үйлі болып кетсең құба-құп. Ал ол үмітің ақталмаса ше? Онда үй кезегіне қайтадан тұруыңызға тура келеді. Демек, баспаналы болсам деген мақсатыңыз тағы да ұзақ жылдарға кері шегеріледі. Егер сіз қандай да бір бағдарламалар арқылы үйлі болсаңыз, баспана кезегінен онсызда автоматты түрде шығарыласыз. Сондықтан мұнда бір адам бірнеше үйге қол жеткізе ме деген қауіпке еш негіз жоқ. Сол себепті жобаны ұйымдастырушылар ешкімнің құқығын шектемей, барлығына тең мүмкіндік бергені жөн.
Осы ретте айта кетерлігі, қазір «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 жылдан 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы» негізінде үй алу да мұңға айналып тұр. Мысалы, әр өңірдің экономикалық әл-ауқаты әртүрлі. Айталық, батыстағы аймақтар мен Жамбыл облысы тұрғындарының табысында әжептәуір айырмашылық бар. Алайда ипотекалық бағдарламалардың шарттарында бұл жағы ескерілмейді. Сондықтан осындай кедергілер жойылмай, баспанаға зар болғандардың қатары ешқашан азаймайды, – дейді Жансая Батырханқызы.

P.S.

Жоғарыда айтқанымыздай, тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттің бүгінгі басты бағыттарының бірі. «Әулиеата жастары» сынды жобалар осы бағыттағы ізденістердің, нақты қадамдардың көрінісі болғаны айқын. Алайда, мұндай бағдарламалардың тиімділігі мен қолжетімділігі тек оны іске қосумен емес, оның тұрақты қаржыландырылуы, әділ және шынайы талаптармен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Қазіргі таңда қаржыландырудың күрт қысқаруы мен бағдарлама шарттарындағы қайшылықтар көптеген жастың арманына тұсау болып отыр. Бұл тек бір жобаның ғана емес, тұтастай тұрғын үй саясатының да әлсіз тұстарын айқын көрсетеді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.