Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жалынды жастардың жігерін жаныған Жамбылполитех

0 194

2025 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы елімізде техникалық және кәсіптік білім беру саласына серпін берді. Бұл бастама жас ұрпақты еңбекке баулып, өндіріс саласына қажетті кәсіби мамандарды даярлауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Осы орайда өңіріміздегі жетекші оқу орындарының бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі аталған жыл аясында ауқымды істер атқаруда.

1954 жылы іргесі қаланған оқу ордасы алғашында химия саласына маман даярлауға басымдық берген. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – өз тарихында бірнеше белестерден өткен, техникалық кәсіби білім беру саласында өңірлік деңгейде беделін қалыптастырған оқу орны. Колледждің басты мақсаты – заманауи еңбек нарығының талаптарына сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті мамандар даярлау. Мұнда техникалық мамандықтармен қатар ақпараттық технологиялар, энергетика, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салалары бойынша да сапалы білім беріледі.

Колледж директоры А.Картаков

Бүгінде колледжде 2 600-ге жуық студент 30-дан астам мамандық бойынша білім алуда. Олардың ішінде 1 500-ге жуығы жұмысшы мамандықтар бойынша оқып жүр. Ерекше атап өтерлігі – студенттердің басым бөлігі дуальді оқыту жүйесі негізінде дайындалады. Бұл жүйе теория мен практиканы тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Оқу уақытының 40 пайызы колледжде, ал 60 пайызы нақты өндіріс орындарында өтеді. Жалпы, биылғы оқу жылында 2 294 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде болса, 224 студент ақылы негізде білім алады.
Колледждің техникалық базасы да жыл сайын жаңартылып келеді. Заманауи зертханалар, өндірістік тренажерлар, интерактивті құрылғылар студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға сеп болып отыр. Робототехника, IT және автоматтандыру бағыттарында бірқатар заманауи құрылғылар жеткізіліпті. Бұл жастардың ғылыми-зерттеу мен инженерлік ойлау қабілетін дамытуға жол ашуда.
Колледж бүгінде 1 500-ден астам студентке жұмысшы мамандықтар бойынша сапалы білім беріп келеді. Оқу орнында жоғары сұранысқа ие техникалық бағыттағы мамандықтар – дәнекерлеуші, электр-монтажшы, автослесарь, құрылыс шебері, аспаз, тігінші, токарь және тағы басқа да маңызды салалар бойынша білім мен тәжірибе ұштастырылады.
Дуальді оқыту жүйесі – колледждің басты артықшылығы. Студенттер теориялық білімді оқу орнында алып қана қоймай, Жамбыл облысындағы ірі кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Бүгінгі таңда колледж 125-ке жуық кәсіпорынмен ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Ал дуальді оқу бойынша 89 мекемемен келісімге келген. Дуальдік оқыту жүйесінде оқитындардың саны бүгінде 25 мамандық бойынша 1 921 студентті, яғни 76 пайызды құрайды. 2024-2025 оқу жылында колледжді 848 түлек тәмамдаса, оның 86 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл – колледждің еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы үлкен жетістігі.
– Қазіргі таңда колледждің материалдық-техникалық базасы қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Технология күн сайын дамып жатқандықтан, біз де бұл үдеріске бейімделіп, колледжімізді үнемі жетілдіру үстіндеміз. Мысалы, жуырда ғана робототехника секциясына заманауи құрылғылар жеткізіліп, студенттердің тәжірибелік қабілетін дамытуға жағдай жасалды. Сонымен қатар біз ірі кәсіпорындармен – «Қазфосфат», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» секілді алпауыттармен меморандум жасап, студенттерімізді өндірістік тәжірибеден өтуге бағыттадық, – дейді колледж директоры Асхат Картаков.
Айта кету керек, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Жас маман» жобасына қатысып, еліміз бойынша іріктелген 180 үздік колледждің қатарына енген. Бұл мәртебе оқу орнының техникалық мүмкіндіктері мен білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Колледж тек республикалық қана емес, халықаралық серіктестік бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда оқу орны Қытайдың Сиань қаласындағы химиялық колледжбен меморандумға қол қойды. Бұл келісімнің негізінде қос дипломды білім беру жүйесі іске аспақ. Жоспарға сәйкес, студент үш жыл бойы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқып, соңғы оқу жылын Қытайда жалғастырады.
– Бұл пилоттық жоба студенттер үшін тегін жүзеге асады. Қытайдағы оқу шығындарын серіктес тарап толық қаржыландырады, ал Қазақстандағы оқуды біз өз есебімізден қамтамасыз етеміз. Қазіргі таңда Қытай инвесторлары Жамбыл облысына белсенді келіп жатқанын ескерсек, бұл бағдарлама түлектерімізге мол мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстанда білікті жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары. Бұл ретте Жамбыл политехникалық жоғары колледжі жастарға нақты мамандық игеруге, болашақ кәсібін табуға зор мүмкіндік беруде. Колледж түлектері еліміздің ірі зауыттары мен кәсіпорындарында, шағын және орта бизнес құрылымдарында табысты еңбек етуде.
Жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге бағытталған «WorldSkills» халықаралық қозғалысына да колледж студенттері белсене қатысады. Жыл сайын дәнекерлеу ісі, құрылыс, автосервис және IT бағыты бойынша білім алушыларымыз облыстық және республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл – колледждегі оқыту сапасының жоғары екенін айғақтайды, – дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саят Қойшыбаев.
Колледж басшылығы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында білім беру бағдарламаларын жаңартып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу-өндірістік шеберханаларды іске қосқан. Сонымен қатар студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту мақсатында аймақтық және республикалық «WorldSkills» чемпионаттарына қатысу белсенділігі артқан. Осы орайда, «WorldSkills» чемпионатының аймақтық кезеңінде он тоғыз құзыреттілік бойынша жарыс өтсе, соның ішінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің он бір студенті алтын жүлдеге ие болған.
– Біздің оқу орнында біліктілікті арттырып, мамандық бойынша кәсіби шыңдалуға барлық жағдай жасалған. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға да мүмкіндік көп. Колледж әкімшілігі мен ұжымы студенттердің сапалы білім алып, жайлы ортада оқуына барлық жағдайды жасауда. Барлық мамандықтар бойынша арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттері бар. Мысалы, дәнекерлеу зертханасы, автослесарь шеберханасы, аспаздық өндірістік сыныптар біздің нақты жұмыс дағдыларын меңгеруімізге мүмкіндік береді. Техникалық сызба, автоматтандыру, инженерлік модельдеу салаларында тәжірибе жинауға арналған заманауи бағдарламалармен жабдықталған арнайы сыныптарда сабақ өту бір бөлек әлем, – дейді колледж студенті, «WorldSkills-2024» Ұлттық чемпионатының «Ақпараттық кабельдік желілері» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз Ерасыл Үсенов.
Сонымен қатар оқу орнының екі корпусында да, яғни Төле би көшесінде – 120, Домалақ ана көшесінде 200 адамға арналған тегін жатақхана жұмыс істейді. Мұнда қыздар мен ұлдар бөлек орналастырылған. Оларға арнайы киім жуатын жер, жуыну бөлмесі, заман талабына сай бөлмелер мен асхана, акт залдары қарастырылған. Сондай-ақ «KNАUF» компаниясының қолдауымен жалпы аумағы 414 шаршы метрді құрайтын оқу ғимараты қайта жаңғыртылып, заманауи халықаралық шеберлер орталығы іске қосылған. Жаңа орталық студенттердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, құрылыс саласында заманауи технологияларды меңгеруге және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға зор мүмкіндік береді.
– «KNAUF» компаниясының қолдауымен Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде халықаралық деңгейдегі «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» шеберлік орталығы ашылды. Халықаралық компаниямен бірлесе жүзеге асып жатқан жоба болашақта мамандардың кәсібилігін арттырып, білікті мамандарға деген сұранысты қалыптастырады. Жаңа орталық студенттерге заманауи құрылыс технологияларын игеруге, практикалық дағдыларын шыңдауға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға мүмкіндік береді. Бұл бастама «WorldSkills International» сияқты халықаралық қозғалыстар мен ықпалдастықта кәсіби білім беру жүйесін дамытуға жол ашпақ. ALT University мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ынтымақтастығы аймақта техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда жаңа серпін беріп отыр. Сондай-ақ меморандум аясында университет тарапынан арнайы оқу кабинеті ашылып, электромобиль сыйға тартылды, – дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Саят Нұржанұлы.
Бүгінде ел мүддесі үшін тер төгетін жастар тәрбиелеу – колледж ұжымының басты ұстанымы. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі республикадағы 10 үздік кәсіптік білім беретін оқу ордасына кірген. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеп қана қоймай, нақты ісімен ел экономикасына үлес қосып отырған іргелі оқу орынының алда алар асуы көп.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.