Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында алғаш рет 16 жастағы жасөспірімге жүректегі ақауды түзету бойынша күрделі ота жасалып, сәтті аяқталды.
Науқас туғаннан бастап дәрігерлердің бақылауында болған. Оның жүрегіндегі басты қақпақтардың бірі – аорталық қақпақ екі жармалы (қалыпты жағдайда үш жармалы болуы керек) болып туған. Бұл жүрек қақпағы дұрыс ашылып-жабылмай, қан айналымына кедергі келтірген. Уақыт өте келе жағдайы нашарлап, бала жүру немесе ойын кезінде де қатты ентігетін болған.
Жүректі арнайы тексеру кезінде қақпақтан өту кезінде қан қысымының айырмасы өте жоғары екені анықталған. Бұл қалыптыдан бірнеше есе жоғары. Сол себепті баланы шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, ота жасау қажеттігі туындаған.
Осылайша жеткіншекке Озаки әдісімен операция жасалды. Бұл – қазіргі кезде дамыған елдерде қолданылып жүрген озық тәсіл. Мұндай операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.
Кардиохирургия орталығы алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізіп, жүрек ауруы бар науқастарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастырады.
Жамбыл облысы әкімдігінің
денсаулық сақтау басқармасы