Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әзиз жүректен ізгі жыр

0 294

Руханият – ұлттың жүрегі, ал әдебиеттің халықтың өшпес қазынасы екені ежелден белгілі. «Ең әуелі сөз болғаны» рас болса, сөзді сұлу ететін де, әр сөзге қасиет пен кие қондыратын да – ақынның қаламы. Жамбыл өңіріндегі қаламына қасиет қонған ақынның бірі – қазақ поэзиясының ақ гүлі атанған Күләш Ахметова.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жуырда ғана газетімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардақты һәм аяулы ақын Күләш Ахметованың бес томдық шығармалар жинағының жарыққа шыққанын сүйіншілеген болатынбыз. Аталмыш көптомдықтың тұсаукесері ақынның шаңырағында ұйымдастырылып, алаш әдебиетіне ортақ қуанышпен бөлісуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы ат басын бұрды. Өзінің ақжарма тілегінің алдында аймақ басшысы ақынға қазақтың салты бойынша құрмет көрсетіп, әкімдіктің атынан сый-сияпат жасады.

– Ұлтты танытатын – әдебиет пен өнер. Әдебиет те, өнер де мәңгілік жасай береді. Әкімдер қызметпен келеді, кетеді. Бірақ ақынның жазған жазбалары өмір бақи қалады. Баладан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Сондықтан Сіздің еңбектеріңіздің орны бөлек. Себебі ең әуелі Сіз қазақтың қызысыз. Екіншіден, жастайыңыздан қаламды жаныңызға серік еттіңіз. 14 жасында жыр жазу деген – әркімнің басына беріле бермейтін бақ. Сіз Ұлбикедей апамыздың жолын жалғастырып, әдеби мұраларыңызды басып шығардыңыз. Сізді қазақ поэзиясының ақ гүлі деп бекер атаған жоқ. Бес томдыққа Әбділдә Тәжібаев ағамыздан бастап, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлінің алғы сөз жазуы тегін емес. Бұл – Сіздің өлеңдеріңіздің құндылығы, әсіресе, қазіргі заманға керек екендігінің нышаны. Отанды қалай сүю керек, қалай таза еңбек ету керек, соның барлығы жырларыңызда тұнып тұр. Махаббат деген тек қана адам мен адамның арасында ғана емес екенін, ұлтына, Отанына, жеріне деген махаббатты жақсы жазғансыз. Сіздің өлеңдеріңіздің аттарының өзі керемет. Таңертең қалай күнді бастасаң, солай өтеді. Мысалы, түріктер таңертең «гюнайдын» дейді. Бізде «қайырлы таң» деп сирек айтылады. Сол секілді сіздің «Күн шыққанда күліп оян» деген жазбаларыңыз керемет. Сіздің шығармаларыңыз арқылы қазақты басқа ұлттар мен мемлекеттер таниды. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда осындай дүниелер ауадай қажет. Қазір жастарымыз кітап оқуды қойды. Барлық ақпаратты ғаламтордан алады. Олай болмайды. Біз сол үрдісті қайтадан қайтаруымыз керек. Көптомдықта жастарға, өскелең ұрпаққа қажетті оқитын дүниелер көп. Мұның барлығы – өзіңіздің еңбегіңіз. «Қыз қылығымен, жыр жылылығымен мықты» деп Әбіш ағамыз айтқандай, Сіздің өлеңдеріңіз адамға жылулық сыйлайды. Оны ештеңемен салыстыруға болмайды. Бес томдықты жазу – үлкен жұмыс. Ондай жинақ шығару қазіргі заманда оңай емес. Сіздің жолыңыз жастарға өнеге болуы керек. Сіз шығармашылығыңызға арқау еткен адалдық, шындық, ұлтты сүю – әрбір ұрпаққа үлкен перзенттік парыз. Сондықтан ең алдымен Алла Тағала зор денсаулық берсін, шаңырақтарыңыз қуанышқа толы болсын, – деді Бердібек Машбекұлы.

Тұсаукесерге облыс әкімімен бірге әкімнің орынбасары Ержан Жылқыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, жазушы-драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман қатысты. Меймандар ақынды көптомдықтың оқырманға жол тартуымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Көктемнің көркем мезеті сәуір айында 75 жасқа толатын аяулы ақын шаңырағына арнайы ат басын бұрған меймандарға ыстық лебізін білдірді.

– Сізге арнаған өлеңімнің бір жолында:
«Сен жүгірсең елге қарай жүгірдің,
Сен жүгінсең әділетке жүгіндің.
Сен халықтың төбесінен қарамай,
Сен халықтың жүрегіне үңілдің»
– деп жазғанымдай, әрдайым халықпен бірге екеніңізді көріп жүрміз. Оны өзіңіз ілкімді істермен дәлелдеп келесіз. Осы ретте алдағы уақытта Отан деген кітап шығарайын деп жатыр едім. Оған өзімнің табаным тиген еліміздің әр өңірі, яғни Қазақстанның пейзаждары жайлы жырларым енетін болады. Сіз секілді әдебиет жайлы шағып сөйлеу әрбір әкімнің қолынан келмейді. Сондықтан сол кітабыма өзіңіз алғы сөз жазып берсеңіз, – деген ұсынысын жеткізіп, ақынын ардақтаған әкімге ризашылығын білдірді.

Аталған шараны Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жүргізді. Сондай-ақ ол ақынның «Айша бибі» атты өлеңін оқып берді. Жұлдыз Бейсек, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық сияқты әулиеаталық жас ақындар да ақынға арналған өлеңдерін оқыды.

Күләш Ахметова – қазақ өлеңіне өзіндік нәзік үнімен, көркем шындығымен келген ақын. Әр жылдары ақынның түрлі поэтикалық кітаптары жарық көріп, оқырманнан лайықты бағасын алған. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері жары, ақын Қайырбек Асанов екеуі қазақтың қара өлеңіне қызмет етіп келеді. Жуырда ғана баспадан шыққан бес томдық шығармалары да – ұлттың өлең өнеріне қосылған құнды дүниелер. Кітапта Әбділда Тәжібаев, Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев, Несіпбек Айтұлы және өзге де белгілі қаламгерлердің мақалалары жарияланған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.