Қалалық қоғамдық-саяси газет

Берешегім бар әлі келешекке!

0 238


Ол кім еді?

Нәзіктігін өлеңіне жасырған өр рухты, қайсар қыз Салтанат Мадиярқызы – тағдырдың сынына қайыспай қаламын ғұмырына серік етіп, айналасына күндей шуағын шашып жүрген жан. Түркістандық ақынның Тараз шаһарына жолы түскенін ести сала кездесуге асық пейілмен құрақ ұша қарсы алдық. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Салтанат Мадиярқызымен «Берешегім бар әлі келешекке» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Кеш әсерлі өтті. Өйткені кездесуде Салтанат емес, өмір-өлеңнің өзі сөйлеп тұрды. Өмірді өлең деп ұққан ақын арудың бір топ өлеңдері көгілдір көктемнің көркін ашсын деп ұсынып отырмыз.


Ол кім еді?
Періште ме, пері ме?
Ойды неге оған қарай сүйрейсіз?!
Білем, оған ұқсатасыз мені де,
Бірақ…
Бірақ, сүймейсіз!

Ол кім еді?
Еңлік пе, Қорлан ба?
Көзіңізге көрінді ме Ханшадай?
Тым болмаса, ол сізге жар болғанда,
Хадиша деп қызғанбас ем Айшадай.

Ол кім еді?
Жібек пе, әлде Баян ба?
Қиялыңыз қай әлемді кезген-ді?
Баян бүгін Қодар үшін боянған,
Солай. Бәрі өзгерді.

Ол кім еді?
Зере ме, әлде Ұлжан ба?
Арасында қалдыңыз ба елестің?
Абайсыз ба, жете алмаған Тоғжанға?
Мен Шүкіман емеспін.

Ол кім еді?
Ләйлім бе, әлде Ләйлә ма?
Жұматай жыр түледі ме, жүректен?
Бұрым сұлу болды ма, әлде жай ғана
Сезімімен солмайтұғын гүл еккен?

Ол кім еді?
Нұрила ма, Тұмар ма?
Қандай елес, сіз ұмыта алмаған?!
Бәлкім, ол, тек, сіз жазатын шығарма,
Қиялыңыз жазған рөлді сомдаған?

Ол кім еді,
Жылдап жүрек тербеткен?
Сүйсе, неге жаныңызда қалмаған?
Әке үйінде ерке өскен бойжеткен,
Өз үйіне кетті, өзі таңдаған.

Ол кім еді,
Ақбілек пе, Жамал ма?
Қай қылығын сақтап жүрсіз санаңда?
Жамалдар жоқ бүгін қайғы оранған,
Заман басқа, адам да.

Ол кім еді?
Өткенің ғой. Өткенмен
Жаныңызға мұң сыйлаған «әттең» бар.
Ол жақта сіз сағынатын сәттер мен
Тек мен іштей қызғанатын Көктем бар…

Ол кім еді?
Ол – қызғаныш ұғымы.
Жеңу үшін таба аламын мың айла.
Біздер жайлы «Бақыт» деген бір Ұлы
Шығармасын бастап кетті Құдай да!

Шахмат

Ала тақтада қара да болам, ақ болам.
Ақ пенен қара – ойлар ғой, тыным таппаған.
Көк тұман мені адастырғысы келеді-ау,
Көп күмән – қара,
Мендік ой – аппақ.
«Шах» саған.

Тақта да көне,
ойын ба, ой ма ескірер?
Бақылап ойды, сағаттар сырғып кеш кірер.
Бетпердесіндей, көп фигуралар ертеді,
Патша көңіліме
жақын келе алмай пешкілер.

Уәзірлердің жекпе-жегін де көрейін,
Қолбасы шықсын,
Мықтысы жықсын!
Не дейін?
Қара түске де, қара күшке де сенім жоқ.
Ақылмен алып, атыммен шауып келейін.

Жайратып келем, жау шебін бұзып, шегінбей.
Шегіну де бір, жеңілу де бір – жеңілдеу.
Төрт бұрыштарда жалғасып жатыр бір соғыс,
Ақ пенен қара айқасып жатқан өмірдей.

Жау әскерінің сарбазым алып соңғысын,
Қос баһадүрімнің қалыпты, міне, жалғызы.
Квадраттардың ішіне қалай сыйып жүр,
Кең дүниеге сыя алмай жүрген болмысым?!

Ала тақтада қара болмай-ақ, ақ болдым.
Ақ болдым-дағы, Ақ пейілдерге жақ болдым.
Патша көңілді тұрған тағынан жылжытпай,
Қаралықтардың барлығына да «МАТ» қойдым!


Өзімді алдап, болмасқа сендіремін,
Барлығын сыйғызады кең жүрегім.
О, сосын, аспаныңа телміремін!
Нені ойлап елжіредім?
Мен кім едім?
Ұмыттым.

Толмаса да маңыз бен мағынаға,
Адамның бәрі өткенін сағына ма?
Бәрін де ойлап, тынысың тарыла ма?
Сенің-дағы жүрегің ауыра ма,
Ұлық Түн?!

Үнсіздікте айтылар сөз қалмайды.
Сенесің бе, дегенге жазған қайғы?
Сәлем бермей сырғыған мезгілде де
Жан емдердей жұлдызың көзді арбайды,
Қылықтым!

Әркімге өз болмысы жарасады.
Сұрғылт түс ақпен қалай таласады?
Жатырқап жүр ме мені ауыл кеші,
Жарқырап кеткендей ме қала шамы,
Тұнып мұң?

Бәрін жазып қайтейін түнгі сырдың.
Ең Әділ Құдіретке құлдық ұрдым.
Берешегім бар әлі келешекке,
Алашағы бар менен бұл ғұмырдың!
Шын ұқтым!

Білесіз бе?

Үмітті ылғи күдіктің күзетерін,
Кей өкініш өрт емес, мұз екенін,
Білесіз бе, елесі қымбат сәттің
Көздегі кадрлардан жүз өтерін?

Бір үміт мың тілекті құрайтынын,
Барлығы өз қалауын сұрайтынын,
Білесіз бе, шоқ қарып шарасыздық
Тамшы болып жанардан құлайтынын?

Бақытты адамдар да жылайтынын,
Жылап жүріп, сындарға шыдайтынын
Білесіз бе? Мен өзі кештеу білдім
Бір жанның ұнайтынын…

Білемін, оның жарық Күн екенін!
Сеземін, жүрегінің жылы екенін.
Сонда да бірдей көрем Мұң екеуін
Сол жанның, білесіз бе, кім екенін?

***

Мен ұша алмай, көп күмәнге көмілдім.
Ал балалық армандарым көкте жүр.
Жылдар сырғып, жанарында Сенімнің
Үмітімді ұрлай алмай өтті Өмір.

Жылуын да берер отым сөнбеген,
Күлімдесем, мені сүйген Жарық Күн!
Мықты едім ғой, бәрін жеңіп келген ем,
Енді одан да жалықтым.

Бір үзіліс жариялап бәріне,
Кідірейін. Үңілейін Жаныма.
Мен өзімді іздеп жүрмін әлі де,
Уақыт таппай Мағына.

Үмітімді ермек еткен сан жылдың
Естелігі – жалғыз ғана бір елес.
Миығынан күліп тұрған Тағдырдың,
Иығына жүгіңді арту түк емес!

Мін тақпай да, кінә артпай да ешкімге,
Көтеремін, жүрегіме жүктей Мұң.
Өз жолыммен жүріп өтер бес күнде,
Құдайдың да аяғанын күтпеймін!

Ештеңе де сындыра алмас сағымды,
Қайғысын да күліп тұрып шегемін.
Жанның өрті күл қылмаса барымды,
Маған сөз бе, тәннің дерті дегенің?!

Әр түн сайын сәлемдесіп көмескі Ой,
Өзгере ме, көңіл жайлы ұғымым?
Бақ та мендік! Сор да бөтен емес қой,
Армандардан аласармас ғұмырым!

«Өмір – күрес» деген елді аңғардым,
Жеңілістің өзі жоқ қой, мен үшін.
Әлі күрес алаңында Мен бармын,
Сабақ болған әр сынағым – Жеңісім!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.