Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зілзала: Сейсмология ғылымы неге кенжелеп тұр?

0 415

Жуырда Алматы қаласында 4-5 балдық жер сілкінуі сезілді. Дүмпудің ымырт түскенде орын алуы әрі қалада көпқабатты үйлердің көбеюі сілкініс күшінің әсерін қалыпты деңгейден көтеріп жіберді. Ал алыпқашпа сөздер, жалған жорамалдар мен негізсіз байламдар тұрғындардың үрейін ұшырды. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде әртүрлі пікірлер мен болжамдар айтылып, соңы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей және жедел араласуы ғана дүрбелеңді басты.

Әлбетте, осындайда жер сілкінісі кезінде одан қорғану шаралары, елімізде сейсмология ғылымының даму деңгейі және бұл саладағы басты ғылыми зерттеу орталығы сейсмология институтының бүгіні мен ертеңі туралы сұрақтар туындайтыны заңдылық. Соларға жауап ретінде және зілзала қауіптілігі басым аймақтарда мекендеген тұрғындар мен кейінгі жас мамандар үшін пайдасы болар деген ойменен осы мақаланы жария етуді жөн көрдім.
Еске салатын бір жайт, жалпы Қазақстанда сейсмологиялық зерттеулер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орыстың географиялық қоғамының, 1920 жылдардың аяғынан бастап Ресейдің Ғылым академиясы күштерімен жүргізіліп отырған. Сейсмологтар арасында жер сілкінуді зерттеудің даму барысы, қандай да ел болмасын, ірі сілкіністің болуына байланысты басталады деген пікір бар. Шынында да, Орталық Азия елдері мен Қазақстанда сейсмология ғылымының дамуының жаңа кезеңі 1966 жылы елді дүр сілкіндірген Ташкент жер сілкінісінен кейін басталды. Қазақстанда мәселе лезде мемлекет тарапынан қолдау тауып, арнаулы қарарлар қабылданып, бұл шараны іске асыруға қыруар қаржы бөлінді. 1969 жылы геологиялық ғылымдар институтында сейсмология секторы, ал 1970 жылы сейсмология бөлімі ашылды. Оның кеңсесіне Абай даңғылы мен Фурманов көшесінің қиылысқан жерінде жаңадан салынған ғимараттың бірінші қабаты толығымен бөлініп берілді. Ұжымға сол кезде Қазақстан аймағынан жұмыс істеп тұрған КСРО Ғылым академиясының жер физикасы институтының кешенді сейсмологиялық экспедициясына (КСЭ) қарайтын сейсмикалық станциялар берілді. Бөлімде он шақты зертхана, 100-ден аса қызметкер еңбек етті. Бөлімнің аяғына нық тұрып кетуіне жоғарыда айтылған экспедицияның ғылыми қызметкерлерінің және оның басшысы, көрнекті сейсмолог-ғалым И.Л.Нерсесовтің еңбектері айрықша рөл атқарды. Қазақстанда сейсмология саласынан ғалымдар дайындау да соларға жүктелді. Іле-шала 1967 жылы төрт жас маман аспирантураға қабылданды. Ал 1969 жылы бір топ сейсмология секторының қызметкері КСЭ-да жер сілкінуі туралы мәліметтерді өңдеу саласынан оқып, тәжірибе алды.
1970 жылы аталмыш бөлім негізінде Қазақстан Ғылым академиясында сейсмология институты құрылды. Институт директоры болып көрнекті ғалым, академик Ж.С.Ержанов тағайындалды. Сәл кейінірек институтқа Әл-Фараби даңғылы бойында бес қабатты үлкен ғимарат, ал соның қасынан ұжым қызметкерлері үшін көппәтерлі үй салынды. Әрине, бұл айтылған шаралар сол кездегі Қазақстан Үкіметі басшыларының және Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Е.Есеновтің тікелей қолдауымен, басшылығымен жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Әдетте сейсмология ғылымының айналысатын мәселелері өте көп. Солардың ішінде халық шаруашылығы үшін маңыздысы екеу. Оның біріншісі – аймақтың сейсмикалық қауіптілігін анықтау болса, екіншісі – жер сілкінуін алдын ала болжау. Бұл екі бағыттың да түпкі мақсаты – болашақ зілзаланың зардабын азайту.
Биыл Қазақстанда сейсмология ғылымының бастау алғанына 56 жыл толып отыр. Өткен жылдар ішінде сейсмология институты (1976 жылға дейін сейсмология бөлімі) айтылған мәселелердің ғылыми негіздерін жасауға бағытталған көптеген іргелі және қолданбалы бағдарламаларды іске асырып, ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, еліміздің оңтүстігінде және Алматы қаласы маңында жер сілкінулерін жазып алатын сейсмикалық станциялар жүйесі іске қосылды. Одан бөлек, Медеуде, Түргенде және Күртіде сол кездегі Одақ көлемінде теңдесі жоқ геофизикалық обсерваториялар және Алматы қаласында Орталық сейсмикалық станция ашылды.

Одақта бірінші болып әртүрлі сейсмикалық, геофизикалық, гидрогеологиялық және биологиялық бақылау жүйелерімен жабдықталған Алматы болжау полигоны іске қосылды. Полигон жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік арнаулы экспедиция құрылды. Полигон жұмысы барысында алынған мәліметтерді талдап, саралап, әртүрлі мерзімді болжау қорытындыларын жасау үшін Ведомствоаралық жер сілкінуін болжау комиссиясы жұмысын бастады. Сейсмикалық қауіптілікті аңықтаудың және жер сілкінуін болжаудың әртүрлі деңгейдегі ғылыми негіздері жасалды. Бірнеше дүркін Қазақстанның, оның облыстарының және қалаларының қауіптілігін анықтайтын сейсмикалық аудандар және ықшамаудандар карталары жасалып, құрылыс салу ережелеріне кіргізілді. Қытай, Жапония, Ресей, Орталық Азия елдерінің сейсмолог-ғалымдарымен бірге көптеген іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіліп, конференциялар мен симпозиумдар өткізілді. Ресейдің жер физикасы институтының белгілі ғалымдарының көмегімен, жетекшілігімен институт мамандары сейсмология саласынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады. Мұндай жетістіктерді тізе берсек, жүйелі жұмыстың жемісі болғанын көруге болады. Алайда олардың көбінің өткен ғасырдың 70-ші және 80-ші жылдарында іске асқанын есте ұстаған жөн. Өйткені сол жылдары сейсмология ғылымының дамуына мемлекет тарапынан әрдайым көмек көрсетіліп отырды.
Бірақ мұндай жағдай 1980-ші жылдардың екінші жартысынан бастап күрт өзгерді. Еліміз басынан кешірген қайта құру, КСРО-ның ыдырауы, нарықтық экономикаға кіру және тағы басқа ірілі-кішілі реформалар отандық ғылымның дамуына кедергі болғаны анық. Қазақстанның Ғылым академиясы «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» (ЖШС) болып өзгерді. Ізінше сейсмология институты мен Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы ЖШС-ға айналып, Білім және ғылым министрлігіне берілді. Одан кейін «Ғылыми зерттеудің батыстық технологиясына көшу керек» деген желеумен Қазақ Ұлттық техникалық университетіне көшті. Кейіннен ЖШС «Сейсмология институты», «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» деген атпен Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына кірді. Ал 2023 жылдың аяғында аталмыш сейсмологиялық мекемелер осы министрлікте біріктіріліп, «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығы» болып құрылды. Осы өзгерістердің біреуі де сейсмология ғылымының дамуына оң әсерін тигізген жоқ. Керісінше, ғылымды қаржыландыру ауқымы төмендей берді. Бүкіл институт қызметкерлерінің айлап жалақысыз демалысқа жіберілген кездері де болды. Еңбекақының төмен және тұрақсыз болуынан ғылыми қызметкерлер, ғалымдар ғылымнан кетуге мәжбүр күйге түсті. Ал өткен ғасырдың 70-ші, 80-ші жылдары қызмет істеген ғылыми кадрлар зейнетке шығып, ақырғы нәтижесінде кадрлар тапшылығы пайда болды. Кезінде сейсмология институты мен ҚазҰТУ-дың бұл мәселені өз күштерімен шешу үшін бірнеше дүркін әрекет жасағаны белгілі. 2000-шы жылдардың басында ҚазҰТУ-дың «Геофизика» кафедрасында «сейсмология» мамандығы ашылып, бірнеше топ студент оқуға түсіп, аталмыш мамандық бойынша диплом алып шықты. Сонымен қатар ғылыми қызметкерлер білімін көтеріп, тағылымдама алу үшін сейсмология ғылымы жақсы дамыған Қытай, Жапония елдеріне ұзақ мерзімді іссапарға жіберіліп тұрды. Бірақ институтта жас мамандарға оңтайлы жағдай жасалмағандықтан, қазіргі таңда олардың бірлі-жарымы ғана сейсмология саласында қызмет етіп жүр. Егер жастарды қызықтыратын тұрғын үй, жоғары жалақы сынды әлеуметтік жағдайлар жасалатын болса, кадр тапшылығын жою үшін жоғарыда айтылған тәжірибені қайтадан жаңғыртуға болады.
Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда әлі де болса сейсмикалық жағдайы нақты анықталмаған аймақтар бар. Олардың сейсмикалық қауіптілігін анықтау үшін қазірден бастап заманауи құралдармен жабықталған жаңа сейсмикалық бақылау жүйелерін құру керек. Сонымен қатар Батыс Қазақстан өлкесінде мұнай, газ кен орындарын көп жылдар бойы қарқынды игеруге байланысты техногенді сілкіністердің пайда болу мүмкіндігі де ғалымдардың көңілін алаңдатуда. Олардың сейсмикалық жағдайын тұрақты түрде бақылап, зерттеу үшін жергілікті, ықшам бақылау жүйелері болуы керек. Сонымен қатар сейсмология ғылымының негіздерін зерттеуге бағытталған теориялық жұмыстардың керек екенін ұмытпаған жөн.
Дегенмен де жоғарыда айтылған кадр, қаржы тапшылығы, құрал-жабдықтардың ескіруі секілді көптеген қиыншылықтарға қарамастан, сейсмология институты мен Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция әртүрлі ғылыми-зертеу бағдарламалары аясында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Әдетте сейсмология ғылымы туралы сөз болғанда, Алматы қаласының сейсмикалық қауіптілігі жайлы айтпай кетуге болмайды. Тарихи деректер бойынша қала екі рет (1887, 1911) 9-10 балдық жер сілкінуін басынан кешірген. Сондықтан да Алматы облысы мен Алматы қаласының сейсмикалық жағдайы әрқашан институт ғалымдарының назарында. Жақында ғана Алматы облысының жаңа халықаралық дәрежедегі технологиялық принциптерге негізделген нақты ықтималдық сейсмикалық аудандау картасы жасалды. Алматы қаласының жердің беткі қабаттарының сілкініс күшіне әсерін анықтайтын ықтималдық сейсмикалық микроаудандау картасы да қазіргі таңда іске қосылған. Қаланың сейсмикалық берік құрылыс салудың мемлекеттік стандарты болып саналатын арнаулы ережелері де бар. Енді қалғаны – айтылған құжаттарға сүйеніп берік құрылыс салу. Жоғарыда айтылғандай, сейсмология ғылымының тағы бір басты мақсаты – зілзаланы алдын ала болжау. Бұл тұрғыда Қазақстандағы жер сілкіну қауіптілігі ғалымдардың үздіксіз бақылауында. Бұл зерттеулердің басты орталығы болып сейсмология институты мен Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы саналады. Соңғы өзгерістерге сәйкес, олар қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» деп аталады. Сейсмология институты ғалымдары болжам саласында үш сатылы стратегияны қолданады. Бұл стратегия бойынша болжам жүйесі үш кезеңнен тұрады: ұзақ мерзімді (жылдар), орта мерзімді (айлар) және қысқа мерзімді (тәуліктер, апта). Ұзақ мерзімді болжам деп алдағы 5-10 жыл, ал орта мерзімді болжам деп 12 ай аралығында күшті жер сілкіністері ошақтары орналасатын ықтимал аймақтарды бөліп көрсетуді айтады. Қысқа мерзімді болжам кезінде жақын арада болатын (тәуліктер немесе апта) ықтималды жер сілкінісінің орны, күші (магнитудасы) жоғары дәлдікпен анықталуы қажет. Қазіргі таңда ұзақ және орта мерзімді болжамдар аясында үміттендірерліктей қорытындылар алынуда. Жүргізілген іргелі ғылыми зерттеулер нәтижесінде, сапасы жоғары ұзақ және орта мерзімді сейсмикалық болжау карталарын жасауға мүмкіндік туды. Мұндай карталар ықтималды зілзала апатынан туындайтын шығын мөлшерін азайту мақсатында, алдын ала республикалық директивті органдардың сақтану шараларын жүргізуі үшін кеңінен пайдаланылуда. Ұзақ және орта мерзімді болжам карталарын жасау бүгінгі таңда әлемде дамыған жер сілкінісі дайындық модельдеріне қоса сейсмология институтында жасалған сейсмикалық режимнің, ірі сілкіністердің пайда болуының және болжам модельдеріне негізделген. Қысқа мерзімді болжам мәселесіне келетін болсақ, мұндай зерттеулер арнайы құрылған болжам полигондары аясында жүргізіледі. Мұндай полигон Қазақстан жерінде тек Алматы облысы аймағында орналасқан. Қазір бұл полигонда үздіксіз режимде 50-ден астам сейсмологиялық, геофизикалық, гидрохимиялық, деформациялық және өзге де станциялар жұмыс істеуде (әкімдік тұрғысынан олар Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция құрамына кіреді). Аталмыш станциялардан алынған мағлұматтар шұғыл (оперативті) режимде сейсмология институтына жеткізіліп, оның құрамындағы ғылыми зертханаларында өңделіп, талданады. Аптасына бір рет бұл нәтижелер сейсмология институтында арнайы құрылған болжам комиссиясында жан-жақты қаралып, жақын тәуліктер аралығында күшті жер сілкінісі ықтималдығы жайлы қорытынды шешім қабылданады. Шешім Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым министрліктеріне, Алматы қалалық, облыстық әкімдіктеріне және басқа да арнайы өкілетті құрылымдарға жіберіледі. Іс жүзінде, менің осы сейсмология институтында (1976 жылға дейін сейсмология бөлім) істеген жарты ғасырдан астам уақыт арасында, талай рет қысқа мерзімді болжам берген кездеріміз болды. Өкінішке қарай, егер болжам туралы мағлұмат «сыртқа» шығып кетсе, көрсетілген аймақта міндетті түрде дүрбелең басталады. Мұндай оқиға 2009 жылы Тараз қаласында болды. Берілген қысқа мерзімді болжам белгісіз себептермен халық арасына тарап, лезде алыпқашпа сөздер, дүдәмал жорамалдар бел алды. Әсіресе Тараз қаласынан жоғары орналасқан «Киров» су қоймасының бөгеті қирап, су тасқыны Таразды жуып кетеді» деген қауесет тұрғындарды қатты абыржытып, олардың үрейін ұшырды. Қала халқы реті келген көлікпен жан-жаққа қаша бастады. Билік органдары жағдайды әрең дегенде қалпына келтірді. Соңғы кезде ғалымдар арасында шұғыл (оперативті) болжам жөнінде пікірталас жүріп жатыр. Бұл болжам бойынша алдағы сағаттарда немесе бір тәулік ішінде болатын зілзаланың күші, орны аса дәлдікпен аңықталуы қажет. Болжам нәтижесінде жалпылама дабыл қағылып, тұрғын халық қауіпсіз аймақтарға көшірілуі керек. Әрине, кейінгі кезде қазіргі заманауи әдістерді пайдалана отырып мамандардың жер сілкінісі болатыны туралы шұғыл болжам айтқан кездері де болды. Бұл саладағы жетістіктердің қатарына 1975 жылы 4 ақпандағы Қытайдың Ляонин провинциясындағы Хайчен қаласында болған магнитудасы 7,3, күші 9 балл күшті зілзала апатын айта кеткен жөн. Дер кезінде тұрғын халық зілзала қауіптілігі туралы хабардар етіліп, арнайы қызмет органдарының дайындық деңгейі көтеріліп, қажетті іс-шаралар толығынан қамтамасыз етілді. Дабыл қағылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң болған апаттан жүздеген үйлер, мекемелер, зауыттар қирады. Уақытында айтылған болжамның арқасында тұрғын халық арасында шығын аз болды. 1887 жылы 9 маусымда Алматы қаласының оңтүстігінде болған магнитудасы 7,3 (күші – 9-10 балл) Верный апатының алдынан 5 минут бұрын күші 5 балдық дүмпу (форшок) сезіліп, қала тұрғындарының көбі далаға қашып шығып, аман қалған. Тап осындай жағдай 1970 жылы 5 маусымда Солтүстік Қырғызстан аймағында тіркелген магнитудасы 6,8 (күші – 8-9 балл) Сарықамыш зілзаласы кезінде де болған. Негізгі сілкіністен 11 минут бұрын күші 4-5 балдық форшоктың әсерінен тұрғындар далаға шығып үлгірген. Іс жүзінде шұғыл болжам саласында басқа да сәтті болжамдар болған. Дегенмен олардың саны көп емес. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда арнайы заманауи аспаптардың жетіспеуі, бақылау пункттерінен алынған деректерді орталыққа жеткізу және оларды оперативті режимде өңдеудің автоматтандырылған өңдеу жүйесінің болмауы аталмыш зерттеулерді жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да жер сілкінісін алдын ала шұғыл мерзімді болжау – әзірге сейсмологияның болашақтағы басты проблемасының бірі болып қалып отыр.
Айта кететін жайт, қысқа, шұғыл мерзімді болжамдарға қатал талаптар қойылады. Іс жүзінде мұндай болжамдарда ықтималды жер сілкінісінің болатын орны, күші мен уақыты жоғары дәлдікпен анықталуы қажет. Олай болмаған жағдайда, болжам жасалған аймақ үшін бұл үлкен зардап әкелуі мүмкін. Тұрғын халық арасында әлеуметтік дағдарыстар туындап, іскерлік белсенділік төмендеп, экономикалық құлдырау және өзге де өзгерістер болуы ықтимал.
Осы орайда, ғылымдар арасында «жер сілкінуін болжаудың сенімділігі өте жоғары, шындыққа жанасатын тәсілдері табылғанша болжам беруге болмайды» деген пікір де бар екенін еске алған артық емес. Бұл жөнінде айтарым: жер сілкінуі – көптеген себептердің (факторлардың) әсерлерінің өзара байланысының нәтижесінде пайда болатын табиғаттың күрделі құбылыстарының бірі. Сондықтан да оны зерттеуге, кейінгі кезде ғылым мен техниканың біраз салаларында кеңінен таралған, ықтималдық теориясының қағидаларын қолдану жөн деп ойлаймын. Бұл теория ұстанымдары бойынша зерттеу нәтижелері зілзала болу мүмкіндігі, тіпті аймақтың сейсмикалық қауіптілігі де ықтималды шамалармен анықталады. Сондықтан да зілзаланы болжау барысында ықтималдығы аз мүмкіндіктерді де іс жүзінде пайдалану керек.
23 қаңтарда болған жер сілкінісінен кейін БАҚ-та зілзаланы алдын ала хабарлау жүйесі туралы көптеген сұрақтар, пікірлер туындады. Шынында да, мұндай жүйенің ғылыми дәйектемесі зілзала әсерінің ошақ магнитудасына байланысы, оның арақашықтықта таралу жылдамдығы және ірі сілкіністердің пайда болу зоналарының аймақтық таралуы және т.б. ғалымдарға белгілі физикалық заңдылықтарға негізделген. Соңғы жылдары жүйені құрып, іске қосу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жиырмадан астам арнаулы сейсмикалық станциялар сатып алып, оларды Алматы маңына орналастырған. Ал хабарлау жүйесінің әдістемелік негіздерін сейсмология институтының мамандары жасап, оның нәтижелерін ТЖМ-ның салалас департаментіне берген. ТЖМ өкілдерінің баспасөз бетіне берілген хабарлары бойынша, жүйе жұмысқа жарамды деп табылған, ал ол қазіргі таңда тестілеу және техникалық тексерістен өткізіліп жатқан көрінеді. Жүйе қаладан қашықтығы 60 шақырымнан аспайтын жақын зілзаланың Алматыға әсерін 5-10 секунд, ал 200 шақырымдай алыс сілкініс бірнеше ондаған секунд бұрын хабарлай алады. Әрине, ол жүйе толығымен автоматтандырылған кезде ғана іске асатынын есте ұстаған жөн.
БАҚ бетіндегі соңғы ресми хабарлар бойынша, 23 қаңтардағы сілкіністен кейін Алматы қаласында 69 адам жарақат алып, 3 ересек адам және 5 бала ауруханаға түскен. Қалада оқтын-оқтын болып тұратын қатардағы 5 балды сілкіністің салдарының қалыпты жағдайдағыдан биік болуының кейбір себептерін осы мақала басында келтіргенмін. Бірақ оның ең басты себебі зілзалаға қарсы дайындық деңгейінің төмен болуында деп ойлаймын. Сейсмикалық белсенді аймақтарда ерте ме, кеш пе, күшті жер сілкінуі болатыны сөзсіз. Сондықтан да халық арасында кең тараған «бүгін немесе биыл бола қоймас» деген салғырттық орынсыз. Әрбір адам жер сілкінуі туралы деректерді жеке меңгеріп, егер мұндай бола қалған жағдайда өзін-өзі қалай ұстайтынын, қандай әрекет, іс-қымыл жасайтынын жетік білуі керек. Табиғи апатқа алдын ала психологиялық түрде дайын болу, қиын-қыстау жағдайда өте шалт (автоматты) түрде дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай сәтте әр адамның өмірі тек өзінің ғана қолында десек артық болмайды.
Осыған мысал ретінде жоғарыда айтылған Алматы қаласының жанында 1887 жылы болған Верный жер сілкінісін келтіруге болады. Апат кезінде 332 адам қаза болып, 800-дей тұрғын жарақаттанған. Қаладағы 1 799 кірпіштен салынған үй толығымен қираған. Ондаған тұрғынның психикасы бұзылып, 7 адамның толығымен есі ауып кеткен. Бұл деректер келесідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қала салынған 1865 жылдан бастап тұрғындар ішінде ірілері де бар біраз жерасты дүмпулерін бастан кешірсе де, аймақтың сейсмикалық қауіптілігі дұрыс анықталмаған. Нәтижесінде, тұрғын үй салуға жергілікті арзан құрылыс материалы – сабан-кірпішті қолдануға рұқсат етілген. Ал олар жоғарыда айтылғандай, толығымен қирап қалған. Абырой болғанда, негізгі апат алдынан 5 минут бұрын 5 балдық форшок (шұғыл болжамның бір белгісі) болып, қала халқы далаға шығып үлгірген. Әйтпесе адам шығыны бірнеше мыңмен саналатыны сөзсіз еді. Қаза болған 332 адамның жартысына жуығы жас балалар, ал екінші жартысы түрмеге қамалғандар болды. Мұның себебі, форшок кезінде ересек адамдар жас балаларын тастап, өздері қашып шыққан. Ал түрме қарауылдары абақтыда отырғандарды ұмытып, түрме есіктері апат кезінде жабулы күйінде қалған.
Келтірілген қысқаша мәліметтер зілзала апатына қарсы дайындықтың қандай түрі (мемлекет деңгейіндегі, ұжым аумағындағы немесе жеке азаматтар арасындағы) болса да, жоғары дәрежеде болу керек екенін көрсетеді. Сөз соңында айтарым, қазіргі таңда қоғамда және билік органдарында отандық ғылымға деген оң пікір қалыптасып келе жатқаны белгілі. Қазақстан Ғылым академиясы Президенттің тікелей қарамағына көшіп, марапатының өсуі осының бір дәлелі деп ойлаймын. 23 қаңтарда болған жер сілкінісіне байланысты Президент Қ.К.Тоқаев Алматыға шұғыл ұшып келіп, қаланың сейсмикалық қауіпсіздігі туралы арнайы жиналыс өткізіп, құзырлы органдар мен мекемелерге тапсырмалар жүктегені Қазақстан сейсмология ғылымының жай-жағдайы Президенттің назарынан тыс емес екенін білдіреді. Жақында ғана Алматы қаласының әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздікке бағытталған жаңа басқарма құрылды. Олай болса, сейсмология ғылымын көптен ақсатып жүрген қаржыландыру мәселесі де өз шешімін табар деп үміттенемін. Ата-бабамыз жер сілкінуін зілзала деп тегін атамаған. Ол – тілсіз жау. Сақтансақ, сақталамыз. Аман болайық, ағайын! Атам қазақ «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Олай болса, келешек жылдары да өзім 56 жыл тер төгіп келе жатқан Қазақстанның сейсмология ғылымы мен сейсмология институтының жақсарып, жаңарып, жаңа табыстарға жете беретініне кәміл сенемін.

Алуадин СЫДЫҚОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.