Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзі жайлы мәліметті нақтыламаған азамат жер телімін ала алмайды

0 704

Бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағынан жер телімін алу үшін кезекте 115 мыңға жуық азамат тұр. Облыс орталығындағы халық саны жыл санап өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл тізімнің толықпаса, азаймайтыны анық. Сондықтан шаһар тұрғындарының кезегімен жер алуын ұйымдастыру аса жауапты іс болып отыр. Осы орайда біз Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменовтен аталған бағытта жүріп жатқан жұмыстардың жайын білген едік.

– Темірхан Талхайұлы, қала аумағындағы жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Үй салу үшін жер учаскесін алу тараздықтар үшін өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Аталған мақсатпен 2005 жылдан биылға дейін 115 мыңға жуық азамат кезекке тұрған. 2021-2022 жылдар ішінде 2005-2006 жылы жер алуға өтініш берген кісілерге «Шалғай Қарасу», «Көлтоған» тұрғын алқаптарынан жер телімдері берілді. Қазіргі таңда да осы жылдарда өтініш берген азаматтарға жер беру жалғасуда.

– Өзіңіз атап өткен жылдары кезекке тұрғанымен, әлі күнге өзіне тиесілі теліміне жете алмай жүргендер баршылық. Оған не себеп болып отыр?

– 2005 жылы 1 185 адам кезекке тұрған. Олардың ішінде 1 мыңнан астамының мәліметтері толық емес. Ал жалпы кезектегі 115 мың адамның 30 мыңға жуығы жайлы ақпарат нақтыланбаған. Ол не деген сөз? Мәселен, аталған жылы кезекке тұрған азамат қағаз түрінде өткізген өтініште тегі мен есімінің бас әрпін ғана көрсеткен. Ары қарайғы өзі мен әкесінің аты, ЖСН нөмірі секілді мәліметі толық емес. Сол секілді, 2005 жылғы мекенжайы бойынша қазір тұрмайтын адамдар да бар. Біз олардың кезегі келгені жайында хабарлама хат жолдағанымызда, бізге көрсетілген мекенжай бойынша мұндай азаматтың тұрмайтыны жайында жауап келіп жатыр. Осындай тұрғындардың мәліметтерін нақтылау мақсатында біз жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерде хабарландырулар жариялап, кезекке тұрған тараздықтарды қалалық жер қатынастары бөліміне келіп, өз мәліметтерін жаңартуларын сұрап жатырмыз. Бізге келіп, өзі туралы ақпаратты растаған жағдайда оларға кезегі бойынша жер телімі беріледі.

– Кезекті өзектілендіру жұмыстары нәтижесін беріп жатыр ма?

– Осы жылдың қаңтар айынан бастап жүргізілген кезектегі азаматтардың мәліметтерін нақтылау жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңға дейін бөлімге 3 400 адам келіп, оның 3 291-і өздері жайлы ақпаратты дұрыстады.

– Демек, келер жылдан бастап 2007 жылы кезекке тұрған азаматтарға жер беріледі ғой?

– Бізге келетін көп тұрғындар осылай ойлайды. Алайда іс жүзіндегі жағдай мүлде басқа. Жоғарыда айтқанымдай, 2005-2006 жылы жер алуға өтініш бергендердің басым көпшілігінің мәліметтері толық емес. Осыған орай 2005 жылы кезекке тұрған 156 азаматтың ғана мәліметі толық болуына байланысты осы тұрғындар өз жерлерін алды. Бүгінгі таңда қалған тараздықтарды іздестіру, мәліметтерін нақтылау жұмыстары жүруде. Осылайша қазірге дейін 2006 жылдың маусым айына дейін кезекке тұрғандарға ғана жер берілді. Осы жылдары өтінім берген азаматтар толық жер алған соң ғана кезек ары қарай жылжиды.

– Ал игерілмеген жер телімдерін қайтару жұмыстары қалай жүруде?

– Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 138 игерілмеген, 96 бос жатқан телім анықталып, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аталған учаскелер қайтарылған соң, кезекте тұрған азаматтарға қайта беріледі.

– Қазіргі таңда қаламыздың қай аумақтарынан жер беріліп жатыр және алдағы уақытта қанша жер телімі өз иесін табады?

– Өздеріңізге белгілі, заң талаптары бойынша инженерлік инфрақұрылымдары жүргізілмей, жер телімдері азаматтарға берілмейді. Осыған орай, жылына 2-2,5 мың учаскені тапсыруға дайындауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде А.Асқаров көшесінің аяғындағы Орталық базарға қарама-қарсы жатқан, «Хамукат» және «Қарасай» алқаптарында инфрақұрылым жүргізу көзделуде. Ал 2020-2021 жылдары 1 460 жер телімі дайын болса, оның 1 116-сы тұрғындарға берілді. Қалғандарының құжаттары рәсімделуде.

– Жер кезегіне тұрудағы жаңашылдықтар жайында не айтасыз?

– Бұрындары кезек қағаз жүзінде өтініш беру арқылы жүргізіліп келген. 2022 жылдың наурыз айынан бастап бұл процесс электронды форматқа көшірілді. Осы мақсатта бүгінгі күнге Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры деп аталатын жүйе жұмыс істеп тұр. Кез келген азамат осы жүйе арқылы онлайн режимде өзін жер кезегіне қоюына және кезектен алуына болады. Яғни бұрынғыдай әкімдік пен жер қатынастары бөліміне барудың қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.