Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымына дайындық жіті назарда

0 1  021

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қорғанбаев Құдайберген баяндама жасап, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша өңірлік штабтың жұмысына жан-жақты тоқталды.
Оның айтуынша, облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар, олармен жалпы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілмек.
– Отын-энергетика кешендерімен жоспарланған жылыту маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 9,862 миллиард теңге қаралып отыр. Қаржының басым бөлігі «Т.И. Батуров ат. Жамбыл ГРЭС-і» АҚ есебінен 6,1 миллиард теңге қарастырылған.
Бюджет есебінен «Таразэнергоорталық» АҚ-ның РК-4 қазандығына қосымша қазандар сатып алуға 932,8, М-1 жылу магистраліне 1 067,5, Жаңатас қаласының қазанды-ғын қайта жаңғыртуға және жылу желілерін ауыстыруға 653,6, Қаратау қаласының жылу желілерін күрделі жөндеуге және мазут шаруашылығы мен қазандарын жөндеуге 171,5 миллион теңге бөлу жоспарланған.
Бүгінгі таңда отын-энергетика кешендерімен жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылып, өңірлік штабтың тұрақты бақылауында, – деді басқарма басшысы.
Cондай-ақ облыс бойынша 350,7 шақырым жылу желілері бар десек, олардың тозу деңгейі 56,7 пайызды құрайды, яғни 199 шақырым жылу желілері ауыстыруды қажет етеді.
Ағымдағы жылдың соңына дейін тозу деңгейін 55,5 пайызға төмендету жоспарланған.
– Тұрғын үйлердің дайындығын тексеру мақсатында Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы үйлердің жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, 72 проблемалық тұрғын үй анықталды. Олар бойынша жол картасы мен іс-шаралар жоспары әзірленді.
Аталған тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін әкімдіктер тарапынан тұрғындар, басқару органдары арасында және демеушілер есебінен тиісті жұмыстарды жеделдету қажет, – деді Құдайберген Нұрсерікұлы.
Басқосуда әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы, қазандықтарды газға ауыстыру бойынша тиісті басқарма басшыларының да есебі тыңдалды.
Облыс әкімі бірқатар мәселелер бойынша Тараз қаласы және аудан әкімдерінен, жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын басшыларынан жауаптар алды.
– Қажетті қаражат қаралған. Оның нақты нәтижесі болуы тиіс. Жұмыстарды ешқандай кедергісіз орындап, жылыту маусымына толығымен дайын болуымыз керек. Тұрғын үйлермен қатар мектептер, мәдениет және спорт нысандары да жылы болуы керек. Сонда ғана балалардың уайымсыз білім алуына, мәдени, спорттық үйірмелермен қамтуға жағдай жасай аламыз, – дей келе Нұржан Молдиярұлы жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар аймақ басшысы барлық нысандарда және инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылауға алуды, жылу желілерін техникалық тексеру жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтауды, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының 15 қыркүйекке дейін аяқталуын қамтамасыз етуді, білім нысандарының 1 кыркүйекке дейін дайын болуын, көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын 20 кыркүйекке дейін аяқтап, әзірлік паспорттарын жасауды тапсырды.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.