Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Химия өндірісінің алпауыты

0 637

«Қазфосфат» ЖШС химия өндірісі саласының алпауыты екені белгілі. Кәсіпорын өнімдері елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталады. Сондықтан да өндіріс орны Жамбыл облысының ғана емес, мемлекетіміздің мақтанышы екені хақ.

«Қазфосфат» ЖШС-ның іргетасы 1999 жылы 27 қазанда қаланды. Қазіргі таңда кәсіпорында 3 244 адам еңбек етіп, ел игілігі үшін аянбай тер төгуде.
– Кәсіпорынның басты өнімі – NP 10-46 аммофосы. Бұл – өнімділікті арттыратын, өсімдіктердің тамыр жүйесін күшейтетін және олардың бейімделу қабілетін жақсартатын тиімді фосфор-азот тыңайтқышы. Өнім Қазақстанның ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады және Еуропа елдеріне, Орталық Азия мен Ресей Федерациясына экспортталады. Зауыт жылына шамамен 600 тонна аммофос өндіреді. Бұл өнім – жай ғана тыңайтқыш емес. Ол – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне, аграрлық сектордың тұрақты дамуына және Қазақстанның халықаралық аренада сенімді экспорттаушы ретіндегі беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы кездегі сыртқы факторлар біздің компанияның қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етті. Өнімнің бағасы төмендеп, кейбір нарықта қол жетімді болмады. Газ, электр энергиясы, теміржол тарифі сынды тұрақты шығындар өсті. Қиындықты еңсеру үшін компания акционерлері 200 миллион АҚШ долларынан астам қаржы құйып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұдырықша жұмылған бірлікті көрсетті.
Уақытша қаржылық қиындықтарға қарамастан компания қызметкерлер алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін орындап, олардың өмір сапасын арттыру бағытынан айныған жоқ, – дейді «Қазфосфат» ЖШС бас директорының әлеуметтік даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары Ерсін Сариев.
Бүгінгі таңға өндіріс орнындағы орташа жалақы 474 165 теңгені құрайды. 2021 жылдан бастап 13-ші жалақы төленсе, 2022 жылдан аз қамтылған қызметкерлердің отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұдан бөлек, кәсіби мерекелер қарсаңында сыйақылар төленіп отырады. Инфляция деңгейін ескере отырып, мамыр айында жұмысшылардың жалақысын тағы 10 пайызға көтеру жоспарлануда. 2024 жылғы 1 маусымда жаңартылған ұжымдық шартқа қол қойылып, қазіргі таңда барлық баптары толық көлемде орындалуда.
«Қазфосфат» ЖШС-да қызметкерлерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ерекше назарда. Асханалар заманауи жабдықтармен жабдықталып, жұмысшыларға компания есебінен тегін ыстық тамақ берілуде.
Тұрғын үй бағдарламасын жандандыруда компанияның ұстанған бағыты айқын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сарабдал саясатын қолдай отырып, кәсіпорын мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше екпін беруде. Оған дәлел, «Қазфосфат» ЖШС Қаратау қаласындағы көппәтерлі үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ 2022 жылы компания басшылығы қызметкерлеріне 72 пәтердің кілтін табыс етті. Қызметкерлердің балаларының бос уақытын тиімді пайдалану үшін үй жанынан баскетбол мен футбол алаңдары бой көтеріп, воркаут аймағы бар жаңа саябақтар да пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға 1 367 млн теңге инвестиция бағытталған.
«Қазфосфат» ЖШС-нің теңгерімінде Тараз қаласындағы «Жастар үйі» жатақханасы да бар. Жатақхана 54 бөлмеден тұратын болса, оның кілті кәсіпорынның 35 жасқа дейінгі жас, сондай-ақ отбасылы қызметкерлеріне берілуде.
Компания қызметкерлерінің денсаулығына көңіл бөлуді де маңызды міндет етіп отыр. Қызметкерлердің демалуына және санаторий-профилактикалық ем алуына қолайлы және ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінің емдеу-сауықтыру блогы мен 5 корпусына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жиһаз, интерьер және тұрмыстық техника толығымен жаңартылып, шипажай аумағы толықтай абаттандырылған. Сондай-ақ емдеу-сауықтыру процедураларының тізбесін кеңейту мақсатында жаңа медициналық жабдықтар сатып алынған. Осының арқасында жылына 1 000-нан аса қызметкер денсаулығын сауықтыруда. Салынған инвестиция сомасы 580 млн теңгені құрайды.
Компания теңгеріміне «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері де енген. Мұнда бір маусымда 250-ден аса кәсіпорын қызметкерлерінің балалары демалуда.
– «Қазфосфат» ЖШС тек өз қызметкерлеріне ғана жағдай жасап қоймай, 2022-2025 жылдар аралығында өңір тұрғындарына жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгені құрайтын қолдау көрсетті. Бұл қаражат денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық бастамаларды қолдау мен абаттандыру және қайта жаңғырту жұмыстарына бағытталды.
Сонымен қатар компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, кәсіби шеберліктерін шыңдау бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатымен 2023 жылы 19 қаңтарда Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ және «Қазфосфат» ЖШС арасында қос диплом бағдарламасы шеңберінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Осы мәміле аясында енді оқу орнын бітірген түлектер кәсіпорынға бірден жұмысқа алынады.
Компаниямыздың алға қойған жоспары да жұмыр. 2030 жылға қарай минералды тыңайтқыштың өндірісін арттыру көзделуде. Ол үшін жұмыс істеп тұрған қуаттарды жаңғырту бойынша ауқымды бастамалар қолға алынуда. Мақсатты жобамыздың бірі – Жаңатас қаласында қуаттылығы 1 млн тонна аммофос өндіруге қауқарлы жаңа химия кешенін салу көзделуде. Жобаны іске асыру мерзімі – 2028 жыл. Жобаның мақсаты – MAP, DAP және NPK(S) премиум брендтерімен өнім ассортиментін кеңейту. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашу, – дейді Ерсін Сариев.
«Қазфосфат» компаниясының қызметкерлері қоғамдағы маңызды науқандардан ешқашан шет қалған емес. Түрлі деңгейдегі сайлауларға қатысып, өздерінің азаматтық көзқарастарын да білдіруде. Бұдан бөлек, қызметкерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сарабдал саясатын қолдай отырып, еліміздің баянды болашаққа бастаған әр қадамына үн қосуда. Және де бұл бағыттағы жұмыстарға одан әрі де қолдау білдіріп, мемлекетіміздің кемел келешегі үшін аянбай тер төге бермек.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.