Облыстық әкімдікте өткен кезекті аппараттық кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.
Мұндағы басты талап – жылыту маусымы кезінде тұрғындар мен мекемелердің кедергісіз әрі тұрақты жылумен қамтылуы. Ол үшін тиісті мекемелердің жұмысында ешқандай мәселе туындамауы тиіс.
Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бойынша 9 негізгі жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар десек, олармен жалпы 1 737 әлеуметтік нысан мен 1 649 көпқабат- ты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
Жиында осы кешендер мен қазандықтардың жылыту маусымына қаншалықты дайын екендігі жан-жақты пысықталды. Сондай-ақ жылу құбырларын ауыстыру және бірқатар қазандықтарды жөндеу жұмыстарының барысын сараланып, тұрғындар мен мекемелердің коммуналдық қызмет үшін қарыздарын есептеу және қайтару шараларына назар аударылды. Бұл бойынша мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы нысандардың да дайындығы туралы тиісті басқармалардың есебі тыңдалып, бірқатар аудан әкімдерінен де жауаптар алынды.
Кеңес соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылау, жылу желілерін жөндеу және көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарының қазан айына дейін аяқталуын қамтамасыз ету, автономды қазандықтар мен тұрғындарға қажетті көмірдің жеткізілуін тұрақты қадағалау, коммуналдық қарыздарды өтеу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда әкімшілік шараларды қабылдауды тапсырды.
Аман Есен