Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тектұрмас» кешені жасыл желекке бөленуде

0 272

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне ат басын бұрып, ондағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде аталған аумақтың айналасына 3 554 ағаш көшеті отырғызылуда.

– «Тектұрмас» кешені қаланың сан жылдық тарихынан сыр шертетін шаһардың символына айналды. Мұнда шаһар тұрғындарынан бөлек, өзге өңірлерден де келетін қонақтың қарасы мол. Сол себепті, кешенді жасыл желекке бөлеу – өте құптарлық шешім. Алайда, оны уақытылы күтіп-баптауды да ұмытпауымыз керек. Әсіресе, тал көшеттерін дер кезінде суарып тұруға баса мән берген жөн. Оның үстіне кешен биікте орналасқандықтан, жел жиі соғады әрі екпін қатты. Сондықтан, көшеттердің желге шыдас бермей сынып кетуі қаупі де жоқ емес. Осы жағын да мұқият ескеру керек, – деген шаһар басшысы «Ежелгі бекініс» нысанының құрылыс алаңында болып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін қала әкімі Жібек жолы көшесіне аялдап, жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл мұнда Жібек жолы көшесінен Аққозиев көшесіне дейін және Балуан шолақ көшесінің бөліктерінде жол жөндеу жұмыстары жүруі керек еді. Алайда, мердігер тиісті талаптарды орындамағандықтан келісім-шарт бұзылды. Қазіргі таңда екінші жеңімпаз «B grass» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, жұмыстар жалғасуда. Ұзындығы 1 шақырым 49 метрді құрайтын жол құрылысымен жіті танысқан қала әкімі ең әуелі сапаға көңіл бөлу керектігін қадап айтты.
– Бұл көшенің бойында көлік қозғалысы өте көп. Сондықтан, жол құрылысын ертерек аяқтамасақ, көлік кептелісі орын алады. Ал бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Дегенмен, құрылысты ертерек тәмамдаймыз деп сапаны да ұмыт қалдыруға болмайды. Осы жағына мән беріңіздер. Бастысы жұмысы жүйелі әрі тиянақты орындалса, ешқандай мәселе туындамайды, – деді шаһар басшысы.
Қазіргі таңда Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Әсіресе, тұрғындар көп шоғырланған көшелерге асфальт төселіп, жаңаша кейіпке енуде. Экономиканың қозғаушы күші саналатын жол құрылысы қала әкімі Бақытжан Орынбековтің жіті назарында. Сапалы жол шаһарға келетін туристердің де қарасын молайтары сөзсіз.
Осыдан біраз уақыт бұрын Желтоқсан көшесінде жөндеу жұмыстары басталған болатын. Төле би даңғылынан бастап Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс жұмыстары күні кеше аяқталды. Соған орай Бақытжан Әмірбекұлы бұл көшеге де арнайы барып, құрылыс сапасын көріп қайтты.
Ұзындығы 416 метрді құрайтын жолдың құрылыс жұмыстарын «B grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, техникалық қадағалаушысы – «АКГЕМ СТРОЙ» ЖШС.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.