Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымына дайындық қандай?

0 215

Биылғы жылу маусымына дайындық шараларын 15 қазанға дейін аяқтау қажет. Оның ішінде қазандықтардың, жылу, электр, су, газ желілерінің, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдениет нысандары мен тұрғын үйлердің дайындығы 1 тамызда 60 пайызға, 15 қыркүйекте 90 пайызға, 10 қазанда 100 пайызға қамтамасыз етілуі тиіс. Ал білім беру нысандарының 100 пайыздық дайындығы 1 қыркүйекке дейін бітуі керек.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков айтты. Оның мәліметінше, бүгінгі күнге облыс нысандарының жалпы дайындығы 59 пайызды құрайды. Өңірде 9 негізгі жылу энергиясын өндіруші кәсіпорындар бар. Барлық кәсіпорындармен жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары бекітіліп, қажетті қаржы көздері қарастырылған.
– Бүгінгі таңда энергия көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға отын-энергетика кешендері 1,335 миллиард м3 тауарлық газ көлеміне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен тиісті шарттар жасасты. Резервтік көмір қоры 1 260 тоннаны құраса, резервтік мазут қоры 13 143 тоннаны құрайды. Сонымен қатар жылыту маусымы кезеңінде жалпы 25,5 мың тонна әлеуметтік мазутпен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда Энергетика министрлігі тарапынан республика деңгейінде әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, мұнай өнімдерінің иелеріне бөлу кестесі бекітілуде, – деді спикер.
Руслан Орынбекұлы жалпы облыс бойынша 1646 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бүгінгі күнге жылыту маусымына дайындығы 56 пайызды құрайды.
«Жамбыл-Жылу» МКК-нің теңгерімінде барлығы 75 қазандық бар. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 43 қазандық, аудандарда 32 қазандық орналасқан. 75 қазандықтың 74-і табиғи газбен жұмыс істейді, 1 қазандық қатты отында. Кәсіпорын балансында 12,56 шақырым газ желілері, 10,095 шақырым электр желілері және 45,366 шақырым жылу жүйелері бар.
«Жамбыл-Жылу» МКК директоры Бөріхан Ниязқұловтың айтуынша, кәсіпорын қазандықтарынан 174 көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын бес ықшамауданның тұрғындары жылу энергиясын тұтынады екен. Оның ішінде 16 көпқабатты тұрғын үйге кәсіпорын келісімшарт негізінде техникалық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 115 бюджеттік мекемелер мен нысандар (ауруханалар, мектептер, балабақшалар) бар.
Кәсіпорын қазандықтарының негізгі отын қоры болып табиғи газ қолданылады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-мен табиғи газ бойынша келісімшарт жасалынған (табиғи газ көлемі – 23,1 млн м3). Қазіргі таңда кәсіпорындағы резервтік отын қоры, оның ішінде тас көмір – 600 тонна және мазут – 40 тонна (600 тонна әлеуметтік мазут алуға Жамбыл облысы энергетика басқармасына тапсырыс берілген). Жаңа 2022-2023 жылу маусымына қазандықтарды және жылу жүйелерін жөндеу үшін жалпы сомасы 155,9 миллион теңге көлемін құрайтын жұмыстар жоспарланған.
Қазіргі таңда кәсіпорын бойынша 16 қазандық штатты түрде ыстық сумен 92 тұрғын үй мен қала мекемелерін қамтамасыздандыруда. 1 тамыздан бастап жылыту маусымына дайындалу бойынша кәсіпорын жылу желілерін қысыммен тексеру және жөндеу мақсатында ыстық су беру шамамен 20 күнге тоқтатылады.

Лаура Абайқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.