Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолың болсын, «SEGIZ»!

0 325

Көркем фильм туралы көп толғанамыз, тамашалаймыз және түсіріп те жүрміз. Ал отандық киногерлердің пайымдауынша, елімізде деректі фильм индустриясы тасада келеді. Осы олқылықтың орнын толтыруды ойға алып, сапалы өнім ұсынуды мақсат тұтқан мамандар да жоқ емес. Соның бірі – жерлесіміз Ілияс Отан.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

2018 жылдың қаңтарында кейіпкеріміз жоспарларын жұптап, атқарылатын жұмыстардың барлығын нақтылап, жаңа деректі фильм түсіруге бекінеді. Әдетте мазмұны қарапайым, желісі таптаурын фильмдер көрерменнің ерекше ықыласына бөлене алмай жатады. Ал жас продюсердің мақсаты Әулиеата топырағының, қасиетті даланың бар кереметін, қойнауына бүккен сырын өзгеше көзқараста, бөлек бағытта ұсыну болды. Өз баяндауынша, ол діттегеніне жетіп, фильмнің толық нұсқасын жақын күндері жарыққа шығармақ. Деректі фильм түсіру идеясы пайда болған соң жас продюсер арнайы кастинг жариялап, 50-ге жуық ұсыныстың арасынан 8 адамды таңдап алған.

– Мен үш жылдан бері волонтерлермен тығыз жұмыс істеп келе жатырмын. Өткен жылы Жамбыл өңірінің туризм индустриясын дамыту бағытында жаңа жоба жасадым. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 8 саяхатшы Қазақстанмен жақынырақ танысу үшін жиналады. Өздеріңіз білетіндей, Жамбыл облысы өзге өңірлерден әсем табиғатымен және бай тарихымен ерекшеленеді. Бұл жердің өмір сүруге қолайлы климаты, биік мұзды таулар, өзен-көлдері, дархан даласы мен аптап шөлі, барлығы шетелдіктердің қызығушылығын бірден оятады. Фильмнің кейіпкерлері осы сұлулықтың барлығын көзбен тамашалап, ғажайыбын сезінді. Әр саяхатшы – медиа саласында айтарлықтай тәжірибесі бар, түсірілім алаңының заңдылықтарын жақсы білетін маман, – дейді Ілияс Отан.
Жамбыл топырағында саяхаттап жүрген шетелдіктердің бастан кешірген шытырман оқиғаларынан тұратын өнім «Сегіз» деп аталады. Мұндай символикалық атау фильмге қатысқан сегіз туристің құрметіне қойылса керек.

Жаңа тәжірибе әрі эксперимент ретінде түсірілген фильмде ешқандай пафос жоқ. Өнім көрермен санасына «біздің елде бәрі тамаша» деген жаттанды ойды таңбайды. Продюсердің айтуынша, бұл саяхатшылардың өз тәжірибелерінде кездескен кедергілерден, бойларына жиған әсерден туған боямасыз эмоциясын әлемге паш ететін туынды. Фильм барысында олар күнделіктеріне әр басқан қадамдары, бастан кешірген қызықтары туралы баян етеді.

– Біздің түсірілім тобы музыканы жан-тәнімен сүйетін жандар. Сол себепті фильмде музыкалық сүйемелдеуге қатты мән берілген. Кейіпкерлердің алдын-ала дайындаған композициялары, импровизацияланған әуендер, түпнұсқа болып табылатын музыкалық шығармалар фильмнің саундтрегі ретінде таңдалды. Картинада гитара, укулеле, каримба, люта, шейкер, баян, шаңқобыз, флейта сынды аспаптардың әсерлі үнімен әрленген шығармалар қолданылды. Канададан келген саяхатшы фильмнің өзі қатысатын бөлігінде «Анашым» әнін шырқады. Әлбетте, кей тұстарда құстардың үні, судың сарқырағаны, шегірткенің ысқырғаны сынды табиғи дауыстарды өз күйінде қалдырдық. Бұл фильмге шынайылық сыйлайды, – деп ойымен бөлісті жас продюсер.
Кез келген киноның басты механизмі – картинаның басты кейіпкерлері. Олар туралы бөлек баяндауға тиіспіз. Анжелика Санчез Қазақстанға Коста-Рикадан келген. Деректі фильм түсіру мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған ол фильмнің әрі кейіпкері әрі операторы болды. Америка Құрама Штаттарынан ұшып келген Брэннан Карфис Огайоның тұрғыны. Ол кейіпкерлер арасындағы ең тәжірибелі маман. Бұл жоба оның үшінші жұмысы. Хьюго Малвези есімді француз актері қазақ топырағына суретші-ақынның көзқарасымен қарай білді. Былайғы күндері актер саяхатшы ретінде де әлемді аралаумен уақыт өткізеді. Жобаға сонау алыстан қызығушылық танытып, арнайы келген. Мадле Тим – 30 жыл бұрын Қазақстанда өмір сүрген. Өмір ағымымен Эстонияға көшкен. Фильмді түсіру барысында ол сол кезеңдегі елімізді бүгінгі келбетімен салыстыра отырып, картинаға өзгеше реңк берген. Германияда әйелдер құқығымен айналысатын заңгер, қарапайым неміс азаматы Кристиан Ноак сайын далада қазақтың хас батырларындай нағыз романтикалық кейіпкерге айналып шыға келді. Канадалық Патрик Майлоу мен Кэролайн Лэндрю бимен айналысады. Ерлі-зайыптылар түсірілім барысында ерекше эмоцияларымен есте қалған. Ал сонау Ұлыбританиядан келген Алекс Леман «Сегіз»-дің сапалы шығуына ерекше атсалысқан.

«Сегіз»-дің түсірілім тобы Жамбыл облысының тарихи орталығы Тараз қаласына табан тіреп, шаһардың келбетімен танысты. Таудың құзар шыңындағы аңызға бай Көккөл көлін тамашалады. Меркі маңындағы 3000 шақырым биікте орналасқан Түркілердің ежелгі мекенінде орналасқан тас мүсіндерді қолмен ұстап, қастерлі орынды шетелдіктердің көзімен барлап қайтты. Саяхатшылар Алатау бөктеріндегі Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртып, жұлдызға қарап жол табатын көшпенділер мәдениетінің бар кереметіне куә болды.

Шетелдіктердің жергілікті тұрғындардың мақтанышы саналатын көне құсбегілік дәстүрмен жақын танысуы түсірілімнің ең қызықты сюжеттерінің бірі болған. Сондай-ақ, олар ұлттық ойын көкпардың да қалай тартысты өтетінін көріп таңданыстарын жасырмаған.

Картинаның режиссері ретінде белгілі отандық маман Алмас Мақсұттың бекітілуі бекер емес. Оның бұл бағыттағы жұмыстары үлкен мақтауға ие. Жас режиссердің туындылары өз әріптестерінің зор бағасын алып үлгерген. Өнімге деген өзгеше көзқарас пен тынымсыз еңбек картинаның сапалы әрі сәтті шығуына жол ашады. Бұл фильмді тамашалауға көпшіліктің қызығушылығы зор болары сөзсіз. Көрерменнің пікірі біз әлі барлық қырынан білмейтін «Сегіз» деректі фильмінің кемшіліктері мен ерекшеліктерін кеңінен танытарына сеніміміз кәміл. Бұл ретте сөз басында атап өткендей, Қазақстанда баяу даму үдерісінде келе жатқан деректі фильм индустриясына жерлесіміз Ілияс Отанның жаңа туындысы соны серпін беріп, жас продюсер әрі кәсіпкер бұл салада өз соқпағын салады деген үмітіміз бар. Ал бұл туынды қасиетті Қазақстанның сіз бен біз біле бермейтін бар кереметін кеңінен әрі тереңінен көрсетеді деген ойдамыз. Фильмді түсіруші топ көрермендер тағатсыздана күтіп отырған туындыны келешекте бірқатар әлемдік кинофестивальдерге ұсынбақ.

Кэролайн Лэндрю (Канада)
«Дархан далада серуендеу маған жағымды әсер сыйлады. Мен үшін көзбен көргенімді сезіну аса маңызды. Далаға келгенге дейін осы аймақтың көптеген фотосуреттерімен таныстым, бірақ суреттер жаяу жүргендегідей әсер қалдырмайды… Меркіде таңертең ерте тұрып, шатыр лагері маңындағы тауға бардым. Мені мұнда жан-жақтан таулар қоршап, би билеп, ән айттым. Бұл керемет сәт болды…»

Патрик Майлоу (Канада)
«Қазақтың қарапайым қариясын көріп бірден сәлемдестім. Екінші күні үй маңынан өтіп бара жатқанда ол мені шайға шақырды. Үстел басында орыс, қазақ тілдерінде айтқан әңгімесін мұқият тыңдадым, бірақ ештеңе түсінбедім. Ол риясыз күлді. Содан кейін менің иығымды қатты қысып, қолыма кішкентай бала сияқты тәттілер ұсынды. Бұл оқиға маған ерекше әсер қалдырды…»

«Қазақстанда алға қойған нақты мақсаттардың бірі қазақ әндерін зерттеу болды. Мен ән сұрағанда қазақтар «Анашым» әнін орындады. Табиғаты ерекше лирикалық әнді орындағанда олардың дауыстары сондай әуезді әрі тартымды естіледі екен. Музыка – мен үшін эмоцияларымды білдірудің ең жақсы тәсілі, себебі күнделікті өмірде тұйық адаммын. Интернеттен ән жүктеп, сөздерін жаттап, күн сайын әуен тыңдауды жаныммен сүйемін».

Алекс Леман (Англия)
«Мені қазақстандықтардың ас мәзірі қатты таңқалдырды. Түсірілім барысында біз көбіне ет тағамдарымен қоректендік. Бұл азықтың бәрі қайдан және қалай келіп жатқанын білгім келді. Жас кезімде осындай мәселелерге деген қызығушылық мені вегетарианға айналдырды. Алайда еттің шығу тегі туралы білмейтінімді түсіндім. Англияда біз тек малдың жұмсақ еттерін ғана сатып аламыз. Май мен сүйек бізге мүлде берілмейді. Қазақстанда жағдай басқаша екен. Малды жергілікті тұрғындар өздері өсіреді және тұтастай алғанда мұндағы тағамдар табиғи әрі сапалы. Қазақстанда бірнеше күн өткен соң ет жей бастадым. Өйткені қазақ мәдениетін барынша сезініп, ықпалдасқым келді».

Хьюго Малвези (Франция)
Алғашында Қазақстан мені аздап таңқалдырды. Қытайдан келе салып өзімді Еуропада жүргендей сезіндім. Қала, көліктер, жергілікті тұрғындар киіп жүрген киімдер – барлығы мен көзіме елестеткеннен өзгеше болып шықты. Себебі көшпенді мәдениетті ұстанған елдің өмір сүру салты да басқаша болар деп ойладым. Кейін Астана мен Алматыға автостоппен бардым. Ол жақтағы өмір мен үшін үлкен жаңалық болды…

Дала… Сондай ғажайып әрі құпияға толы. Мен бұл даланы әр түрлі жағдайда көрдім. Бірде жарқыраған күн астында, бірде толассыз жауған жаңбыр астында. Ал бірде майдалап жауған қар астында, аппақ далада жылқы мен қой айдаған шопанды көрдім. Бірнеше рет қараңғыда осы кең далада жүріп қатты шошыған кездерім де болды. Сонда да мен осы дархан далаға ғашық болдым. Оның кеңдігіне, шексіздігіне, көкжиекпен астасқан аспанына ессіз ғашық болдым».

Анжелика Санчез (Коста-Рика
«Бүкіл әлем Қазақстанда менің бақытты екенімді білуі тиіс. Мұнда мен жаңа достар таптым. Кешкі ас кезінде оларды мұқият тыңдау мені бақытты етеді. Олар маған күліп қараған сәтте олардың жүздері нұр шашып тұрады. Кейде бір-бірімізді түсінбеген сәтте әбден күліп аламыз. Қазақстанда бәрі мүмкін. Түйе сауып, шикі сүт ішіп шөл қандыруға, Кеңестен қалған ескі жүк көлігінен секіруге, кішкентай қозыны сойып, асып жеуге, тау бөктерінде үш күн бойы адасып жүруге, арасында сағаттап қыдыруға болады…»

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.