Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шараптан шаттық іздеме!

0 311

Адамзаттың кемелденуіне кесірін тигізетін теріс әдеттердің бірі – маскүнемдік. Дәуірдің ауыр дертіне айналған ішімдікке тәуелділіктің дауасы көп-ақ. Алайда жанын «жынды судан» аластаудың айласын жасамақ түгілі, азғынданудың аз-ақ алдында тұрғандардың саны саябырситын емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Үкімет отырыстарында оқтын-оқтын көтерілетін түйткілді жәйттің жай-жапсары мынадай: еліміздегі ауыр қылмыстың 60-70 пайызы ащы сусындарға құмарлар кесірінен тұрмыстық жағдайда орын алады. Бұл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан болатын қылмыс саны 46 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Ал өткен жылы 70 мың адам маскүнем ретінде тіркеуге тұрған.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан Орта Азияда ішімдікті ең көп тұтынатын елдердің тізімінде көш бастайды. Атап айтқанда, 16 жастан асатын әрбір ересек азаматқа 9 литр арақтан келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейін де есептеген. Ол жылына 8 литрден аспауы тиіс. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеп соғады.

Өңірдегі ахуал

2018 жылы Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерге алкогольге тәуелділік бойынша 5141 адам тіркелген. Оның 584-і әйел болса, 8-і жасөспірім. Ал ең жас маскүнемнің жасы небәрі 13-те. Алкогольді масаң күйге медициналық куәландыру жүргізуге тәулік бойына орташа есеппен 60-65 адам келеді. Полиция тарапынан күшейту жұмыстары жүргізілгенде 80-85 адамға дейін баратын көрінеді. Маскүнемдікке салынғандарды туыстарының өтінішімен немесе соттың арнайы шешімімен құзырлы органдар еріксіз емделуге жіберіп жатады. Ондағы емнің бәрі тегін жүргізілетінін ескерсек, бұның өзі мемлекет қоржынына қаншалықты салмақ салып жатқанын аңғару қиын емес. Өкінішке орай, бірнеше айлық емдеу курсынан өтетіндердің бәрі бірдей жынды судан біржолата бас тартып кетпейді. Ауруханадан шыға сала араққа бас қоятындар жетерлік. Санасына терең сіңіп қалған ішімдікке деген әуестік оларды емделіп шыққаннан кейін де еріксіз маскүнемдікке қайта түсіріп жатады.

Арақтың тағы бір залалы – адамдарды қылмыс жасауға итермелейтіндігі. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың 60 пайыздайы жынды судың кесірінен жасалады екен. Өткен жылдың 12 айындағы мас күйінде жасалған қылмыстар саны 704-ті құрайды. Мамандар бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға төмендегенін айтады. Алайда санасын арақ тұмандандырған адамның көлікке отыруының соңы апатқа, үлкен бақытсыз жайларға ұшырататыны айтпаса да түсінікті.

Ащы судан уланғандар мен шектен тыс пайдалану әсерінен ажал құшқандардың сандық көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Жамбыл облысында өткен жылы 755 адам ішімдіктен уланып, 17 адам қайтыс болған. Ал Таразда 198 адам спирттік ішімдікті мөлшерінен көп тұтынып ауруханада ем қабылдаса, 11 адам көз жұмған. Мұның бәрі ресми деректер ғана. Қоғамның нұқып көрсетуінен қысылып, туысының оқыста ажал құшуының негізгі себебін жасыратындар да аз емес. Осындай жәйттерден кейін ішкілікке салынып көз жұмғандардың шынайы көрсеткіштері нақтыланбайды.
Аталмыш деректерді ұсынған әр мекеме қоғамда ішімдікке тәуелділік деңгейінің азайып, мамыражай күй орнауына барынша үлес қосуға тырысып бағады. Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 2018 жылы 146 қызмет алушы қабылданған. Оның ішінде 51-і әйел, 95-і кәмелеттік жасқа толмаған бала. Жолдасының ішімдік ішу салдарынан – 23 қызмет алушы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Бұл осы мекеменің қызметіне түрлі себептер арқылы жүгінетін әйелдердің 45 пайызын құрайды. Алайда мұндай көмектерден кейін де қоғамда ішкілікке салынғандардың саны азаяр емес. Мысалы елімізде небәрі 22 наркологиялық ұйымда 2470 маскүнемді емдеуге ғана орын бар. 2017 жылы мәжбүрлеп емдеуге 5200 маскүнем жіберілген. Алайда олардың 700-ден астамы орынның жетіспеушілігінен емдеуден өтпей қалған. Екіншіден, маскүнемдерді аталған мекемелерге жіберу үшін көптеген кедергілер бар. Бұл проблеманы әкімдіктермен және мүдделі органдармен бірлесіп шешу қажет екендігін өткен жылдың маусым айында халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баса айтқан болатын. Мүдделі министрлік тарапынан жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылса да ішкілікке салыну деңгейі, соның әсерінен орын алатын қылмыстың көптігі мәселенің шешілу жолы тым тереңде екенін аңғартады.

Статистикалық мәліметтер

«Finprom» статистикалық агенттігінің жүргізген мониторингі нәтижесінде Жамбыл облысы арақты тұтыну көлемі бойынша 8-орында келеді екен. Рейтингте Ақмола облысы көш бастаса, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлері үштікте. Ал арақты ең аз тұтынатын аймақ – Түркістан облысы болып шықты. Қазақылықтың әрі мұсылмандықтың қағидаттары берік сақталған өңірміз деп төсімізді ұрғылағанымызбен жоғарыда тіркелген фактілер өңірде ішімдікке тәуелділіктің бар екенін жоққа шығармайды. Ал бір литр арақтың орташа бағасы Таразда 2114 теңгені құрайды. Еліміз бойынша 2018 жылы ішкі нарықта 10,5 миллион литр арақ сатылған. Бұл адам басына шаққанда 0,6 литрден келетінін айғақтайды. Сондай-ақ, 112,5 миллион сыра сатылып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін экспорт көлемін екі есеге азайтуға тура келген.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын дүние жүзінде алкоголь ішімдігін шамадан тыс тұтыну салдарынан 2,5 миллион адам көз жұмады. Әлемдегі маскүнемдердің 11 пайызы апта сайын ұзақ мерзімдік ішкілікке салынады. Бұл ретте олардың 30 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Бұл бойынша біздің елімізде де жағдай мәз емес. Қазақстанда соңғы айда төрт әйелдің кем дегенде біреуі 25,1 пайыз алкогольдің ең аз дегенде бір мөлшерін ішкен. 15-17 жастағы әйелдердің пайыздық үлесі 15-49 жастағы әйелдердің пайыздық үлесінен басым, яғни 1,4 пайызды құрайды. Бұл жасөспірімдер арасындағы ащы суға тәуелділік деңгейінің орта жастан жоғары екенін көрсетеді. Биологиялық тұрғыдан жетілгенімен психологиялық, сана сезімінің жетілуі тұрғысынан қарастырғанда алкогольді тұтыну жасын ұлғайту ешкімнің құқын бұзбайды. Әлі психологиялық тұрғыдан жетіліп үлгермеген жас ұрпақтың маскүнемдіктің қармағына оңай түсетіндігі белгілі. Алкоголизмнің бастауы, қайнар бұлағы осы жерде жатыр.

Маскүнемдердің анонимді клубы

Маскүнемдердің анонимді клубы елімізде бес жылдан бері жұмыс істейді. Аталмыш қауымдастықтың тарихы тереңде жатыр. 1935 жылы АҚШ-тың Огайо штатына іскерлік сапармен Нью-Йорктің бір бизнесмені барады. Бизнесмен ұзақ жылдар бойы маскүнемдікпен күрескен. Огайоның Акрон қаласында жүрген ол үлкен күрестің нәтижесінде біржола арақпен қош айтысады. Өзінің оқиғасын үлгі етіп басқа маскүнемге айтуды ұйғарады. Қауымдастық құру идеясының негізі – бір маскүнемнің өзге маскүнеммен рухани байланыс орнатуы, арақ ішпеуге шақыруы. 1939 жылы жарық көрген «Alcoholics anonymous» кітабы клуб мүшелері үшін қолдан түспейтін құнды қазына. Анонимді маскүнемдер клубына алкоголизм ауруына ұшыраған кез келген қазақстандық мүше бола алады. Тек ниеті болса болды. Өтініш бергеннен кейін АА ал адамды мүше қылып қабылдайды (жеке тұлға жайлы ақпарат құпия болып саналады). Ең бастысы адам өзінің ауру екендігін мойындауы шарт. Осыны мойындаған адам ғана бұл дертпен күресе алады және жеңіске жетеді деген жазылмаған заң бар. Мүшелік барысында ешқандай ақша-жарна алынбайды. АА-ның ешбір діни секта ұйымдармен байланысы жоқ. Жетісіне бір-екі рет «ашық» (кез келген азамат келіп қатысып, көріп, спикерлердің сөзін тыңдап кете алады), «жабық» (маскүнемдер өздерінің оқиғаларын баяндайды) басқосулар ұйымдастырылып тұрады. Мүше болу деген сөз өмірбақи басқосулардан қалмау дегенді білдірмейді. Адам қалаған уақытында қалаған жиналысқа баруға құқылы (бастысы мас күйінде бармау). Бір нәрсені ұмытпаған жөн – жиналыстар маскүнемдерге жалғыздықты жеңуге, мойымауға, артқа шегінбеуге, әрі қарай да арақ ішпеуге үндейді. Басқосуларға қатысқан адам бір жетіге жетерлік психологиялық серпіліс, қолдау алып қайтады. Клубтың жетекшісі, бастығы жоқ. Топ ашылғанда мүшелер өзара келісіммен араларынан біреуді жауапты етіп тағайындайды. Жауапты адам жиналыс уақытын анықтайды, ұсақ-түйек дүниелерді ұйымдастырумен айналысады. АА-ның өз қаражаты жоқ болғандықтан ғимаратты да жалға алады. Оның ақшасы да мүшелердің өздерінен келісіммен, қалауымен жиналады.

Бүгінгі таңда әлем бойынша 170 000 анонимді алкоголиктер топтары тіркелген. Ресей Федерациясында 400-ге жуық АА филиалы бар. Ал Қазақстандағы қауымдастықтың саны – 18. Тараз қаласындағы анонимді маскүнемдер клубы өткен жылдың 17 желтоқсанынан бастап жұмыс істейді. «Әулие-Ата» аталатын клубтың мүшелігіне бар жоғы 5-6 адам тіркелген. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 19:00-ден 20:30-ға дейін жиналып өздерінің ішімдікке әуестігі туралы мәселелерімен бөліседі. Клубқа кез келген азамат + 7 707 364 68 76 нөміріне хабарласып тіркеле алады. Айта кететін жәйт, аталмыш клубтың жанында «ащы суға» жанын беруге даяр азаматтардың туған-туыстарына психологиялық, рухани көмек көрсету үшін «Ал-анон» арнайы бірлестігі жұмыс істейді. Мұнда ішімдікке салынғандардың ата-аналары, бауырлары жиналып, ортақ чат ашып өз проблемаларымен бөліседі. Бір-біріне демеу көрсетеді. Клубқа мүше болған балаларының жетістіктерін баяндайды.

Аталмыш клубтың белсенді мүшесі Нұрлан К. есімді азамат осы қауымдастықта 5 жылдан бері тіркеуде тұрғанын айтады.
– Анонимді маскүнемдер клубына азаматтар бір ғана мәселемен келеді. Ол – ішімдекке деген тәуелділік. Олардың көбісі ішімдікті тұтыну мөлшерін де, өз өмірлерін де бақылауда ұстай алмайтын хәлге жеткендіктен соңғы мүмкіндік ретінде осы клубқа бас сұғады. Мен дәл сондай адасу жолынан өткен азаматтардың бірімін. Ішімдікке салынғаным соншалық мені екі рет мәжбүрлі түрде емделуге жөнелтті. Түрлі бақсы-балгерлерге де бардым. Ешбір әрекеттің оң әсері болған жоқ. Нәтижесінде отбасымнан айырылдым. Жұмыссыз қалдым. Туған-туыс бауырдың барлығы менен теріс айналды. Жанды жеген жалғыздық маскүнемдердің анонимді клубына келуіме себепкер болды. Осында көрсетілген көмектің нәтижесінде 4,5 жылдан бері спиртті ішімдікті татып алған жоқпын. Қазір денім сау. Клубтың жиындарынан қалмаймын. Басымнан өткен қиыншылықтар үлкен сабақ болды. Клубта белсенді болып, бүгінде басқа да ішімдікке әбден бас ұрған азаматтарға рухани қолдау көрсетіп жүрмін. Аталмыш клубта тек ішімдікке ғана емес, құмар ойындарға, есірткіге тәуелділерге арналған топтар да бар, – дейді Нұрлан.

Қалай болғанда да майданда жауды жеңу үшін кез келген әдіс-тәсілді қолдану керек. Бұл ретте анононимді маскүнемдер клубының қоғам үшін пайдасы орасан екенін кейіпкеріміздің баяндауынан бірден ұғындық.

Түйін

Бүгінде елімізде алкоголь өнімін саудалайтын 50 мыңнан астам сауда орны тіркелген. Мұның тым көп екендігін мамандар да растап отыр. Ал шет елдерде бәрі басқаша. Мысалы, Францияда 3 мың тұрғынға 1 алкоголь дүкенінен келсе, Исландияда 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға 1 дүкен келеді екен. Қазақстанда 400 тұрғынға 1 дүкеннен айналады. Әлемнің дамыған мемлекеттері алкогольге деген салықтар мен акциздерді көтеруді әлдеқашан жолға қойып, сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізуде. Ал біздің елде ішімдіктердің бағасын қымбаттату ісі айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, арақтың қымбаттауы арзан ішімдікке деген сұранысты арттырып жібереді. Кейбір дерек көздері қазірдің өзінде маскүнемдер дәріханалардан 90 пайыздық этил спиртін сатып алып жатқандығын жариялауда. Оған 2,5 есеге жуық су қосса, арақ болып шыға келеді.

Көз алдымыздағы мұндай цифрлар елімізде маскүнемдік дертінің алдын алу шараларын жүзеге асырудың қиындау екендігін ұғындырса керек. Қалай болғанда да кез келген күрмеуі қиын мәселеде ұлттық тәрбиемізге, бабалар аманат еткен ырым-тиымдарымызға жүгінетініміз белгілі. Ал қазақ қашаннан тәрбие тал бесіктен екенін айтып келеді. Әкесінің араққа сылқия тойып алғанын көрген бала есейгенде осы әдетті қайталамасына кім кепіл?! Сол себепті алдымыздағы аға буынды жөнге салмасақ та, жас ұрпақтың тағылымды дүниеге тәрбиелеу басты парызымызға айналсын дейміз. Шараптан шаттық іздеу шерменде күйге әкеліп соқтыратынын балаңыздың санасына қазірден құя бергеніңіз абзал. Жоғарыда айтылған дәйектерді саралап, бір қорытындыға келуді оқырманға қалдырамыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.