Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолдау жүктеген міндеттер жүзеге асуда

0 271

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына Жолдауында бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын.

Саяси құжатта елдің әлеуметтік, білім беру мен денсаулық сақтау және мәдениет саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта Тараз қаласында Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мәселен, Президент Жолдаудың үшінші бағытында қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құру қажеттігін алға тартқан болатын. Осы орайда, жыл басынан бері облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы ілгерілеп келеді.

Экономиканың табысты саласы – өнеркәсіп саласы десек, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында қала кәсіпорындары 183 миллиард 998,4 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп, физикалық индекс көлемі 104,6 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 29 миллиард 929,9 миллион теңгеге артық өнім өндірілген. Халықтың жан басына шаққандағы (357,9 мың тұрғын) өнеркәсіп өндірісінің көлемі 514,1 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 432,4 мың теңге). Химия саласы қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің негізін құраушы сала болып табылады. Бұл саладағы «Қазфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 94 миллиард 931,8 миллион теңгенің өнімдерін өндірген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 24 миллиард 157,2 миллион теңгеге артық. Жалпы өнеркәсіп шығарған өнімдегі олардың үлес салмағы 51,6 пайызды құрайды. Биыл Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 4 миллиард 47 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобаларда қосымша 447 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Ал келесі жылы жалпы құны 22 миллиард 251 милллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 264 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облыстық аймақтық үйлестіру кеңесіне қосымша 2 жоба ұсынылса, Қазақстанның индустриалды картасынан тыс бір инвестициялық жоба іске асырылуда.

Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 48 млрд 131,5 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 112,7% құрады (2018 жылы – 41 млрд 59,1 млн теңге). Халықтың жан басына шаққандағы (358,2 мың тұрғын) негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 134,5 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 115,2 мың теңге).

Инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджеттік салымдар 22 млрд 873,5 млн теңгені құрап, 30,5%-ға (2018 жыл – 17 523,7 млн теңге), шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары 23 млрд 568,3 млн теңге немесе 2,7%-ға (2018 жыл – 22 949,4 млн теңге), банктерден несиелер және басқа да қарызға алынған қаражаттар 1 млрд 689,7 млн теңгені құрап, 2,9 есеге өскен (2018 жыл – 586,3 млн теңге).

Сондай-ақ Жолдаудағы «Квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру» тармағында Мемлекет басшысы: «Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты», – деп атап өткен еді. Бұл бағытта облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жанындағы Әлеуетті инвесторларға қызмет көрсету орталығымен бірлесе «Қарапайым заттардың экономикасы» бағытын дамыту көзделіп отыр. Онда бизнес-жобаларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 миллиард теңге көлеміндегі қолжетімді несиенің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның 400 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, ал 200 миллиард теңгесі агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеуге бағытталмақ. Жеңілдетілген несие бойынша екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 пайызбен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 пайызбен өтейді. Бір айта кетерлігі, аталған бағдарлама бойынша кредиттің ең жоғарғы сомасы шектелмеген. Бағдарлама бойынша халық күнделікті тұтынатын 365-ке (67 ОКЭД) жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған тауарлардың қатарында костюм, көйлек, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар. Бүгінгі таңда қаладағы 899 шағын орта бизнес субъектілеріне сауалнама жүргізіліп, оның 154,1 млн теңгеге 40 жоба іріктеліп алынды. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай өз жалғасын табатын болады.

Қайсар САРЫТАЙ,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.