Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шешімін күткен шаруа көп

0 225

К.Э.Циолковский атындағы №7 орта мектептің қабырғасында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев шаһар тұрғындарымен кездесіп, бірқатар қордаланған мәселелердің мән-жайын тыңдады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Облыс орталығының басшысымен бірге жиынға «Тараз-Су» КММ-нің инженері Шүкірғали Ахимов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов қатысып, өз салалары бойынша сауалдарға жауап берді. Ең бірінші болып Рысбек батыр көшесіндегі №9 үйдің тұрғыны Шара Нүсібаева жаңғырту бағдарламасымен жөндеуден өтіп жатқан үйдің шатыры ашық жатқанын айтып шағымданды.

– Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда үйіміздің шатыры сол күйі әлі тұр. Жаз өтті, қыркүйек өтті. Күздің алғашқы жауынынан кейін қабырғадан су өтіп кетті. Ертең қатты нөсер болса, мүлдем су астында қаламыз. Электр желілері де су тиіп істен шықса, жарықсыз қалуға тура келеді. Құрылысшылар жетілік профнастиль қала бойынша табылмай жатқанын айтты. Бірақ бізде 84 пәтер бар, көбісі аз қамтылған, көпбалалы отбасылар. Бұл мәселенің бір шешімі болу керек қой, – деді тұрғын.

«Байланыс» ПИК-інің төрайымы Рано Кенжеханованың айтуынша, тұрғындардың өзі қаладағы құрылыс дүкендерінен профнастиль іздестіріп, таба алмаған. «А.Е.М» мердігер компаниясының өкілдері Теміртаудағы зауыттың іске қосылғанын күн демей, түн демей тосып отыр. Қайрат Досаев орын алған жағдайдың себебін жауапты мамандардан сұрастырып, шағымданушыға мәселені жіті бақылауға алатынын жеткізді.

«Ақ ниет» кварталды комитеттер бірлестігінің төрағасы, Котовский көшесі, №34 мекенжайының тұрғыны бірнеше маңызды мәселені ортаға салды.

– Менің мәселем – жалғыз осы ауданның мәселесі емес, бүкіл қала үшін қордаланған түйткіл. Соңғы жылдары айналамыздан жеке тұрғын үй және бизнес нысандарының құрылысы кезінде жердің артығымен пайдаланылып жатқанын жиі байқаймыз. Осындай нысандардың иелері қызыл сызықтан аса отырып, қаладағы арықтарды бітеп, бетондап тастайды. Нәтижесінде аумақтағы арық жүйесі істен шығып жатыр. Ал арықтар тек суғару ғана емес, дренаждық қызметті де атқарады. Арық жүйесі бұзылған кезде көктемде және күзде мөлтек аудандардың жолдарында батпақтан жүру мүмкін болмай қалады. Негізі, бұл жалпы Тараз қаласына ортақ мәселе. Суғару тоқтағалы қаладағы жол бойында өсіп тұрған биік теректердің көп бөлігі жойылып кетті. Кейбір жерлер жекешеленіп, кәсіпкерлер қаланың ажары болған жасыл ағаштарды кесіп тынды. Нәтижесінде шаһарда түрлі мейрамханалар мен моншалар, көңіл көтеру орындары көбейді, – деді тұрғын.
Сонымен қатар ол соңғы уақытта жеке сектордағы өзін-өзі басқару жүйесінің іргетасы болып келген кварталды комитет төрағаларына жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқанын айтып, қынжылыс білдірді. Ал жетінші мөлтек ауданның тұрғыны Бірханым Сүлейменова қалада бұралқы иттердің көбейіп кеткенін айтып, жағдайды ретке келтіруді өтініп сұрады. Кездесу соңында шаһар басшысы айтылған жағдайлардың ешбірі қараусыз қалмайтынын, ең өткір деген мәселелер тез арада шешілетінін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.