Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолдау бағыттары бағдарланды

0 170

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Соған орай қалалық әкімдікте актив жиналысы өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жиынға Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі қалалық ақпараттық топтардың мүшелері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтардың және оқу орындарының басшылары қатысты. Басқосуда маңызды құжатта көрсетілген негізгі бағыт пен міндеттерді жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген қала әкімі Айтқазы Қарабалаев ең әуелі елдегі жағдайға байланысты көмектен аянып қалмаған жомарт жандарға алғыс білдірді. «Президент өз Жолдауын коронавируспен күресте ерлік көрсеткен барша дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскерилерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және сауапты істен бейжай қалмаған барлық азаматтарға алғысын айтудан бастады. Мен де қаладағы аталған санаттағы барша азаматтарға алғыс айтамын. Игі істері үшін жомарт жандарды марапаттадық. «Бәріміз бірге» деген қағида жемісін берді», – деді ол. Сонымен қатар қала басшысы Жолдауда «Еліміздің жаңа экономикалық бағыты 7 ұстанымға негізделуі қажет» деген Президент тапсырмасына негізделген жеті бағытқа жеке-жеке тоқталды. Жиында Жолдауда көтерілген мәселелерді баяндамашылар толықтырып айтты. Соның ішінде қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев індеттің экономикалық ахуалға әсері жайында баяндады.

– Әлем елдерін жайлаған жұқпалы індет экономикалық ахуалға әсер етпей қоймады. Дүние жүзінің экономикасы да 9 пайызға дейін төмендеген. Елдегі жағдай да осы көрсеткіштің төңірегінде. Мемлекеттік қызметкерлерді 25 пайызға дейін қысқарту мәселесі былтыр да айтылып, нәтижесінде биыл 10 пайызға дейін қысқармақ. Мұның өзі уақыт сәтімен жылдың соңына дейін жүзеге асады. Президенттің ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімге несие беру керек деген бастамалары да осыдан туындап отыр. Ауылға ең әуелі су керек. Бұл ретте ауылдық жерлердегі шлюздер, каналдар, арықтардың жолын қамыс басып, жабылып жатқаны рас. Ауыл халқын тұрақтандыру керек. Бұдан бөлек, бұрын субсидия тек ауыл шаруашылығына ғана бөлінсе, енді басқа да кәсіп көзін жандандыруды көздегендер де бұл мүмкіндіктен құр қалмайтын болды, – деді Батырбек Әбдірәсілұлы.

Сонымен қатар жиында Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Т.Нүркешов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Е.Нұржігітов, «Goodmaker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Ә.Қайназарова, «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Әбдиев ойын ортаға салды.

– Алда қыруар жұмыстар бар. Осы жеті бағыт бойынша халыққа насихат жұмыстарын қолға алу керек. Соған сәйкес бес топқа бөлінген 47 топ мүшесі жыл соңына дейін қаланың орталығынан бөлек, шеткі аумақтарын да аралауы керек. Ең басты мәселе, індеттің алдын алу шаралары екені рас. Қазіргі уақытта жағдай күн санап тұрақталып келеді. Бірақ сақтық шаралары қашанда бірінші орында болуы керек, – деп түйіндеді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.