Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар талабы тыңдалды

0 100

Шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев бастаған қала әкімдігінің бөлім басшылары, қалалық полиция басқармасы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдері бір апта бойы көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардың талабын тыңдады.

Арайлым Бақытжанқызы

Көшпелі қоғамдық қабылдау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша тоқсанына бір рет өткізіледі. Соңғы рет ол маусым айында өткен-ді. Бұл жолы қабылдау алдымен «Дос-нар» сауда кешенінің алдынан бастау алды. Таңертеңгі оннан кешкі беске дейін мұнда әртүрлі сұрақтармен жергілікті тұрғындар келді. Олар негізінен абаттандыруға, жолдардың сапасына, көшелерді жарықтандыруға, әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты болды. Шаһар басшысына қайырылған Родниковая көшесінің тұрғыны Әбдірахман Қалмаханов аталмыш көшенің жолына шағымданды. Қала тұрғыны жолды асфальттап беруді сұранды.

– Қазір біздің көшеде су құбырларын ауыстырып жатыр. Асфальт жоқ болғандықтан, шаң-лайдан жүріп-тұру мүмкін емес. Бұл мәселе көктем айларында өршиді. Себебі қар еріп, жауын-шашын болған кезде үйге жетудің өзі ақырет. Сондай-ақ көшеде жарық жоқ. Шаһар басшысы бұл мәселені жыл соңына дейін шешемін деп уәде берді, – дейді қала тұрғыны.

Көшпелі қоғамдық қабылдау жұмысына Тараз қаласы әкімдігінің әртүрлі бөлімдерінің өкілдері мен қалалық прокуратураның басшылары, полиция басқармасының басшылығы, сондай-ақ «Жамбыл су», «Интергаз Орталық Азия» мекемелерінің өкілдері қатысты. Алғашқы күні қоғамдық қабылдауға барлығы 20 адам қайырылып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Ал келесі күні Ф.Қыпшақбаев көшесінің бойында орналасқан «Корвет» сауда орталығының маңында өтті. Қабылдау барысында жалпы 17 азаматтың базынасы тыңдалып, олар бойынша тиісті кеңес берілді және бақылауға алынды. Қала тұрғындарынан түскен өтініш пен шағымдардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жер және баспана мәселесіне қатысты болды. Ал «Шөлдала» шағын ауданында №55 орта мектепте өткен қабылдау барысында тұрғындар сан түрлі мәселені көтеріп, сала мамандары тарапынан тиісті жауап берілді.

Сондай-ақ көшпелі қоғамдық қабылдау Б.Момышұлы көшесінің бойындағы «Asem-Ai» сауда үйінің және «Салтанат» (4) мөлтек ауданындағы №2 қалалық емхананың аумақтарында кестеге сәйкес өтті. Жалпы қоғамдық қабылдауға қайырылған тұрғындардың ішінде көбінде коммуналдық мәселелер көтерілді. Тұрғындардың барлығына тиісті сала мамандары жауап беріп, шешімін күттіретін мәселелерді алдағы уақытта шешетіндеріне уәде берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.