Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жолаушыға қызмет – жауапты міндет

0 256

Қала аумағында жыл өткен сайын жаңа нысандар бой көтеріп, тарихтың темірқазығы атанған көне шаһардың шырайын ашуда. Жеті жыл бұрын құрамына саяжайлар қосылса, ондағы түйткілді мәселелер оң шешімін табуда. Соның ішінде қала орталығындағы «Көне Тараз» кешенінің маңында жүргізілген жоспарлы құрылыс жұмыстары аяқталып, халық жиі қатынайтын орынға айналды. Осыған байланысты автобус бағыттарына өзгерістер енгізіліп, қоғамдық көліктердің саны жылдан-жылға артпаса, кемімейтіні анық. Ендігі кезекте автобус жүргізушісімен қатар кондукторлардың да жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет ететінін естен шығармаған жөн. Осы орайда бір күнге мамандық өзгертіп, кондукторлардың жұмысымен танысып қайттық.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қазір қала аумағында автобустары қатынайтын 10 автопарк жұмыс істейді. Біз соның ішінде №11, №55 және №46 бағытта қатынайтын №1 автопаркке бардық. Таңмен таласып оянып, жұмысқа қамданатын автобус жүргізушісі мен кондукторлардың тірлігі бір қарағанда оңай көрінгенімен, шындығында, бәрі біз ойлағандай емес екен. Алдымен таңғы 6-да жиналған жүргізушілер әуелі автобустың техникалық жағдайын жіті қарап, артынша механикке көрсетеді. Мұнан соң медбикелер жүргізушінің денсаулық жағдайын тексереді. Содан кейін мекеме механигіне қайта келіп, рұқсат қағазға қол қойғаннан кейін ғана жүргізушіге жол ашылады.

Алғашында кондукторлар да жүргізушімен бірге келер, олар да жалақыға жұмыс жасайтын шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, жүргізушілер кондукторды өзі іздеп табуы тиіс екен. Біз отырған №11 бағыттағы автобустың жүргізушісі Берікбай Омаров жол-жөнекей күтіп тұрған өзінің кондукторын мінгізіп алды. Қала тіршілігі таңғы уақытта қызатыны белгілі, бірер аялдамадан кейін-ақ автобус іші толып қалды. Қоғамдық көлік, толған адамдар, күбір-күбір сөздер, дәл сол сәтте жолаушылардың жолақысын жинап көр. Бұдан бөлек, автобустағы жағдайды бақылап отырудың өзі оңай емес. Әсіресе, таңғы уақытта автобус жай жүрсе де, жылдамдықты арттырса да, тұрғындардың үдесінен шығу қиын. Олардың әрқайсысына ашумен қарауға да болмайды. Қоғамдық көлік қызметкерлеріне қойылатын талап сондай. Біздің автобустағы кондуктордың да айтпағы – осы.

– Менің осы жұмыста жүргеніме аз уақыт болмады, бұл жұмыста қатты қысылған шағында қол қусырып отырмауды жөн санаған азаматтар көп кездеседі. Олар келген сәттен бастап-ақ басқа жұмыс іздей бастайды. Мен де алғашында сол көмескі оймен жүрдім. Дегенмен кондукторлықтың қыр-сырына қаныққан соң, жұмыстан шығудың реті жоқ екеніне көзім жетті. Алғашында адамдардың алуан түрлі мінезіне бой үйрету оңайға соқпады. Кейде абайсыз ауыр сөздер естіп қаламын. Ондай сәттерде сабыр сақтауға тырысамын. Себебі жұмыстың оңайы жоқ. Қала ішіндегі бір күндік жұмыстың өзінен бір кітап жазуға болатындай. Осы күнге дейін таңертең жұмысқа шығарда «ертеңнен бастап осы жұмысты қоямын» деп, ертесіне тағы келетінмін. Кондукторлардың күнделікті табысын айтар болсақ, көңіл толмайды. Автобустардың бәрі жеке меншіктің құзырында болған соң, кондукторлармен жүргізушілердің өзі есеп айырысады. Көптеген автобустар кондуктордың бір күндік жұмысына 3 мың теңгеден артық ақы төлемейді. Сол үшін де кейде жүргізушілер кондуктор іздеп жүріп қалады, – деген кондуктор Аман Жанбосынов егер жұмыстың табысы жақсы болса, жұрттың бәрі кондуктор болуға асығатын еді деп пікірін білдірді.

Автобуста кондуктордан бұрын жүргізушінің құзырына көп нәрсе жүктеледі. Адам өмірінің құны белгілі бір затпен өлшенбейтінін ескерсек, ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп жүрген ағаларымыздың еңбегі шынымен мақтауға тұрарлық. Мысалы, алпысты алқымдап қалған жүргізуші Берікбай Омаров 1983 жылдан бері қоғамдық көлікті тізгіндеп келеді. Ескінің адамы өткен шақты еске алатыны жасырын емес қой. «Кеңес үкіметі кезінде бір күнде екі жүргізуші ауысып жұмыс жасайтынбыз. Әрі екі күн жұмыс істеп, үшінші күні демалатынбыз. Оның үстіне жалақысы да жеткілікті болған. Ал қазір бес-алты күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз», – деген атамыз тіпті кейбір жүргізушілердің демалыссыз жұмыс істейтінін де жасырмады. Бұл қалай деген сауалға басшылықтан «жүргізушілер жетіспейді» деген жауап алдық.

Кондуктор адамдарды жылы қарсы алса, олардың да көңілдері көтеріңкі болар еді. Әрине, мұндай кондукторларды да кезіктіресің, ал қайырымды кондукторларды ше? Жолақыны төлеуге мүмкіндігі болмай қалған жолаушыларға қоғамдық көлік қызметкерлері қалай қарайды, бұл сұрақтың жауабын өздерінен сұрап көрдік.
– Жақсының жақсы қасиеті ақшадан да биік тұрады. Бірақ көбіне автобустарда ірі ақшаның болмайтынын біле тұра ұсынатындар кездеседі. Кейбір кісілерге сол ірі ақшалар жол жүру билетіне айналғандай. Көрсетеді де, жасқанбай түсіп кете береді. Әсіресе, таңертең ірі ақша ұсынатындарды түсінбеймін. Мұндай кезде межелі жеріне тегін жеткізіп салсаң да алғыс айтпай, ақшасын майдаламағанымыз үшін керісінше бізге «міндеттісіңдер» деп жекіретіндер де табылады. Осындай сәттерде көбіне қарт кісілер кондуктордың сөзін сөйлеп, бізді жақтайды. Осы оқиғалардың басы-қасында болған кондуктор жүргізушіні еш алаңдатпауға тырысады. Бұдан бөлек, кондуктор автобустың тазалығына да жауап береді, – деген жүргізуші Берікбай Омаров кондукторсыз жұмыс істеу мүмкін еместігін айтты.

Автопарктер неге мұқтаж?

Кондукторлардың жұмысымен танысқан соң, аталмыш автопарктің базасына да бас сұққанды жөн санадық. Мұнда барлығы 81 автобус болса, оның 56-сы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олардың 90 пайызын жаңа автобустар құрайды. Автопарк құрамындағы ең ескі автобустың өзі 2016 жылы шыққан. Бұдан бөлек, қаладағы автобустардың санын арттырғанымен, әлі де жолға шықпаған 5 бірдей жаңа автобус тоқтап тұр. Мекеме басшылығы қазіргі таңда автопарктерде жүргізушімен қоса механиктерге де сұраныс жоғары екенін айтты. Оның басты себебі ретінде қала ішінде автобус жүргізушілерінен «D» категориялы жүргізу құжаты талап етілетіндігінде болып отыр. Егер «D1» категориялы жүргізушілерге автобус жүргізу құқығы берілсе, үлкен мәселенің шешімі табылар еді. Әзірге бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі сауалдардың бірі болып қала бермек. Ал автопарктердің екі жыл бойы көтеріп келе жатқан мәселесі жанармайдың қымбаттауына байланысты жолақыны да көтеру керек деген ұсыныс болатын. Бірақ халықтың жағдайын басты орынға қоятын қала басшылығы жолақыны көтермей отыр. Оған кәсіпкерлер автобустан түсетін пайда жоқ деп шағымдануда. Тұрғындар болса, автобустағы билет бағасы халықтың күнкөріс деңгейіне сай дейді. Соған қарамастан автопарк басшылары ағымдағы жылы автобустардың жолақысын көтеру керек деп отыр.

Қалта ұрлығы тыйылмай тұр

Қоғамдық көліктердегі қалта ұрлығы әлі де болса тыйылмай тұр. Автобус жүргізушісі мен кондуктор қолының сұғанағы барларға тосқауыл бола алмай отыр. Себебі кондукторларды танып алған ұрылар оларға сес көрсетеді екен. Осыған қарап, мекеме басшылары «қалта ұрлығы орын алған жағдайда айыпталушыға қарсы заңды күшейту керек» дегеннен басқа мардымды ой айта алмайды. Себебі автобус қызметкерлері ұрыны ұстап бергенімен, бірер күннен кейін босап шығып, сол баяғы оңай олжа жолындағы жорығына шығады екен. Сол үшін де автобус қызметкерлері тәуекелге бастарын байлағысы келмейді. Бірақ автопарк басшылығы полиция басқармасымен бірігіп, қалта ұрлығына қатысы бар азаматтардың суретін автобустарға жапсыру шараларын ұйымдастыруда. Бірақ одан шығатын нәтиже жоқ секілді. Осы оймен келіскен автопарк басшысының орынбасары Қайрат Дәурембеков: «Біз жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап береміз, бірақ олардың заттарына жауап бере алмаймыз», – деді. Ал қолының сұғанағы барларды құрықтау үшін автопарк бойынша 10 автобуста ғана бейнебақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ GPS-навигациясы арқылы әр автобустың қозғалысы бақылауда тұр. Осы арқылы жолаушылар мен мекеме басшылығы әр автобустың бағытын бақылауда ұстайды. Бұл да болса ұры-қарының жолын кесуге үлкен септігін тигізеді. Тек барлық автобустарға бейнебақылау камералары орнатылса, мәселенің шешілетін күні де алыс емес.

Жүргізушілер де ереже бұзады

– Кейде жүргізушілер жылдамдықты арттырып, жол ережесін бұзған сәттерге куә боламыз. Мұндай жағдайда жол ережесін бұзған жүргізушіге полиция қызметкерлері айыппұл салса, біз жұмыста жиналыс жасап, жүргізушіні бір аптаға дейін жұмыстан босатамыз, – дейді мекеме басшысының орынбасары Қайрат Дәурембеков.

Жүргізушілер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалыс алуы керек болса, аталмыш автопаркте бұл қағида сақталмаған екен. Мұның басты себебі – автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Бір жағынан таңмен таласа тұрып жұмысқа шығып, кеш бата келетін жүргізушілердің жалақылары да мардымды болмай тұр. Олардың 80 мың теңге жалақымен жұмыс істегісі жоқ. Негізінде автопаркте жұмыс жасайтын жақсы жүргізушілер еліміздің батыс өңірі мен Алматы, Астана қалаларына, сондай-ақ көрші елдерге жұмыс жасауға кетеді. Әрине, ондағы жалақы мөлшерін еліміздегі автопарк қызметкерлерінің жалақысымен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан, тапқан адал табысымен отбасын асырап отырған жүргізушілер мен кондукторларды да көзіміз көріп жүр. Қала аумағында қатынайтын әр автобус бағытына жүктелген міндет жеңіл емес. Сондықтан халық үшін дамылсыз еңбек ететін қоғамдық көліктердің қызметіне құрметпен қарағанымыз жөн.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.