Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрлық & клептомания: қылмыс әлде әдет?

0 11

Ұрлық ғылым тілінде клептомания деп аталады, яғни klepto – латын тілінен аударғанда ұрлық деген мағына береді. Бұл термин XIX ғасырдың басында Францияда пайда болған екен. Негізі, ұры мен клептоманның арасында айырмашылық бар көрінеді. Ол қандай айырмашылық деген сұрақтың тууы заңдылық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Психолог мамандардың айтуынша, клептоманның ұрылардан айырмашылығы – олар іс-әрекеттерін ешкімнің көмегінсіз, ешқандай қосымша сақтықсыз жасайды. Егер де олар жұмыстарын жоспарлы түрде орындаса, онда бұл клептомания емес, ұрлық жасау. Яғни клептомания мен әдейі құрылған пайдакүнемдіктің айырмашылығы екі түрлі. Клептомания – қылмыс емес, ауру. Есірткіге деген тәуелділік адамды қалай еліртсе, клептоманияға ұшыраған адам да жүрген жерінен бір нәрсені іліп кетуі де өз еркінен болатын құбылыс.

Жазушы Бердібек Соқпақбаев «Боқшабай ұры» атты шығармасында ұрының тапқырлығы туралы дөп суреттеген. Сол туындының үзіндісінен мысал келтіре кетсек: «Баяғы жортуыл заманының кезінде жұрт Боқшабайдан сұрайды екен:

– Бәке, сіз осы ұрлыққа қалай қорықпай барасыз? Күрк-күрк жөтеліңізбен барған ауылыңызды оятып, өзіңізді өзіңіз ұстап бересіз ғой? – дейді екен.
Боқшабайдың жауабы:

– Е, жөтелетін мен ғана ма, һөһ-һөһ! Мен секілді көксау мал да болады. Қойлы ауылға барғанда, һөһ-һөһ, қойша, сиырлы ауылға барғанда сиырша жөтелем, һөһ-һөһ!
Боқшабайдың бұнысы шын сөз екені жортуылға онымен бірге қатысқан адамдар рас дейді. Қай малдың болса да дауысына салып жөтелісі ғажап екен. Бір рет Бәкең қалмаққа ұрлыққа барады. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қалмақтың үйінің тап іргесіндегі ірі қара қамалған қораға кіреді. Иттер сезіп, шәуілдеп үре бастайды. Қалмақтар оянып, сыртқа атып-атып шығады. Қорадағы малды тексеріп қарайды. Боқшабай бұл кезде қатар шөккен екі түйенің арасына жата қалған екен. Жөтелі құрғыр шыдатсын ба? Өңешін жыбырлатып, тіреліп кеп қалады. Дәл қасында қалмақтар жүр. Көксау Боқшабай түйе боп жөтеле бастайды. Қалмақтар ештеңе сезбейді. Қалмақтар үйіне қайта кіріп кеткен кезде әлгіндегі «көкжөтел түйе» қасындағы басқа екі түйені бұйдасынан жетелеп тайып отырады.

Боқшабай ұрының тапқырлығынан бөлек, Жамбаскүрең деген аты болған екен. Иесі жортуылға шықпақ болып жинала бастағаннан-ақ күрең ат біліп қойған. Ерттеп жатқан кезде біртүрлі көңілді оқыранып, ауыздықты қаршылдатып шайнап, сілкініп, «неге де болса мен дайын» дегендей қалып білдіреді. Біраз күн сапар шекпей қалса, бойына ас батпайды. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда жыныс тоғайдың арасымен қоянжым соқпақ жолды өзі тауып өтеді. Бір бұтаны сыбдыр еткізіп, дыбыс шығарғанды білмейді. Аяғын тышқан аңдыған мысықтай басады. Алдына түскен малға иесі емес, күрең ат ие деген сөз де бар. Қос құлағын жымқырып, тістелеп, ауылға қарай қуалап айдап алады. Қашаған түгіл, одан бетер безеген мал болса да күрең ат құтқармайды. Қауіп төнген жағдайда Боқшабай жат деп белгі берсе, күрең ат жата қалады екен. Тұр дегенде, атып тұрады. Мылтықтың оқыс атылуынан, сойылдаудан, айқай-шудан үркіп-қорқуды білмейді. Жортуылға шыққанда Боқшабай өзінен гөрі күрең атқа көбірек сенеді екен».

Иә, ұрылар көбіне байқампаз, алғыр, секемшіл, икемді, епті болып келеді. Бірде базарға барған бір таныс жігіттің қара нөпір адамның арасында жүріп, төс қалтасынан ақша жоғалтқаны бар еді. Сонда тапа-тал түсте төс қалтасынан ақшаны қалай байқатпай алғанына таңданған жігіт базардағы жұртқа, тәртіп сақшыларына мұң шағып, мән-жайды айтып жүгінгенде: «Е, төс қалтаңнан ұрланса, екі саусақпен алатын ең икемді ұрының тірлігі екені көрініп тұр. Бізде мұндай ұрлыққа епті бір-ақ адам бар, ол пәленше», – деп базардағы сатушылар шулап қоя берген екен. Кейін, расында, сол айтқан адам алған болып шығады. Ұрыны ұстағанда көкірегін қарс айыра күрсініп: «Еңбегімнің зая кеткені-ай, көз ілеспес жылдамдықпен, көз алдынан алып кетіп едім ақшасын», – деп күйінген екен.
Расында, ұрылар саусақтарына қатты көңіл бөлгені соншалық, қолдарын сүтпен жуады. Аузына «лезвия» салып жүретін көрінеді. Сөмкенің астын, кейде қалтаны тіліп жіберіп, көз ілеспес жылдамдықпен ұрлап үлгереді. Қоғамдық көлік, базар, адам көп шоғырланған аймақ – ұрылардың зонасы. Олар топталып жүреді. Мәселен, қоғамдық көлікте әлдекімнен әлдене ала қалса, өз қалтасына тықпайды. Міндетті түрде серіктесіне бере қояды да, ым-жымын білдірмей тұра береді. Одан күдіктеніп, шу шыққан күннің өзінде ол аларын алып, беріп жіберіп үлгергендіктен, қамсыз тұра береді.

Ұрлық әдет пе, әлде жетіспеушілік пе? Кейде жағдайы бар отбасының балалары да әке-шешесін жерге қарататыны бар. Бұл кейде ұрпақтан-ұрпаққа қанмен берілсе, енді біреудің бойына сіңген әдеті болуы да мүмкін. Ал кейбірі бұл дертке душар. Олар әлдене ұрлағанда ләззатқа бөленеді.

Ұрлық түбі – қорлық

Бір отбасы келін түсірді. Жас келін барған үйін үптеп кете беріпті. Қолға ілінетін түк таппай қалса, дастарқан басынан-ақ кәдімгі шайды алақанына құйып алып жөніне жүре береді екен. Ал өзі ұрлап алған киім-кешекті де еш қымсынбастан ұрланған киім егесінің алдында киіп жүре береді. Сол келін түскен отбасы қанша жанжалға ілігеді. Келінге айтылып, ескертіліп, неше мың мәрте ұрыс-керіс болса да, келін ұрлыққа деген тәуелділігін қоя алмапты. Бұл ыңғайсыз һәм ерсі қылықтың соңы жастардың ажырасуымен бір-ақ тынған. Өмірден алынған осы оқиғаның даму барысынан-ақ бұл ерсі қылықтың құрығынан шығу оңай емес екенін ұғуға болады. Психологтардың айтуынша, ұры келін өз ісінен қысылып, ыңғайсыздануы да мүмкін. Бірақ ол сол сәтте өзіне жауап бере алмай қалады. Адреналин! Жүрегі тарсылдап, елегізіп, әлдене алғанша сол біртүрлі сезімнің шырмауынан шыға алмай қалады. Оңашада өкініп, опық жеп, өз-өзімен арпалысуы әбден мүмкін. Алайда оңтайлы сәт келгенде, ұрлап үйренген адам өзін-өзі ұстай алмайды.

Үнемі әрдеңені үптеп кете беретін бозбаладан осы ісінің себебін сұрағанымда, балалығы ма, әлде мақтанғысы келді ме, еш қымсынбастан басынан кешкен оқиғасын айта жөнелді.

– Мен 4-5 жасымнан бастап бірге ойнаған балалардың ойыншықтарын ұрлап кете беретінмін. Және менің ұрлағанымды ешкім білмей де қалатын. Мен сондай тапқыр әрі ептімін. Жеті жасымда көшеде, дүкендерде ұрлай бастадым. Сөйтіп, мен ең мықты деген ұрылармен таныстым. Тіпті сұраныста болдым. Мені тонау, ірі ұрлықтармен айналысып жүрген қылмыс әлемінде атағы шыққандардың өзі ақша ұсынып, пәтер ұрлауға алып кетіп жүрді. Үлкендер кіре алмайтын есік-тесіктен асқан ептілікпен ішке енемін. Ештеңені сықырлатпай аяқтың ұшымен, кейде етпеттеп, еңбектеп жүруге тура келеді. Дыбысымды шығармай, байлардың үйінен үлкен ұрылардың тапсырмасымен діттегенімді алып кетіп жүрдім. Кейде тіпті олар мені «форточкадан» ішке лақтырып жібергенде мысық сияқты құламай, төрт аяқтап жеп-жеңіл жерге «қона» қоямын. Сөйтіп, талай пәтер тінтідім. Сондай бір операция үстінде үйде екі еркек ұйықтап жатқанын білдім. Үй іші қап-қараңғы. Бірақ мен өзімнің ептілігіме сендім. Басында сәл-пәл «қалай болар екен» деп үрейленгеніммен, сәлден соң тіпті де үйдегі адамдарды ойға да алмадым. Қолшам жағып, қажетімді алып, асықпай үй ішін тінтіп, «форточкадан» қайта сыртқа шыққанымды көрген әккі ұрылар таңдай қақты. Негізі олар менің басымды сынға қойған екен. Мен олар ойлағаннан да үздік болып шықтым. Содан бастап олар маған ақша ұсынатын болды. Сөйтіп жүріп атым шықты. Әке-шешем қанша жылап, ұрып, тоқпақтап жатса да, бұл нәрсенің дұрыс еместігін білсем де, тегін затты алғым келіп тұрады. Сөйтіп жүріп менің қылмыс әлеміндегі жер жарған атағым тәртіп сақшыларының құлағына жетіп, ұсталдым… Психолог мамандардың көмегі мен молдалардың дәрісі көп нәтиже берді. Қазір ондай нәрсенің күнә, ұят екенін білемін. Әке-шешемді жерге қаратқым келмейді. Мектеп бітірген соң оқуға түсіп, жақсы азамат болу үшін өз-өзіммен күресіп, өзімді өзім тәрбиелеп жүрмін, – деді бозбала.
Егер клептомания аурудың бір түрі болса, демек, одан айығудың да бір жолы бар екендігі анық. Бұл ауру антидепрессиялық дәрілердің көмегімен емделеді дейді дәрігерлер. Бірақ осы ауруға шалдығып, одан арылу үшін дәрігердің көмегіне ерікті түрде жүгінетіндердің саны 15 пайызды ғана құрайды екен. Осыған орай, Гарвард университетінің ғалымдары бірнеше клептоманға емдік шаралар қолданып, зерттеу шараларын жүргізген. Нәтижесінде ғалымдар олар біреудің затын қолды етуге еріксіз итермелейтін ішкі сезімдерден зардап шегеді деген қорытындыға келген. Сондай-ақ клептомандардың көбісі психикалық үлкен соққыларға ұшыраған жандардан шығатындығы да тұжырымдалған. Ғалымдардың айтуынша, олар адамның көңіл-күйіне тікелей әсер ететін ағзадағы серотониннің жетіспеушілігінен де зардап шегетін көрінеді. Сол себепті антидепрессиялық дәрілерді қабылдау ағзадағы серотонин деңгейін көтеріп, клептомания синдромын әлсіретеді деп есептейді.

Ұрлық – шариғат заңымен

Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәны істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық істеген адам иманынан айырылады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен. Ұрының шариғаттағы жазасы – қолын кесу.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы – сол. Алла Үстем һәм Дана».

Ел ішінде «Құдайдан қорықпаған адамнан қорық» деген халық нақылы бар. Қиямет күні барлық қылмыстың, жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылып, күнәлілер жазаланары хақ. Ол күні ешкім ештеңе де жасыра алмайды. Бәрін білуші Алла Тағала мұсылмандарға бұрынғы қауымдардың қылған қылықтары мен қылмыстарын қайталамауға бұйырады.

«Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Сол күні (қиямет күні) алтын мен күмістері жәһәннам отына қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары күйдіріледі де: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар», – делінеді екен» (Тәубе, 34, 35). Шындығында да, «Судың да сұрауы бар» дегендей, пенденің әрбір істеген жамандығы да, жақсылығы да қиямет күні алдынан шығады. Ол күні Құдай Тағаланы ешкім де алдай алмайды.

Алла пайғамбарларға бұйырғандарды иман келтіргендерге де бұйырып былай деген: «Ей, елшілер! Жақсы нәрселерден жеңдер, ізгі істер істеңдер. Мен сендердің не істегендеріңді білушімін» (Мүминун, 51). «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық еткендердің жақсыларынан жеңдер» (Бақара, 172). Сонан соң Расулалла (с.а.с.) алыс жолдан әбден қалжырап шаршаған, сақал-шашы өсіп, үсті-басы шаң болған кісінің екі қолын аспанға созып, «Иә, Раббым! Иә, Раббым!» деп дұға қылғандығын мысалға келтірді. «Жегені арам. Ішкені арам. Кигені арам. Хараммен қоректендірілген. Қалайша оның дұғасы қабыл болады?». Алла Тағала біздерді біреудің хақына қол сұғудан, ала жібін аттаудан сақтанғанымызды қалайды. Ұрлықпен, харам жолмен пайда тауып жүргендердің жүрегіне иман, санасына ұят берсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.