Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол жөндеу жұмыстары жүйелі жалғасын табуда

0 740

Тараздықтардың жиі қозғайтын мәселесінің бірі – жол. Дегенмен, соңғы екі жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Өйткені, қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталмыш мәселеге баса назар аударылған.
Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрінісі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де жол сапасына тығыз байланысты.
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған сәттен бастап шаһар жолдарының тақтайдай тегіс болуына ерекше назар аударып келеді.
Айталық, бүгінде облыс орталығында 1 445 көше жолы болса, оның 902-не асфальт, 543-не шағал тас төселген. Аталған жолдардың жалпы ұзындығы 1888 шақырымды құрайды.

Мәселен, 2023 жылы қала көшелерін орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,59 млрд теңге қарастырылып, ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 45 жобада, оның ішінде 145 көше, бұрылыс, тұйық, өткел және 7 жаяу жүргінші жолында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, шаһардың солтүстік-шығысындағы Бурыл және Сарыкемер бағытындағы күре жолды жөндеу жұмыстары мердігер «Рауан» ЖШС-мен жүргізілді. Одан бөлек, «Мыңбұлақ» және «Самал» ықшамаудандарындағы мектеп пен балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары салынды. Сонымен қатар, «Көктем» және «Арай» алқабынан ықшамаудандарға баратын жаяу жүргінші жолдары ел игілігіне берілді.
Сондай-ақ «B grass» ЖШС-нің мердігерлігімен Жібек жолы, Балуан Шолақ көшелерінде, «Ұлы дала» шағын ауданында орташа жол жөндеу жұмыстары жүрді. Бұдан бөлек, мердігер «Нұрлы Жол 7» ЖШС-мен №15 ықшамауданға баратын Қойшыбеков көшесінде (Көшек батыр көшесінен Пушкин көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол бөлігі кеңейтілді.

Облыс орталығында мұндай атқарылған жұмыстарды көптеп мысалға келтіруге болады. Дегенмен, қаладан шалғай жатқан әуежай аймағы, «Шалғай Қарасу», «Қант зауыты» сынды тұрғын алқап тұрғындары отыз жылдан кейін тақтайдай тегіс жолдың игілігін көргенін атап кетпесе болмас.
Ал «Бурыл» мен «Барысхан» тұрғын алқаптарында жол мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Былтыр «Бурыл» алқабында 15 көшеге асфальт жабындысы төселсе, биыл аталмыш алқаптың барлық 60 көшесіне асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. «Барысхан» алқабында былтыр тұрғындар сұранысы бойынша қоғамдық көлік қатынайтын бір көшеге асфальт төселсе, биыл сегіз көше иігілікті істің нәтижесін көреді деп жоспарлануда.

Жалпы, Таразда қалаішілік жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары да қарқын алды. Айталық, 2022 жылы басталған Ташкент және Мәмбет батыр көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталып, жаяу жүргінші жолы салынды. Сондай-ақ Мәмбет батыр көшесі «Ауыл Береке» базарына баратын күре жол болғандықтан көлік кептелісін азайту мақсатында қайта жаңғырту жүргізілген болатын. Бұған қоса, Шостакович және Саңырақ батыр көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары басталып, 2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен тәмамдалды. Нәтижесінде, жол бөлігі 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтіліп, жаяу жүргінші жолы салынды.

Сонымен қатар өткен жылы «Нұрлы Жол-7» ЖШС-нің мердігерлігімен 29 904 шаршы метрді, үнемделген қаражат есебінен мердігер «RusStroy» ЖШС-мен 4 622 шаршы метрді ағымды жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, мердігер «Нұр Абдрахман жолдары» ЖШС-мен саяжай алқаптарына баратын жолдарға да ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жол жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы өз жалғасын табуда. Биыл орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,9 миллиард теңге қаралып, ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 41 жобаны, (оның ішінде 118 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек ұзындығы 18,1 шақырымды құрайтын 7 жаяу жүргінші жолын және ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткел) жөндеу жоспарланған. Соңғы аталған жұмыстар (шағал жол төсеу) «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето», «Ветеран» секілді шалғай алқаптарды қамтиды.
Бүгінгі күнге жоспарланған 41 жобаның жартысынан көбісінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы да ел игілігіне берілді. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жиі көтерілген аумақтардың бірі «Ұлы Дала» ықшамауданы болатын. Қазір аталмыш шағын ауданда ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын 10 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қойшыбеков көшесі (Сүлейменов көшесінен бастап Көшек батыр көшесіне дейін) орташа жөндеуден өтіп, Аппасов көшесі арқылы «Ұлы Дала» ықшамауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туды.
Сондай-ақ 2024 жылы қала көшелерінің 23 980,8 шаршы метріне ағымды жөндеу жұмыстарына конкурс жарияланып, соның нәтижесі бойынша жеңімпаздармен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүруде.

Айталық, «Тараз қаласының негізгі көшелеріндегі ЩMA жабындарын ауыстыру (маршрут әдісі)» нысаны бойынша «KATSA» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, Тәуке хан, Төле би, Әл Фараби, Сүлейменов, Әйтеке би, Қазыбек би, Қонаев, Байзақ батыр көшелерінде жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар №1-10 ықшамаудандардың кіреберіс жолдарына ағымды жөндеу жұмыстары жасалды.

Жол сапасын жақсарту жұмыстары келер жылдың жоспарынан да тыс қалмайды. Мәселен, 2025 жылы қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, көшелердің тізімі бойынша бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында коммуналдық мекемелермен келісу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Қойгелді, Асқаров, Рысбек батыр, «28 саяжай» арқылы өтетін орталық көшені (Құмшағал теміржол өткелінен бастап Аса-Талас каналына дейін), айналма жолды Аса-Талас каналынан ескі Айша бибі бекетіне дейін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.