Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол сапасы жіті назарда

0 425

Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі шаһар басшысы «ALMAZ MEDICAL GROUP» ЖШС медициналық орталығының маңына автотұрақ орнату мәселесімен танысты.

– Әрине, бұл орталыққа келетін тұрғындардың қарасы қалың болғандықтан, автотұрақтың қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Дегенмен бұл тұрғыда жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеде біржақты шешім қабылдауға болмайды. Дегенмен орталық басшыларының да талабын ескеріп, әзірге көліктердің қозғалысына қолайлы жағдай туғызғанымыз жөн, – деді қала әкімі.
Келесі кезекте шаһар басшысы Саңырақ батыр көшесінде орналасқан жаяу жүргіншілер жолының құрылыс барысына қанықты.
Жол – экономикамыздың күретамыры. Сондықтан қашанда айрықша маңызға ие. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан шаһар тұрғындарының жайлылығы үшін жол үнемі қалыпты және жақсы жағдайда болуы керек. Бұл сырттан келетін туристерге де жағымды әсер сыйлайды. Сондай-ақ көлік апаттарының басты себебі сапасыз салынған жолдар екенін арнайы зерттеулер де көрсетуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша тоқталған болатын. Президент Жолдауында: «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім», – деп атап көрсеткен. Мемлекет басшысы айрықша мән беріп отырған жол жайы күрделі тақырыпқа айналғалы қашан. Жұртшылық тарапынан жиі айтылатын шағымдар да осы жолға байланысты туындап жатады. Бұған мемлекет тарапынан да қыруар қаржы бөлінуде.
Осыны жете түсінген Тараз қаласы әкімдігі қалаішілік автожолдардың ағымдағы жай-күйін мұқият және егжей-тегжейлі зерделеп, оларды жөндеу бойынша кеңейтілген бағдарлама қабылдаған болатын. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен қажетті арнайы қаражат қарастырылды. Соның арқасында бүгінде облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Әсіресе көптен бері жөндеу көрмеген жолдарға ерекше басымдық берілуде. Бұл тұрғыда Таразда қолға алынған ауқымды жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Қаланың 3 жылдық даму жоспарында да бұл мәселе айқын көрініс тапқан. Осыны тілге тиек еткен Бақытжан Әмірбекұлы жол сапасын жіті назарда ұстау керектігін жеткізді.
–Биыл бірқатар көше қайта жаңғыртудан өтуде. Солардың қатарында осы Саңырақ батыр көшесі де бар. Жол салғанда тұрғындардың да қауіпсіздігін естен шығармауымыз тиіс. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолының сапасы маңызды. Бұл тұрғыда олқылыққа жол беруге болмайды, – деген қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін қала әкімі Шостакович көшесіне аялдады. Мұнда да қазіргі таңда жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Құрылыс барысымен танысқан шаһар басшысы жол сапасы өзінің жіті назарында екенін қадап айтты.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.