Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол ережесін жадыңнан шығарма!

0 655

Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллионнан аса адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама адам, жасөспірім бала бар. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырған болатын.

Елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі – жұмысқа қабілетті жастағылар. Республика ауруханаларына түскендердің 1/3 бөлігі – жол-көлік оқиғасынан жараланғандар. Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерде айтылған.
Бұл жағдай адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер ететіні белгілі. Халықаралық туристер үшін елді мекендердің қауіпсіздігі мен қозғалыс мәдениетіне де басымдық беріледі. Сондықтан халықаралық қауымдастық та көлік апаты мен оның зардабы турасында дабыл қағып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік жүргізіп отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік жүргізіп бара жатып макарон жегені үшін голландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған. АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік жүргізуге тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Иә, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл – бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс. Сондықтан әрбір адам жол жүру ережесін жадынан шығармағаны абзал. Сонда ғана өзіңнің де, өзгенің де өмірін сақтай алады.

Наргиза ТУРАКУЛОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.