Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 139

Ойын алаңшасы –балалар игілігіне

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп белгілеп, балғындарға тиісті деңгейде көңіл бөлуді тапсырған болатын. Осы орайда Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев Жайылма ауылдық округіне барып, балалар алаңшасының лентасын қиып, оларды спортпен шұғылдануға шақырды.
Ауыл қариялары да балаларға жасалған қамқорлық үшін алғыстарын білдірді.

Шаруалар пияздың әр гектарынан мол өнім алуда

Баптай білсе, Жер-ананың жомарт екеніне көз жеткізген диқандар ала жаздай төккен терінің жемісін көре бастады. Әсіресе пияздың ерте пісетін сұрпын жинау жұмыстары ерекше қарқын алуда. Жамбыл ауданы бойынша егілген 5585 гектар пияздың 30 гектары ерте пісетін сұрыпқа жатады. Бүгінде сол 30 гектардың 8 гектарынан өнім жиналуда. Соның 4 гектары шайқорықтық кәсіпкер Дәурен Әбдешовке тиесілі. Танты ауылының бұрылысында орналасқан егістік алқабында жиын-терін жұмыстары қызу жүргізілуде.
Қазір әр гектардан 70 тонна көлемінде өнім жиналған. Жиын-терін жұмыстарына қажетті техника да жеткілікті. Маусымдық жұмыс кезінде 35 адам жұмыспен қамтылған. Егістік басынан сатылымға шығарылып жатқан пияздың бағасы – келісіне 120 теңге. Өнімді сатып алушылардың басым бөлігі Тараз қаласындағы базарлардың сатушылары мен Сарыағаш ауданының кәсіпкерлері екен.

Ақсай каналынан электр қуаты өндірілмек

Жуалы ауданындағы Ақсай каналында жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайтын су электр станциясын салу көзделуде. Оны жүзеге асыру уақыты кейінге шегеріліп, алдағы жылға белгіленген болатын.
Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары – ауданның тіршілік көзі. Бүгінде Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр станциясы салынуда.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің дерегінше, Көксайдан бөлек, сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын салу жоспарланған. Инвесторы – «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Таңқурайдан түсетін табыс көп

Байзақ ауданының Құрметті ардагері, 71 жастағы зейнеткер Нұртаза Аманғозиев 10 жылға жуық уақыттан бері үй маңындағы егістікті кеңейтіп, 2 сотық жерге «Полька» сортты таңқурай егіп, табысқа кенелуде.
– Таңқурайымызға сұраныс көп. Тіпті алдын ала хабарласып, жазылып қоятындар да бар. Сондықтан да ерте көктемнен бастап бақшадан шықпаймыз. Жеміс толық піскенше жолдасым Бибінұр екеуміз тыным таппаймыз. Қажет кезінде балаларым мен немерелерім де жанымнан табылады. Олар арам шөптерді отау, жеміс түптерін қопсыту тәрізді жұмыстарды істейді. Уақытылы суаруға да қол ұшын береді. Дер кезінде суарып, дұрыс күтім жасалса, таңқурайдың 1 түбінен 5-7 келіге дейін өнім алуға болады. Жыл сайын жас буындарын көшеттесе, 2-3 жылда ол да өнім бере бастайды. Біз жыл сайын жас көшеттерді де сатып, пайда табамыз, – дейді қария.

Таластың көшелері тақтайдай тегіс

Ағымдағы жылы Талас ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бостандық ауылдық округіне қарасты Бостандық және Талапты ауылындағы 13 көшені орташа жөндеуден өткізу үшін барлығы 197929,0 теңге, оның ішінде Бостандық ауылындағы 8 көшені орташа жөндеуге 146209,0 мың тенге және Талапты ауылындағы 6 көшеге бюджеттен 51720,0 мың теңге қаражат бөлінді.
Қазіргі таңда Талапты ауылындағы Жүсіп Ата мен Итемген көшелерінің негізгі қабатын салу жұмыстары жүргізілуде. Қалған көшелерде асфальт жабыны салынып, жол жиегін жасау жұмыстары жүзеге асуда.

Шуда газдандыру жұмыстары қарқын алды

Шу қаласындағы «Оңтүстік батыс» 258,7 гектар тұрғын аумағында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, құжаттамаға сәйкес, аталған аумаққа жалпы 29 шақырым газ желісін тарту көзделген. Бүгінде 20 шақырымына газ желісі тартылған.
Бұл, жер телімдерін иеленген азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған және Жер кодексінің 44-бабының 5-3 тармағының талаптарына сай келеді.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.