Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жиырма бес, саған не дейін?!

0 1  050

Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Адам баласы жиырма бес жасына дейін тұлға болып қалыптасады», – деген екен. Жиырма бес жас, шынында да, жігіттің толған, толысқан мүшелі болып есептеледі халық есебінде.

Шапағат Әбдірұлы

Қазақ 7-10 жас аралығын қозы жасы деп атап, бұл жастағы жасөспірімдерге төрт түлік малдың төлдерінің ен-таңбасын, қасиеттерін тану талабын қойған. 10 жастан 20 жасқа дейінгі аралықты қой жасы деп атаған. Яғни ер бала осы жас аралығында қойқырқым, астық жинау (ору, жию, қамбалау) әдісін, сонымен қатар бағбандықтың да (көшет отырғызу, баптау, бұтау) түрлі амалдарын меңгеруі тиіс деп есептеген. Ал 20 жастан 30 жасқа дейін – жылқы жасы. Бұл кезде ер азамат ел танып, жер танып, өз алдына жол тауып, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жылқы сияқты сергек болатын кезі деп есептеген. Ал қырыққа келген азаматты елдің тірегі деп біліп, дүр жігіт деп атаған. Ал 50 жасқа келген ер азамат ел ағасы болдым деп өзінен кейінгілерге жөн-жосығын көрсетіп, ақылшы болған. 60 жас пайғамбар жасы деп сыйлы болған. 70-80 жас аралығында ата сақалы аузында, ақсақал атанып, төрде отыратын болған.
Ер жігіттің екі мүшелі жиырма бес жас десек, әлемді жаулаған Ескендір Зұлқарнайын да екі мүшелінің ар жақ-бер жағында дүниенің тізесін дірілдеткен екен. Ал Франция императоры Наполеон Бонапарт та екінші мүшелінде-ақ Тулон қаласын азат етіп, атағы ат бойындай көтерілген болатын. Мейлі, қалай айтсақ та, қазақ зиялылары да жиырма бес жасына дейін-ақ тарих бетіне таңбаларын қалдырып үлгерген. Ал қазақ даласында дүниеге келген әндердің көбі жиырма бестің екпінін жырлап, көбінде сол жастан өткендердің есіне алуымен аяқталып жататыны да осы жастағы оттың лапылдаған кезін сағынудан келгендей.
Жастықтың ең бір қызықты да жалынды шағы туралы жазылған жырларды топтастырып көріп едік, ендеше, сіз де өз жиырма бесіңіз жайында ойланыңыз, оқырман.

Базар Оңдасұлы

Екі ауылдың арасын
Қиқулатқан жиырма бес.
Бұғалықсыз асауды
Құр-құрлатқан жиырма бес.
Тынып таппай түн болса,
Сырғалатып сыртынан
Үй тыңдатқан жиырма бес.
Шынтақтасып қасына,
Шырт ұйықтап жатқанда
Тұр-тұрлатқан жиырма бес.
Жалтарғанды жаздырмай,
Қыран шалған қояндай
Бұлтылдатқан жиырма бес.
Ақысы кеткен кісідей
Көшкен елді қуалап,
Күн-түн қатқан жиырма бес.
Қыз-келіншек кез келсе,
Қыңырықтап құр кетпей,
Бір тіл қатқан жиырма бес.
Айдын көлдің аққуын
Атып алған жиырма бес.
Қай-қайдағы бәлені
Сатып алған жиырма бес.
Әр нәрсеге ұрынып,
Аман жүрмей, сау басын
Шатып алған жиырма бес.
«Өлем» деген ойда жоқ,
Күнәсі бар да, тәубе жоқ,
Қапы қалған жиырма бес.
Көрінгеннің қолында,
Әркімге бір «қор болып»
Аты қалған жиырма бес.
Бұл шама келгенде,
Қолдан келер амал жоқ,
Қимылдауға мажал жоқ,
Жатып алған жиырма бес.
Шың басына бір кезде
Шығып алған жиырма бес.
Бойындағы бар шырын
Сығып алған жиырма бес.
Көндей тұрған сауданы
Басқалардан көп беріп,
Жығып алған жиырма бес.

Екі ауылдың арасын
Қиқулатқан жиырма бес.
Бұғалықсыз асауды
Құр-құрлатқан жиырма бес.
Тынып таппай түн болса,
Сырғалатып сыртынан
Үй тыңдатқан жиырма бес.
Шынтақтасып қасына,
Шырт ұйықтап жатқанда
Тұр-тұрлатқан жиырма бес.
Жалтарғанды жаздырмай,
Қыран шалған қояндай
Бұлтылдатқан жиырма бес.
Ақысы кеткен кісідей
Көшкен елді қуалап,
Күн-түн қатқан жиырма бес.
Қыз-келіншек кез келсе,
Қыңырықтап құр кетпей,
Бір тіл қатқан жиырма бес.
Айдын көлдің аққуын
Атып алған жиырма бес.
Қай-қайдағы бәлені
Сатып алған жиырма бес.
Әр нәрсеге ұрынып,
Аман жүрмей, сау басын
Шатып алған жиырма бес.
«Өлем» деген ойда жоқ,
Күнәсі бар да, тәубе жоқ,
Қапы қалған жиырма бес.
Көрінгеннің қолында,
Әркімге бір «қор болып»
Аты қалған жиырма бес.
Бұл шама келгенде,
Қолдан келер амал жоқ,
Қимылдауға мажал жоқ,
Жатып алған жиырма бес.
Шың басына бір кезде
Шығып алған жиырма бес.
Бойындағы бар шырын
Сығып алған жиырма бес.
Көндей тұрған сауданы
Басқалардан көп беріп,
Жығып алған жиырма бес.

Үкілі Ыбырай

Қызды ауылдың сыртынан,
Қылаң еткен жиырма бес.
Қызды көрсем қиқайып,
Құлай кеткен жиырма бес.
Суға келген жеңгейге,
Ұнай қалған жиырма бес.
– Жеңге, халің қалай? – деп,
Сұрай қалған жиырма бес.
Қыз-бозбала жиналып,
Қызып кеткен жиырма бес.
Алдында мың қамалды,
Бұзып кеткен жиырма бес.
Іздесең де табылмас,
Өтті-ау, кетті-ау жиырма бес.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін ақситып,
Сұлуды құшқан жиырма бес.
Тастан қашқан түлкідей,
Сылаң қаққан жиырма бес.
Жастық шақтың қызығын,
Ұрандатқан жиырма бес.
Төрде жатқан кемпірден,
Қарғыс алған жиырма бес.
Бесіктегі баладан,
Алғыс алған жиырма бес.
Іздесең де табылмас,
Өтті-ау, кетті-ау жиырма бес.

Шортанбай Қанайұлы

Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Қаңқылдап қара қарға бүркіт болмас.
Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.
Қайырмасы:
Ахау, өтті-ау заман,
Қош бол, аман, жиырма бес,
Қайта айналып келмес маған.
Жабыдан айғыр салма жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма малды екен деп.
Жүйрікті жол үстіне тастап кетпе,
Қан түсіп аяғына қалды екен деп.
Жабыдан жүйрік шықпас баптағанмен,
Жаманнан асыл шықпас мақтағанмен.
Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды,
Алтындап томағасын қаптағанмен.
Қайырмасы:
Өлген соң арыстаннан тышқан артық,
Мейірімсіз, жаман достан дұшпан артық.
Қолына кей жаманның алтын түссе,
Қадірін біле алмайды мыстан артық.
Кісі емес, кісі артынан жамандаған,
Дос емес, дос көңілін таба алмаған.
Қолына кей жаманның тұлпар түссе,
Қандырып тақым құрышын шаба алмаған.
Қайырмасы:
Жақсы атқа жасық темір таға болмас,
Ит тері илегенмен жаға болмас.
Үлгісіз үлкендерді үрлесең де,
Қарны қампайғанмен аға болмас.
Жайлауда сән болмайды жайламаса,
Болмай ма құлын асау байламаса.
Өлген соң жылағанның керегі не,
Тірлікте бірін-бірі сыйламаса.

Кеңшілік Мырзабеков

Жолдас жиырма бес,
Саған не дейін?!
Сенің жолыңды қайтіп бөгейін?!
Дәм-тұз жарасқан тату күндерді
Егер тіл жетсе, айтып көрейін.
Жолдас жиырма бес, сенсің аяулым,
Үш жүз алпыс бес, сенсің ояу күн.
Түрін аңғарттың сансыз бояудың,
Жігін айырттың шаттық, қаяудың.
Басқа не керек, асқақ асулар,
Бар ғой алдымда ширек ғасырлар.
Кейде ойлайсың: «Сиреп кетті ме,
Ширек ғасырға сыймас жасындар?».
«Жоқ, жоқ» деймін мен ойдан кенет бір,
Заман шұғыласы заңды, демек, бұл:
Сан мың жиырма бес жасын жарқылы
Мынау дүниені нұрға бөлеп тұр.

Қази Данабаев

Жиырма бес, саған жетерде,
Желмая мініп келгенмін.
Жиырма бес, сенен кетерде,
Желқайық болып тербелдім.
Өзіңді кім деп қойыпты ел,
Оңаша қалып ашыл да,
Осылай сұрақ қойып көр,
Не істедім ширек ғасырда?
Жиырма бес жылда жүйрікке
Құлаштап құрық тастамай,
Жиырма бес жылда жүйріктей
Суырылып топты бастамай.
Ой қуып, білім бөктермей,
Өлі күндерге от бермей,
Кең дүниені көп көрмей,
Ұйқысыз түндер өткермей,
Селтеңмен уақыт өткенбе, ей!
«Домбырам басы долана»
Думанды топқа бара алмай,
Жиырма бес жаста Жер-ана,
Кеніңді қазып ала алмай.
Көңілім білмей сергуді,
Көкірегім жырмен оянбай,
Тап басып, баба, орныңды,
Балбала тас та қоя алмай,
Жиырма бес желіп барады-ай.
Жиырма бесте жасыл ойнатпай,
Жарқырап жанып қалмассың.
«Отызда орда қиратпай,
Қырықта қамал алмассың».
Жанбадым, жалын күткен ем,
Жегідей енді жеймісің.
Жиырма бесімде бітпеген,
Елуде бітер деймісің?!
Қайтпайтын маған көктем-ау,
Итеріп тастап кеткені-ау.
Жастықтың жарқын беттері,
Жиырма бесімнің өткені-ау.

Толымбек Әлімбекұлы

Жиырма бесте дағы болып едім,
Үйде болмай, бөтен жер қонып едім,
Сағындырған жиырма бес!
Шыққан мүйіз кәнікей соныменен,
Сонадайға жетпейді қолым менің,
Сағым қуған жиырма бес!
Ән салатын,
Тамсанатын,
Жеңгең ұрысып қарсы алатын
Ой, пәлі-ай, сағым қуған жиырма бес!
Жиырма бесте ағаларың,
Күшті болған, балаларым,
Ой, пәлі-ай, сағындырған жиырма бес!
Жиырма бесті мен дағы көріп едім,
Ақ моншақты әр жерден теріп едім,
Жырға толы жиырма бес!
Шашбаулыға шашалып бар малымды,
Сырғалыға жүректі беріп едім,
Сағым қуған, жиырма бес!
От болатын,
Шоқ болатын,
Бар болатын, жоқ болатын
Ой, пәлі-ай, жырға толы жиырма бес!
Түн ұйқысын
Төрт бөлетін,
Жанып, кейде өртенетін
Ой, пәлі-ай, сағым қуған жиырма бес!
Жиырма бесті мен дағы өлең еттім,
Төрт сұлуды бір күнде керек еттім,
Сағындырған жиырма бес!
Ұмытпадым сонда да ошағымды
Көрдіңдер ме, не деген кереметпін!
Сағым қуған, жиырма бес! – деп осы бір жігіттік жастың қадірін білуге, оны қолдан бостан-босқа шығарып алмауға үндейді. Әр заманның өз жиырма бесі бар. Манағы ат үстінде желпінген, желпіндірген жиырма бес енді сағым қуып, арнасына сыймаған өзендей толқындатады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.