Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жігерлі жастар жарқын болашаққа бастайды

0 724

Қазіргі қоғам алдында тұрған өткір мәселелердің бірі – жастар тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойындағы негізгі құндылықтар отбасынан басталады десек, оқу орындары – бағыт-бағдар беруші орта. Бүгінгі таңда жасөспірім ұл-қыздарымыздың арасында қоғамға жат әдеттер мен жағымсыз қылықтар көбейіп кеткеніне байланысты жас ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беру қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаты болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», – деген болатын. Бұл ретте өскелең ұрпақтың тәрбиесі өте маңызды мәселе екені даусыз. Біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, қоғам алдындағы парызы- мыз – ұлттық болмысын жоғалтпаған, рухы асқақ, адами құндылықтарды әрдайым артық көретін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге күш саламыз.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде болашақ маман тұлғасының рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүзеге асырылуда. Бұл студенттердің қазіргі буыны қоғамдық өмірдегі оқиғалардың тез өзгеруі, қоғамның дамуындағы динамикалық өзгерістер мен қарама-қайшы тенденциялар, ақпараттың өсіп келе жатқан ағымы жағдайында өмір сүретінімен түсіндіріледі. Осыған байланысты студенттердің рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәрбие – оқу орнындағы заманауи білім беру жүйесінің басым мақсаттарының бірі. Мәдени-адамгершілік тәрбие – студенттің рухани-адамгершілік мәдениетін дамытуды ынталандыратын формалар, құралдар, әдістер мен қағидаттар кешені. Сондай-ақ адамның әлеуметтік тәжірибені, мәдени-аймақтық қоғамдастық құндылықтарын, мәдениетін игеру дәрежесін арттыру, студенттерді адамгершілік құндылықтарға тарту, адамгершілік сезімдерін дамыту, адамгершілік ерік-жігерді қалыптастыру, адамгершілік мінез-құлыққа ынталандыру.
Колледжде тәрбие жүйесін жүзеге асыру үшін құнды теориялық тұжырымдама, теориялық идея қажеттілігі – өмір талабы. Тәрбие ісінде жаңа педагогикалық технологияны тиімді пайдалану, тәрбие шараларын өткізу формалары, тәсілдері өміршең, өзекті болу, құқықтық тәрбиені ұлттық тәрбиемен ұштастыру болғандықтан, өзара тәрбие сағаттарына, тәрбиелік іс-шараларға қатысып, озық іс- тәжірибе тарату жұмысы да жолға қойылған. Іс жүзінде бұл жастардың кез-келген істе және кез-келген мамандықта шығармашылық бастауға деген ұмтылысын тәрбиелеуді білдіреді. Тек материалдық қызығушылыққа ғана емес, сонымен қатар олардың мүдделері мен қажеттіліктерін рухани жүзеге асыруға баса назар аударылады.
Осынау ақпараттық технологияның дамыған заманында еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарын тек мамандық бойынша кәсіби білім алып қана қоймай, заман талабына сай білікті де тәрбиелі маман болып шығуына Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ұстаздарының қосып жатқан үлесі зор.
Оқу жылының басынан студент жастардың колледжде әлеуметтік бейімделуіне, рухани дүниесі кең жеке тұлға болып қалыптасуына міндеттелеген арнайы топ жетекшілері бекітіледі. Олар тәрбие жұмыстарын тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің 8 бағыты бойынша өткізілетін іс-шараларды жоспарлап, нақтылайды. Сондай-ақ студенттердің таңдап алған мамандығы бойынша тәрбие жұмысының тиімді жоспарын жасауға дұрыс ықпал ету, қажетті жүйені ыңғайлы ұйымдастыруға бағыт береді. Сонымен қатар топ жетекшілері тәрбие сағаттарын топтың шығармашыл, белсенді мүшелерінің ұсынысы бойынша түрлі жарыс, эстафета, акция, қайырымдылық шаралары және атаулы мереке күндеріне арналған ашық тәрбие іс-шараларын жоспарлайды. Бекітілген жоспарда болашақ маман иесі – студенттердің бойында ұлттық мәдениетімізді, озық салт-дәстүрімізді, тарихымыз бен әдебиетімізді бағалап, оны өмір тәжірибесінде насихаттай білуге баса назар аударылады. Сондай-ақ колледжде бәсеге қабілетті, парасатты, адал ұрпақтарды тәрбиелеу мақсатында «Саналы ұрпақ», «Көркем қыздар», әкелердің «Мұрагер», аналардың «Зере» клубтары өз жұмысын атқаруда. Бұл клубтар патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді.
Студенттік кезең – жастар адам өміріне қажетті жағымды қасиеттер, рухани құндылықтар жүйесін бойына сіңіретін, өмірлік тәжірибе жинайтын шақ. Оқу орнында студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жеке басын жетілдіруге, олардың тұлғалық дамуының әлеуметтік маңызды қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу және қоғамдық талаптарға сәйкес әрекет ету жұмыстарына да бағыт-бағдар беріледі.
Қазіргі қоғам алдындағы маңызды мәселелердің бірі «Жастарды қандай идеологиялық негізде тәрбиелейміз?», «Оның адамгершілік саналары мен әлеуметтік бағдары қандай болмақ?» деген сұрақтарға жауап беріп, оның жолдары мен әдіс-тәсілдерін көрсету болып тұр.
Жаңа Қазақстан азаматтарын тәрбиелеу, яғни олар өз бетінше ойлайтын, бәсекеге қабілетті, белсенді әрекет ететін, зияткерлік әлеуеті мен адамгершілік қағидаттары бар шынайы патриоттарды тәрбиелеу – қоғам мен білім беру мекемесінің алдында тұрған міндеттердің бірі.
Болашақ ұрпақ тәрбиесі – болашақты құрайтын азаматтарды сол ғасырға лайықты тәрбиелеу. Ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан ізгі, адамгершілік, патриоттық тәрбиенің негізімен тәрбиелеу.
Қорыта келгенде, тәрбие отбасынан бастау алып, оқу орнында жалғасады. Халық тіршілігінде өзінің өміршеңдігін танытқан тәлім-тәрбие қағидалары балаға ана сүтімен дариды. Халықтық, ұлттық педагогиканың негізгі мақсаты – болашақ ұрпақты адамгершілігі мол, инабатты, мейірімді, ізгі қасиеттерді бойына сіңірген, өз ұлтын, халқын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу. Бұл міндетті жүзеге асыру отбасы мен оқу орындарының үлесіне тиеді. Сондықтан осы заманғы тәрбиенің мәні халықтардың прогрессия, ізгілікті дәстүрлерін қайта жандандыру арқылы ұрпақтардың адамгершілігін нығайтуда жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тәрбие жетілген сайын халық соғұрлым бақытты болатыны тарихи шындық екенін ұмытпайық!

Нұрперзент ТУҒАНБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.