Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқорлықпен күрес нәтижелі ме?

0 252

Ашықтық пен әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру – қазіргі күннің басты талабы. Осыған бастайтын бір жол – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маңызды бағыттың бірін «Сыбайлас жемқорлықты жою» деп белгіледі. Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қаншалықты нәтиже көрсетті, алдағы жұмыстар қалай жүйеленбек?

Арайлым Шабденова

Жылды қорытындылайтын уақыт жеткен сайын әр мекеме өздерінің жұмыстарына есеп беруде. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті де атқарылған жұмыстарының есебін беріп, өңірлік коммуникациялар алаңында журналистердің сауалдарына жауап берді.
Жалпы жемқорлықтың алдын алуды, ағартуды және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестіру арқылы ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге болады екен. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев хабарлады. Ол атқарылған жұмыстарын жік-жікке бөліп, сандарды да сөйлетті.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылып жатыр екен. Бұл жобаны отандық «QLT» ІТ-компаниясы әзірлеп, Нидерланды корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қаржылық қолдауымен бүкіл республика көлеміне енгізілуде. Аталған жоба азаматтарға бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалаумен қатар, нақты бір бағыттар мен салаларға мемлекеттен қаражат бөлу туралы ұсыныс жасауға мүмкіндік береді.
– 2017 жылғы бюджеттің ашықтығына халықаралық шолуда Қазақстан бюджеттің ашықтығы индексінде 53 балмен «шектеулі» деген деңгейде болған. Салыстыра айтсақ, Грузия 82 балмен «айтарлықтай ашық» деген деңгейде екенін көрсетті. Мұндай жағдай мемлекет пен қоғамда экономикалық және әлеуметтік тұрғыда кері құбылыстарды тудырары сөзсіз. Сондықтан да бұл жобаны мемлекет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі деп қарастырып отырмыз. Бұл жобаның негізі мақсаты – мемлекеттік мекемелердегі бюджет қаражатының жалпы сомасын жариялап қана қоймай, қанша қаражаттың қандай мақсатта және қашан жұмсалғандығы туралы егжей-тегжейлі деректерді жұртшылыққа жария түрде ұсынып отыру. Ұсынылған деректер растаушы құжаттарын қоса тіркеу арқылы берілуі қажет. Сонда ғана «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасының жұртшылық үшін де, мемлекет үшін де тиімділігі мен пайдасы арта түспек. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» арқылы қажетті мемлекеттік мекемелердің бюджеттерімен танысамыз десеңіздер, https://publicbudget.kz порталына кіріп, өз пікіріңізді немесе сауалыңызды қалдырсаңыз болады. Портал интернет желісі арқылы кез келген азамат үшін қолжетімді, – деген Равиль Төлебаев жобаның мүмкіндіктері мен бірқатар мәселелердің шешілетіндігін жеткізді.
Мәселен, жоба іске асса, ата-аналардан негізсіз ақша жиналмайды екен. Мектепті жөндеуге жоспарланған барлық қаражат пен құрал-жабдықтар егжей-тегжейлі ата-аналарға көрсетіледі. Сондай-ақ жобада көрсетілетін қызмет сапасын жоғарылату, бөлінген қаражат туралы ақпараттың қолжетімсіздігін жою, мемлекеттік мекемемен кері байланысты қолжетімді ету, тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы байланысты бақылауды нығайту секілді бірнеше пункттер кіреді. Карта ресурсы жұмсалып жатқан қаражат сомасын автоматты түрде талдап, ұқсас объектілермен салыстырып отырады. Шығындардың айтарлықтай жоғарылатылғаны, не болмаса төмендетілгені байқалған жағдайда жүйе тәуекел аймағын көрсетіп тұрады. Осылайша, қоғамдық бақылауды жеңілдете түседі. Жоба алғаш рет 2018 жылғы қараша айынан бастап елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланған. Аталған жобаны Жамбыл облысында жүзеге асыру мақсатында департамент тиісті мекемелермен тұрақты байланыста. Жамбыл облысында қазіргі таңда 1084 мемлекеттік мекеме интерактивті картадағы кабинеттерін құрған болса, оның ішінде бекітілген кестеге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басқармалары мен бөлімдеріне бағынысты 900 мекеме (мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар, орталықтар, т.с.с.) өз бюджеттері туралы мәліметтерді енгізіпті. Ал әкімдіктердің, басқармалар мен бөлімдердің және аумақтық органдар мен ауылдық округтерге қарасты мекемелердің бюджеттерін картаға енгізу жұмыстары алдағы 2020 жылы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ департамент еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға сәйкес парамен ұсталған азаматтардың қызметке қайта тағайындалғанын анықтаған. Мониторингте 2000-нан аса адам қамтылып, қорытындысы бойынша Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай аудандарының басқару функциясымен байланысты азаматтық қызметке сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс жасаған 11 тұлға қызмет атқарып отырғандығы анықталыпты. Оның ішінде мектеп директорлары, жұмыспен қамту орталығы, мәдениет үйі және басқа да мемлекеттік ұйымдардың басшылық лауазымдары бар.
– Өздеріңізге белгілі, еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға сәйкес, «бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасаған адам әрі қарай мемлекеттік қызметке немесе азаматтық қызметке басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды» деп нақты көрсетілген. Ол бойынша қабылдаған тұлғаның да тиісті жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, «бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауы бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады» делінген. Департаментпен мониторинг барысында анықталған фактілер бойынша мән-жайларды анықтап, тиісті шаралар қабылдау жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданған болатын. Департамент бұл бағыттағы бақылауды күшейтеді, – деді Равиль Төлебаев.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық деңгейін түпкілікті азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың жаңа пакетін дайындау кешенді жүргізілуде екен. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адалдық алаңында» нәтижелі жұмыс жасауда.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда үкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты, бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Ең бастысы, пара берген де, пара алған да заң алдында жауап беретінін ұмытпағайсыз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.