Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқорлыққа жол бермеу – басты назарда

0 2  892

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,
Тараз қаласының әкімі

Сыбайлас жемқорлық – заман ағымымен бірге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай келе жатқан кеселдің бірі. Бұл біздің жас мемлекетіміздің беделіне орасан зор нұқсан келтіретіні белгілі.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Біз соңғы жылдары осы салада бірқатар маңызды қадам жасадық. Себебі қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек», – деген болатын.
Бұл бағытта Тараз қаласында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы жергілікті атқарушы органдарда барлығы 166 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша жыл басынан бері 24 іс-шара бекітіліп, оларға 850-ге жуық адам қамтылды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша жалпы саны 18 шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 25 қаңтар күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің превенция басқармасымен бірігіп Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде «Сыбайлас жемқорлық – қоғам індеті» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Бұдан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев Жамбыл облысы мемлекеттік күзет қызмет басқармасында кездесу өткізді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстан» атты челлендж ұйымдастырылды. Шара жастардың бойында парасаттылық, адалдық қағидаларын сіңіруге бағытталды. Сондай-ақ 30 қаңтар күні сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының білімгерлеріне таратпа материалдары таратылды. Ал 17 сәуір күні Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бірлесе М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Адал ел жемқорлыққа қарсы!» атты басқосуға ұйытқы болды.
Биылғы жылы жүзеге асырылатын мемлекеттік әлеуметтік жобалардың тақырыбына «Жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу» атты бастамаға 2 000 000 теңге бөлініп, 26 ақпан күні мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесінде, «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды.
Жемқорлық сипаттарын болдырмауды насихаттауға бағытталған «JAMBYL» және «77 ТV» телеарналарында 7 сюжет көрсетіліп, әлеуметтік желілерде – 11, «Jambyl-Taraz» газетінде 8 мақала жарияланды.
Сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және алдын алу мақсатында қаланың орталық көшелерінде 6х3 метр өлшемінде 5 баннер орналастырылды.
Қалада М.Жүнісәлиев, №1 және Төле би, №55 мекенжайында «Сервистік әкімдік» ашылған. «Сервистік әкімдіктер» тиісті жабдықпен қамтамасыз етіліп, тұтынушылар үшін Wi-Fi интернет желісі қосылған.
Тағы бір айта кетерлігі, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы аясында қала әкімдігіне бағынысты барлық мекемелердің 2024 жылға арналған бюджеттері интерактивті картаға орналастырылып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау және оның себептерін жою мақсатында нақты шаралар қабылданып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын ішкі талдау жүргізу механизмі әкімдікте кеңінен қолданылуда.
Барлық мекеме басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы жоспар жасау және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, ішкі бақылау жұмыстарын жандандыру бойынша шаралар қабылдаған.
Әкімдік қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша «дөңгелек үстел» отырыстары, семинар, түсіндірме жұмыстары тұрақты өткізіліп, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылық жасағандарға қатаң жазаға тартылғандардың тағдыры туралы тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің 2024 жылғы 26 қаңтардағы №03-11/03 шешіміне сәйкес, құқықтық түсіндіру жұмыстары аясында мемлекеттік органдардың бірінші басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығы туралы барлық мемлекеттік қызметшілердің назарына жеткізілді.
Әкімдік тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды орындау үшін алдағы уақытта да тиісті жұмыстар өз деңгейде жүргізіле беретін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.