Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шөп шабу жұмыстарын жеделдету қажет

0 847

Биылғы көктем жауын-шашынды болғандықтан, жол жиектері, арық-атыздардың жиектері, саябақтар мен үйлердің аулаларында шөп қалың өсті. Ал жаз мезгілінің таяп келе жатқанын ескерсек, қураған шөп өрт шығу қаупін күшейтуі мүмкін.

Осыған орай, шаһар көлемінде шөп шабу науқаны қарқын алуда. Алайда бір «Жасыл ел-Тараз» мекемесі жұмысшыларының күші бұған жетпейтіні анық. Себебі мамандар бір аймақтың шөбін екі-үш мәрте қайтара оруда. Бұл өз кезегінде көп уақыт пен жұмыс күшін қажет ететіні түсінікті. Міне, осы маңызды науқан мәселесі мен өзге де түйінді түйткілдер қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте жан-жақты қаралды.
Аппараттық кеңесте ең алғашқы болып сөз алған қала әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиевтің баяндамасына сүйенсек, шаһар аумағында көріктендіру және көгеріштендіру, сонымен қатар тазалық жұмыстарын сақтау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Атап айтар болсақ, гүлзарлар мен саябақтарда 370 000 дана көпжылдық және мерзімдік гүлдер отырғызылған. Биылғы жоспар 1 млн дана гүл болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы арнайы бекітілген жерлерге 7 540 дана тал көшеті егілген.
Ал, ең маңыздысы, қала аумағының көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында қоқыс қалдықтары тазаланып, шөптері шабылуда. Бүгінгі күнге 968 000 шаршы метр аумақта 2 қайтара шөп ору жұмыстары жүргізіліп отыр. 38 шақырым арық жүйесі күл-қоқыстан тазартылған. Шөп ору жұмыстарына округ инспекторлары да өз жұмысшыларын жұмылдырып жатқанымен жұмыс күші жетпей жатқанын мамандар ашып айтуда. Міне, осы мәселеге қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы да айрықша тоқталып, шөп ору науқанының маңыздылығын баса айтты.
– Қала ішіндегі шөп шабу жұмыстарына бір ғана «Жасыл ел-Тараз» жұмысшыларының күші жетпейді. Сондықтан барынша күш біріктіріп, бұл жұмыстарға кәсіпкерлер, кәсіпорындар, қала тұрғындары да атсалысу керек. Қазірден жұдырықша жұмылмасақ, ертең қураған шөптен өрт шығуы мүмкін, – деді қала әкімі.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, қаңтар-мамыр айларындағы бюджеттің болжамды орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол жөндеу жұмыстары, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар беру, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды мәселелер де қаралып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.