Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желтоқсаншылармен жарқын жүздесу

0 596

Сонау 1986 жылы күллі Кеңес Одағын дүр сілкінткен Желтоқсан оқиғасы әлі күнге жұрт жадынан өшкен жоқ. Сол кезде алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш – өршіл намыс пен асқақ рух еді. Желтоқсаннан кейін барып Кеңес елінің түкпір-түкпірінде сан түрлі толқулардың болғаны, ақыры араға 5 жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға белгілі.

Желтоқсан көтерілісіне Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
Биыл аталған оқиғаға 37 жыл толды. Соған орай Ардагерлер үйінде желтоқсаншылармен кездесу өтті.
Басқосуға желтоқсантанушы, публицист, 16 томдық «Желтоқсан» кітабының авторы Талғат Айтбай, «Тәуелсіздік. 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байниязов, ақын, желтоқсаншы Әділхан Халелхан, күйші Аман Малдыбай, Жамбыл облысы «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бердалиев және оқиғаның өзге де қатысушылары мен жастар қатысты.
Шара барысында Желтоқсан қаһармандары өткенге шегініс жасап, сол бір қасіретті күндерден сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ белгілі сазгер Әбиірбек Тінәлі «Желтоқсан желі» әнін әуелетіп, жиналған қауымның көңіл қылын шертті.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.