Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желімге желіккен оңбайды

0 377

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дегенді жиі айтамыз. Тұрмыстың ағымымен, жұмыстың көптігінен оларға тіпті көңіл бөле алмай, бетімен жібереміз. Баламыз жамандыққа ұрынғанда ғана ес жиып, бармағымызды тістейміз. Бүгінгі жасөспірімдердің әуес болған тағы бір кесапат әдеті – улы заттар иіскеу, яғни кәдімгі токсикомания.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

2017 жылы шаһарды дүр сілкіндірген оқиға әлі күнге дейін көптің есінде. Бүкіл елді дүрліктірген жағдай сол жылдың қараша айында болған еді. Із-түзсіз жоғалған 4-ші сынып оқушысының өлі денесі балабақша маңындағы топ ағаштың арасынан табылған. Кейін 7-ші сынып оқушысы басты күдікті ретінде ұсталады. Өйткені екеуінің бірге ойнап жүргенін тұрғындар көрген. Тексеру нәтижесінде, Никитаның зорланғаны әрі тұншықтырылғаны анықталып, екеуінің де желім иіскегені белгілі болды. Токсикоманияның соңы осындай жаға ұстатарлық жағдайға апаруы мүмкін.

Атауының өзі айтып тұрғандай токсикомания наркоманияның бір түрі. Сөздікке сүйенсек, токсикомания – бұл желім, лактар және басқа да тұрмыстық химиялық препараттар секілді денсаулыққа улы, зиян, уытты заттар мен кейбір медикаменттерді мөлшерден тыс пайдалану. Оларды пайдаланған кезде бастапқыда әлсіз масаңсу, яғни эйфория күйі туындайды, содан соң есінің шатасуы, бейімделудің жоғалуы, құсу пайда болады. Қазіргі уақытта 9-15 жас аралығындағы кейбір балалар көбіне желім, лак секілді денсаулыққа зиянды, уытты заттарды пайдаланады. Кейбір заттар сандырақ, алдамшы қабылдау, иллюзия, өзінің мүмкіндіктерінің шексіздік сезімін, ойлау қабілетінің бұзылуын, өзін-өзі бақылаудың жоғалуын шақыруы мүмкін. Дозаларының жоғарылауы тырыспалар мен өлімге әкеліп соқтырады. Өкінішке орай, осы әуестіктің кесірінен ажалға қарай адым басып, улы заттарға үйірсек болып жүрген жасөспірімдердің саны қаламызда көбейіп барады. Бұл – қала көшелерінің қараңғы қуысында, жертөле мен ағаштар арасында жүретіндердің «демалу» тәсілі. Күнделікті жұмыстан үйге келе жатқанымызда мөлтек аудандардағы көп пәтерлі үйлердің арасынан қолдарына целлофан пакет алып, ауыздарына тосып иіскеп жүрген балаларды бірнеше рет көзіміз шалды. Уытты заттарды иіскеп, елітуге үйренген баланы анықтау – ең қиыны. Айталық, оқушы сөмкесінен немесе киімінің қалтасынан ата-анасы қарапайым тұрмыстық желімді тапты делік. Сөз жоқ, оған көңіл аудармайды. Аяқ киімін жөндеуге пайдаланатын зат екен дейді де қояды. Бірақ сіз індете іздеп, тауып алған зат тұрмыстық желімнің қаншалықты зиян екенін білесіз бе? Оның қарапайым бір түрі – базарда сатылатын арзанқол «Монолит» желімі. Бұдан бөлек, «Супермомент» желімі, әр түрлі спрейлер де болуы ықтимал. Оны пайдалану тым оңай. Кез келген таса жерде целлофан қапшыққа кішкене тамызып, бірер минут иіскесе болғаны, ұзамай-ақ бала бойында масаңдық сезімін тудыра бастайды. Осылайша, әуелі «бір көрсем – ештеңе етпес» деп құрбы-құрдасына жай еліктеуден басталған мұндай қызығушылық бірте-бірте уытқұмарлыққа апарып соқтыруы мүмкін. Тіпті, осындай әрекет жасап, естерінен адасқан қатарластарын көрген інілеріміздің үйге шошып келген сәттері де болды. Балалар мұндай жағдайды мектепке, психологтарға хабарлауға жүрексінеді. Себебі оқушылар арасындағы әлімжеттік бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы жәйттердің әсерінен бүгінде қалада қанша токсикоман жасөспірім бар екені анықталмай отыр.

Жамбыл облысы полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы, полиция полковнигі Қуаныш Қалжановтың айтуынша, өңірде 2 жасөспірім токсикоман ретінде тіркеуде тұр. Ал Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің берген мәліметі бойынша өңірде 8 адам, оның ішінде 1 жасөспірім токсикомандар тізімінде. Қос тараптың бізге берген мәліметтеріне қарап ызадан еріксіз езу тартасың. Бұл ресми органдардың токсикомандарды анықтауда немқұрайлылық танытып келгенін айғақтайды. Шаһарда көпшілік куә болып жүрген көріністер олардың санының едәуір көп екендігін дәлелдеп отыр.

Көп жағдайда наркологиялық диспансерге токсикомандарды масаң күйінде жергілікті учаскелік полицейлер әкеледі. Бекітілген медбикелер мен дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстайды. Уытқұмарлардың бұл мекемеге бас сұғуы обьективті және субьективті түрде жүзеге асады. Обьективті түрде ата-анасының, туыстарының хабарлауымен келсе, субьективті түрде өзінің токсикоман екенін мойындап емделуге бел буады. Алайда соңғысының қарасы аз. Токсикоман екенін мойындаудан гөрі, жасырынып, сол істен ләззат алып жүргенді жөн көреді. Науқастардың дені бензин, солярка, желім иіскейді екен. Тағы айта кететін жәйт, наркологиялық диспансерде нашақорларды, маскүнемдерді анықтайтын лаборатория бар, ал токсикомандар үшін ондай лаборатория қарастырылмаған. Токсикомания дертімен жасөспірімдер ғана емес, оң-солын таныған ересектер де «ауырады».

Орта білім беретін білім ошақтарында аталған проблемаға қарсы оқушы-лармен айына бір рет түсіндірме жұмыстары жүргізіледі екен. Бұл туралы №46 мектептің психологі Гүлмира Абирбаевадан білдік.

– Айына бір рет мектептегі барлық сыныптарға арнайы бас сұғып, токсикомания мен наркомания бойынша 5-7 минуттық алдын алу шарасын жүргіземіз. Психолог болғаннан кейін мұндай проблемаларға бей-жай қарай алмаймыз. Негізінен жас жеткіншектердің токсикоманияға ұрынуына отбасылық, әлеуметтік жағдайының төмендігі себеп. Кез келген проблеманың пайда болуы баланың жүрген ортасына тікелей байланысты. Ал №46 мектепте мұндай жағдай орын алған жоқ. Себебі біз әр баланы жіті бақылауда ұстаймыз,– дейді психолог.

Мәселенің мәніне әріден келу үшін қаладағы бірнеше құрылыс дүкендеріне бас сұғып, желімнің өтімділігін сұрастырып шықтық. Әлденеден үрейленген бірнеше саудагер біздің сұрақтарымызға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Тек қана «Балаларым үшін алаңдап, желім сатудан бас тарттым» деген Айнұр есімді жеке кәсіпкер жасөспірімдер арасында желім иіскейтіндердің бар екенін, тіпті көп екенін растады.
– Осыдан жарты жыл бұрын ғана табысымның төмендейтініне қарамастан, құрылысқа пайдаланылатын «Момент» желімін оқушыларға сатуды доғардым. Құрылыс заттарын сатумен айналысқан 2 жыл ішінде тауарлар арасында желімнің жиі өтетінін аңғардым. Алғашында мән бермеген болатынмын. Кейіннен байқап қарасам, желімді мектеп оқушылары көбірек алады екен. Күніне 10-12 дана желімді 12-14 жас шамасындағы балалар сұрайтын. Бір күні 8 сыныпта оқитын қызым үй артынан целлофан иіскеп, басы айналып құлаған баланы көріп шошып келді. Кейін, расында, шағын аудандардағы қуыс жолдарда желімнің қоқыстарын көретін болдым. Мұндай сұмдық жағдайға балаларым да тап болуы мүмкін деген оймен оқушыларға «Моментті» сатпайтын болдым», – деді саудагер.

Сол себепті баланың тәртібі мен тәрбиесін қадағалап, көзден таса қылмау әр ата-ананың басты міндеті екенін айтудан шаршамаймыз.
Қалай болғанда да, бұл өте өзекті әрі өткір мәселе. Егер ата-ана баласының токсикоман екенін аңдамаса, мектептегі мұғалім оқушыларды қадағалауы тиіс. Егер күнделікті қызмет кезінде шәкірттерінің бірінің сабаққа құлықсыздығын, үнемі шаршаңқы күйде жүргенін байқаса, педагог ретінде бақылау жүргізіп, ата-анаға және дәрігерлер мен психологқа хабар беруі тиіс. Бұл бір жақты ғана бақылау жүргізетін мәселе емес. Кейде мұндай жағдай анықталса, «жапалақпен тасты ұрса да, таспен жапалақты ұрса да жапалақ өледі» дегендей бар кінә мұғалімнің мойнына ілінеді. Осындай шарасыз хәлге түспеу үшін мұғалім көзбен көріп жүрген жағдайды ата-ананың жауапкершілігіне ысырып, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Екі ортада жапа шегетін – бала. Бұл – мектеп пен ата-ананың, ювеналды полиция бірігіп күш жұмсайтын проблема. Көкейге түйгеніміздей, ресми органдардың да бұл мәселені бақылауда ұстау жұмыстары мардымсыз болып отыр.

Бала – болашағымыз, ертеңгі үмітіміз. Олардың денсаулығы ұлттың болашағына әсер етуші бірден бір фактор. Адам ұрпағымен мың жасайтынын ескерсек, токсикомания мәселесі күн тәртібіне еніп, мүдделі мекемелер арнайы жұмыстар жүргізуі қажет. Дабыл қағып, даурықтырмайтын мәселе көрінгенімен, күнделікті көріп жүрген жәйттер ертеңгі күні көсегемізді көгертпейтінін баса айтқымыз келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.