Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыс сараланып, жоспар нақтыланды

0 152

Баға беріліп, алғыс та айтылды

Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов М.Әуезов атындағы №33 орта мектебінде №7 округ тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін назарға алды.
Кездесуге қала басшылығы мен қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов пен бөлім басшылары қатысты. Әуелі шаһар басшысы аумақ тұрғындары алдында былтырғы жылы қалада атқарылған жұмыстарды баяндап, әлеуметтік-экономикалық салада оң динамика қалыптасқандығын айтты. Ал алдағы уақытта индустриалды аймаққа айналу үшін жұмыла жұмыс жасау қажеттігін айтқан Ғалымжан Райылұлы аумақ тұрғындарын қала тазалығына ұқыпты болуға шақырды. Ресми мәлімдемеден соң тұрғындар талап-тілегін жеткізіп, аумаққа қарасты мәселелерді меңзеп өтті. Мәселен, М.Мәметова мен Балуан Шолақ көшелерінің қиылысында орналасқан бағдаршамның істен шығып қалғаны тұрғындарды алаңдатып отыр. Соның салдарынан соңғы жылдары көптеген апаттар орын алып, соңы өлімге әкеліп соқтырған жағдайлар кездесіпті. Мәселенің мәнін тыңдаған қала басшысы мұны жиында тиісті сала иелеріне тапсырды.

Сондай-ақ, есепті кездесуде тұрғындар үшін қоғамдық көліктің де күрделі мәселеге айналғаны айтылды. Аумаққа қатынайтын бұл қатынас құралдарының сыйымдылығы тұрғындар үшін тарлық етуде.

«Абай қиылысында тұратын тұрғындар қолданатын жалғыз бағыт – №38 маршрут. Қоғамдық көліктердің уақыт арақашықтығы ұзақ, сыйымдылығы аз. Бұл бағыттағы шағын автобустарға сыймай жататын кездер көп болады. Аялдамаға да кейде тоқтамай өтеді. Алайда ертемен жұмысқа баратын немесе балаларын мектеп пен балабақшаға таситын тұрғындар үшін таңғы сағат жеті жарымнан тоғызға дейін қоғамдық көлікке міну мұң. Үлгерсең, діттеген жеріңе уақытында жетесің, үлгермесең, кешігуіңе тура келеді» – дейді тұрғындар.

Тұрғындар назына сол жерде қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері 11 ақпаннан бастап тасымалдау мәселесін шешуге арналған тағы бір маршрутты іске қосу жоспарланып отырғандығын айтты.
Сонымен қатар, аумақта өзбек тілінде оқытатын №4 орта мектеп орналасқан. Келелі жиында мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әбдрахман Зайнутдин өзбек этно-мәдени бірлестігінің атынан сөз алып, тұрғындар тілегін айтты.

– 1958 жылы салынған мектеп ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстарын көрген жоқ. Ал косметикалық шаралар оқушылардың өміріне қауіп төндіретін тұстарын ғана жасырады. Үш қабатты ғимарат қай уақытта толықтай іске қосылады? – деген төрағаның тілегі ағымдағы жылы шешімін табатындығына қала басшылығы сендірді.

Облыстық мәслихат депутаты Гүлдара Нұрымова да көше жолдарының жөндеу жұмыстарын талап ететіндігін, жарық бағаналарын орнату мәселесіне басшылықтың назар аударуын өтінді.

Тұрғындармен болған қала әкімінің жүздесуінде мәселелер де жасырынып қалмады, жасалған іске баға да беріліп, алғыс та айтылды.

Мөлтек ауданда мәселе көп

Қала әкімі №39 мектеп-гимназиясында №8 аймақ тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
Жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары өткен жылғы есептік кездесуде түскен азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін жүзеге асыру барысы туралы ақпарат берген қала әкімі үстіміздегі жылға қойылған мақсат-міндеттерге де тоқталды. Шаһар басшысының есебінен кейін жарыссөзге шығушылардың қатары қалың болды. «Алатау», «Мыңбұлақ», «Самал» ықшам аудандарының тұрғындарының басым көпшілігі учаскелік полицияның қызметіне көңілі толмайтындықтарын айтса, енді бірі аймақтан сайланған депутаттардың қабылдауына кіру қиын екендігін айтты.

– Бүгінде қала тыныштығын күзететін, аулаларда тәртіп орнататын учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілім толмайды. Қашан барсаң орындарында жоқ. Жұмыстарын жүйелеу керек. Сондай-ақ зейнеткерлердің жолақысын тегін қылуды қарастырсаңыздар, – деді «Мыңбұлақ» ықшам ауданы №17 үйдің тұрғыны Ольга Михаилқызы.

Ал «Самал» мөлтек ауданы №32 үйдің тұрғыны Жаңыл Наурызбаева болса, №13-16 үйлердің алдына көше жарығын орнатуды, №31 үйге қарасты арыққа баратын жолды бітеп, арық бойындағы талдар сусыз қурап, құлаудың алдында тұрғандығын жеткізді. Сонымен қатар осы мөлтек аудандағы №30 үйдің тұрғыны Айша Иманқұлова болса, жеке кәсіпкерлердің қоқыс шығаруға салғырт қарайтындықтарын, көше бойына үйілген тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін еместігін айтып, көмек сұрады. «Салтанат» мөлтек ауданы №22 үйдің тұрғыны Ұлбосын Саржанова полиция пунктін орнатып беруді өтінді. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-тілегін жеткізген ол есік алдында бос жатқан орында балалар ойын алаңшасы болса дейді. Сонымен қатар тұрғындар №5 ықшам ауданда №23 бағытта қатынайтын автобустың уақыт жиілігі көп екендігін, көлікті сағаттап күтетіндіктерін айтып, осы бағытта қоғамдық көліктің санын көбейтуді сұрады.

Мөлтек аудан тұрғындарының басым көпшілігі тал-дарақтарды кесу, емханалардағы талон алып телмірген жандардың бітпейтін кезегін, жол ақысы, ойын алаңшалары мен көлік тұрақтарын ретке келтіруді сұрады. Есепте көтерілген сұрақтарға шаһар басшысы мен жауапты сала мамандары жауап берді.

Тұрғындар тілегі орынды

Бір жыл бойы атқарған жұмыстары туралы жыл сайын халыққа есеп беруді дағдыға айналдырған басшылықтан әлеуметтің жақсы жаңалық күтетіні белгілі.
Осы мақсатта қаңтар айының соңынан бастап қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қаладағы барлық округ тұрғындарымен кездесіп, назына құлақ асты. Шаһар басшысының кезекті кездесуі Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектепте өтті. Онда №9 округ тұрғындары түйіні тарқамаған мәселелерді тізбектеді.
Әлеумет әлеуетін көтеру үшін жасалған оңды істермен қатар, қалада күрмеулі мәселелердің бары белгілі. Жол салу, жарық, су, қоғамдық көлік, тазалық, жол белгілері секілді кейбір түйткілдер тұрғындардың титығына әлі де тиіп келеді. Аталмыш аумақта өткен есепті жиында атаған мәселелердің барлығы тұрғындар тілегіне айналды.

Мәселен, Жібек жолымен «Арай» алқабына шығатын тұста жол қозғалысын реттейтін белгілер мен жол үсті таңбалары жоқ. Ал бұлардың тұрғындарды қауіпсіздікпен қамтамасыз ететінін ескерген жөн. Сондай-ақ, «Арай» алқабында кәріз су жүйесі жүргізілмеген. Аумақтағы қоғамдық көлік қызметін кестеге сай жүргізбейді. Есепті кездесуде ортаға шығып, қала басшылығына базынасын айтқан 1 ғана тұрғынның пікірі бұл.

«Аумаққа келетін автобустарды 40 минут-1 сағаттап тосуға мәжбүрміз. Ал сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктердің аумаққа қатынауы бәсеңдейді» деген «Арай» алқабының тұрғыны Т.Әзбергенов қатынас құралы қызметіне осылайша шағымданды.

– Қалада 10 тасымалдаушы мекеме бар. Олардың барлығы жекеменшікке өткен. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды бұл компанияларға жеткіземіз. Биыл қаладағы бірқатар шағын автобустарды ірілендіру жағын жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жаңа автобус қызметін іске қосу көзделуде, – деген қала басшысы орынбасары Бейсенбек Жанбосыновқа округ тұрғындарымен кездесу қажеттігін жүктеді.

Ал аталмыш алқапта 4 көшеге әлі күнге атау мен үй нөмірлері қойылмаған. Бұған байланысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Бұқара базынасы тыңдалды

Шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов №10 округ тұрғындарының алдында есеп берді.
Жиында әкім есебін тыңдап, шаһар басшысына көкейдегі сауалдарын жолдамақ болған халықтың қарасы қалың болды. №18 орта мектептің акт залына жиналған аймақ тұрғындары қалада 2018 жылы атқарылған жұмыстармен танысып, баяндамада айтылған нәтижелерге оң баға берді.

Ел ішінде «За линией» аталып кеткен, қаланы қақ жарған темір жолдың арғы бетіндегі аумақтың басым бөлігі жеке тұрғын үй болғандықтан, мұндағы мәселелердің дені инфрақұрылымға байланысты болып отыр. Тұрғындар жолдың жауын жауса батпаққа айналып, оқушылардың сабаққа баруы қиындай түсетінін айтып ашынды. Округте бірнеше үлкен орталық көше бар. Ал тұрғын үйлердің негізгі бөлігі орналасқан көшелерге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Кей жолдарға округ бой көтерген кезеңнен бері асфальт төселмеген, ал соңғы жылдары салынған жолдардың сапасына газ құбырларын жүргізген тұста сызат түсіп, бүгінде үлкен қолайсыздық тудыруда. Ата-аналар осы келеңсіздіктің кесірінен балаларына алған қысқы аяқ киімдерінің бір маусымға жетпей жатып киюге жарамсыз болып қалғанын айтып, шағымданды. Көшелерде жарық шамдарының жоқтығы өз алдына бөлек мәселе. Қариялар мен балалар қараңғыда далада жүруге жүрексінеді. Бір жерде сүрініп құлаудан да сорақысы, қас қарайған шақта қылмысқа бекінген қаскүнемдердің айласына түсіп қалу қаупі арта түседі.

Округте күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті жәйттердің бірі қоғамдық көлік мәселесі. Таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытында автобустар алғашқы аялдамадан-ақ лық толы болады. Себебі аймақ тұрғындары жаппай жұмысқа, ал студенттер оқуға қатынайды.

Тұрғындар шаһар басшысына өтініштерін жазбаша түрде жолдап, көп жылдан бері қордаланған мәселелердің түйіні жақын арада тарқайтынына сенім білдірді. Өз кезегінде қала әкімі аталмыш аймақтың ахуалымен таныс екенін атап өтті.

– Бұл округтегі мәселелердің барлығымен таныспын. Кемшіліктер мен олқылықтардың орнын толтыру мақсатында арнайы жұмыс тәртібі орнатылып, қазіргі ахуалды реттеуге күш саламыз, – деді Ғалымжан Райылұлы.

Ал Шалғай Қарасудағы тұрғындардың түйткілі бұдан да күрделі. Аумақтағы көшелердің көше сықпыты жоқ. Нақты мекенжай мен атаулары бар. Алайда жердің батпағы мен ретсіздіктің кесірінен жедел жәрдем көліктері науқасқа жете алмай тар жол тайғақ кешуге мәжбүр.

– ХХІ ғасырда өмір сүрсек те, ауыз суды үйімізден шалғай орналасқан колонкадан тасып ішуге мәжбүрміз. Су құбырлары мен газымыз жоқ. Сол себепті, көмір жағамыз. Кәріз жүйесін жасап бермесе де осы екі мәселе реттелсе екен. Астанада болған соңғы жағдай бізде де орын алмасына кім кепіл? – дейді тұрғындар.
Жиын соңында бұқараның базынасын толықтай тыңдаған Ғалымжан Әбдірайымов округтегі мәселелерді назарда ұстап, жедел түрде халықтың өтінішін орындауға уәде етті.

Шалғай елді мекенде шаруа шаш етектен

Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың №11 аймақ тұрғындарымен кездесуі №56 орта мектепте өтіп, тұрғындар сауалдарын тастады.
Жиында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған шаһар басшысы қойылған міндеттерді жүзеге асырудың да жолдарын баяндады. Одан кейін жиында сөз алған «Қолдау» ЖШС-нің бас сәулетшісі Сәкен Абулдин «Құмшағал» алқабында жасалынатын жұмыстар легін айттып берді. Бұрын Жамбыл ауданына қараған аймақта 28 саяжай бар. Бұл аймақтағы мәселелердің басым бөлігі көшенің жарығы, жолдың жоқтығы, ауыз су мен көгілдір отынның тапшылығы. Ал мердігер компания өкілі бұл мәселелердің шешу жолдары қарастырылып жатқандығығын, сол үшін арнайы жасалған жобаның нобайын көпшілікке таныстырды.

– Алдағы уақытта 28 саяжайды жеке тұрғын үй есебіне ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Тіпті әкімдік тарапынан бұл жұмыстар басталып та кетті. Негізгі инжинерлік-инфрақұрылым барлық талаптарға сай болуы керек. Сол үшін мердігер компания бар мәліметтерді жинап, жоспарға сай жұмыс жасап жатыр. Жалпы аймақта 4831 тұрғын үй, 3 мектеп, 1 балабақша бар. Санитарлық қорғау аймағында 25 үй орналасса, 900-ге жуық үй салынып жатыр. Ал адам саны – 17 мың. Алдағы уақытта шамамен 3600 адам қосылады деп күтілуде. Ал 2024 жылы 20600 тұрғын болуы ықтимал. Сол себепті болашақта 4 балабақша мен 2 мектеп салуды жоспарға енгізіп отырмыз. Сондай-ақ алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету аймағы мен өрт сөндіру орталығы, спорт алаңшалары мен дене шынықтыру мекемелерінің нобайы жасалынып отыр. «Шөлдала», «Құмшағал», «Казарма», «Жиделі», «Қызыл Абад», «Көлтоған» алқабтарының жолы, жарығы, қатынайтын қоғамдық көліктің графигін реттеу, қосымша автобус тарту сияқты жұмыстар жасау жоспарда. Саяжайдағы көшелердің арасы 3 метр. Негізі стандарт 8-10 болу керек. Сондықтан көшені кеңейту жұмыстары да алдағы уақыт еншісінде атқарылатын болады, – деді бас сәулетші.

Мердігер компания өкілін жиында сұрақтың астына алған тұрғындарға қала әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров: «Бұл тек жобаның нобайы. Кез келген істі бастамас бұрын оның схемасын сызып, құжатқа енгізу керек. Негізгі құжат жасалынды. Егжей-тегжейлі жобадан кейін ғана сметалық құжат бекітіледі. Біз жолдың басындамыз. Бұл әлі сан мәрте қаралып, бірнеше бекітуден өтіп қана іске асады. Ең бастысы жоспар бар, енді жұмыстың нәтижесін алдағы уақытта көре жатарсыздар» – деді.

Округке алыс-жақын ауылдар мен саяжайлар қарайтындықтан, тұрғындардың ұсыныс-тілектері бір жерден шықты. Мәселен, «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған» ауылдарының тұрғындары көтерген мәселелер – су құбырлары мен көгілдір отын тарту, көшелерді асфальттау. Құмшағал ауылының тұрғыны Орынбасар Тоқбергенов мектепке барар жолдарда жарықтың және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоқтығын айтса, Осман Жайлаубаев газ, жарық мәселесі шешімін тапса және №60 бағытта қатынайтын автобустың бағытын өзгертуді сұрады. Сондай-ақ тұрғын балабақша мәселесінің қашан шешілетіндігін сұрады. Ал «Құмшағал» ауылының тұрғыны Аққазы Төлендіұлы имамның айлығын көтеруді және спортпен шұғылданатын ойын алаңшасын салып беруді тілге тиек етті.

– Менің бес балам бар. Алтыншысын Алла қаласа бір-екі айда босанамын. Қазан айынан бері көмір сұрап бармаған жерім жоқ. Күйеуім жұмыс жасамайды. Тым болмаса, «Жасыл-Ел Тараз» ЖШС-не болса да жұмысқа орналастырып берсеңіздер. Мен сіздерден үй сұрап отырғаным жоқ. Үйді биыл салып бітірдік. Менің құжатым түгел болмағандықтан, үйді рәсімдеу жағы қиын болып жатыр. Оның өзі қаражатқа келіп тіреледі. Бала-шағамның тамағынан артылмай отырғанда, маған үйді рәсімдеу үшін ақша табу қиын. Құжатымның жоқтығынан мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны да ала алмай отырмын. Осыған жәрдемдессеңіз, – деді көпбалалы ана Анар Мұсаева.

Көп балалы ананың мәселесін тыңдаған қала әкімі бірден бөлім басшыларына аталған мәселелерді шешу үшін тапсырма берді. «Жалпы жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы ескерусіз қалмайды» – деді қала басшысы.

Толғанай АТАБАЙ,
Арайлым ШАБДЕНОВА,
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.