Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жазылым мәселесі жан-жақты талқыланды

0 453

Бүгінде жергілікті басылымдарға жаздыру өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Сондай-ақ газет-журналдардың дер кезінде жеткізілмейтіндігіне оқырман тарапынан көп сын айтылуда. Міне, осы және өзге де мәселелер «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының кеңсесінде өткен жиында күн тәртібіне көтеріліп, талқыға түсті.

Жергілікті басылым редакторлары, республикалық газет-журналдардың меншікті тілшілері және «Қазпошта» қызметкерлері бас қосқан жиында ең алдымен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиев сөз алып, бірқатар түйткілді мәселелерді ашып айтты.
– Жасыратыны жоқ, «Қазпошта» қызметіне қатыс- ты халық тарапынан айтылатын сын көп. Әсіресе газет-журналдардың дер кезінде жеткізілмей жататынына бұқара шағымдануда. Бұл мәселемен мен жіті таныспын. Аудандарды іссапармен аралау барысында мұндай түйткілді өз көзіммен көріп, «Қазпошта» бөлімшелерінің бірқатар қызметкерлеріне ескертуімді бердім. Бұдан бөлек, қазіргі таңда газет-журналдарға жаздыру да қиын болып кетті. Осы мәселелердің шешімін бірлесе табу үшін бүгін бастарыңызды қосып отырмыз. Өздеріңіздің ұсыныстарыңызды ашық жеткізсеңіздер, – деді Бекжігіт Лесұлы.
Өз кезегінде сөз алған «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің директоры Оралхан Дәуіт, шын мәнінде, газет-журналдар елді мекендерге кеш жететіндігін, соған байланысты редакцияға қоңырау шалып, шағым айтатындар аз емес екенін айтты. Сондай-ақ басылымдардың қаржысының басым бөлігі «Қазпошта» қызметі үшін төленетіндігін, алайда мекеме тарапынан жазылым ұйымдастыруға кері байланыстың аздығын жеткізді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов газет-журналдарға жазылайын десең, электрондық бағдарлама бірде істеп, бірде істен шығатындығын ортаға салды.
Жиында көпқабатты үйлерде газет салатын жәшіктің жоқтығы, жазылым туралы жалған түбіртектің кейбір елді мекендерде көрініс беріп жатқандығы, пошташылардың өз қызметіне жауапкершілікпен қарамайтындығы сынды бірқатар өзекті мәселелер айтылды.
Филиал директоры Бекжігіт Бекбердиев аталған мәселелермен таныс екендігін, газет-журналдардың келмей жатқандығы туралы хабарламаларды қабылдайтын жедел желі қосылып жатқандығын, ал егер пошташы қызметіне жауапсыз қараса, оған қатаң жаза қолданылатындығын тілге тиек етті.
Жиын соңында БАҚ пен «Қазпошта» қызметі жазылымды күшейту және өзара ынтымақтастық туралы мәмілеге келді.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.