Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жауапты жиынның жүктегені көп

0 257

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қаладағы білім саласының мамандары дәстүрлі форумда бас қосты.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Оқу жылы басталар кезде жиналып, қордаланған мәселелерді қарастыратын шара биыл «Келешекке – кемел біліммен!» деген атаумен ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Қайрат Досаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова мен ұстаздар қауымы қатысты. Онда қала басшысы ұстаздардың апталық сағат жүктемесін реттеуді, инклюзивті оқыту, мектептерге білімді мамандарды топтастыру мәселелерін қатаң бақылауға алу қажеттігін айтып, білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарды айтты.

– Ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі – білім саласы. Өйткені білімді ұрпақ – өркениетті Қазақстанның болашағы. Осы орайда, Тараз қаласының білім беру саласына бөлінетін қаржы жылдан-жылға өсуде. Биылғы жылы білім саласына республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен 24 миллиардтан астам теңге қарастырылды. Қазіргі күні қаламызда үш ауысымды мектеп мәселесі жойылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бәйтерек» мөлтек ауданында 1200 орынды мектеп пайдалануға берілді. Келешекте қала мектептеріндегі оқушылар орнының тапшылығын жою мақсатында «Казарма» алқабында 300 орындық мектептің, «Қайнар», «Барысхан» және «Шалғай Қарасу» алқаптарында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептердің және Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясына 300 орынға арналған жапсарлас ғимараттың құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи жабдықтау – басты назарда. Өткен оқу жылы 41 мектеп сымсыз интернет желісімен қамтамасыз етіліп, бүгінгі күні 60 мектептің барлығында кең жолақты интернет желісі бар. Мектептердің 35 пайызы робототехника кабинетімен жабдықталған болса, биыл тағы 10 кабинет алынып, бұл көрсеткіш 51 пайызға жететін болады, – деді шаһар басшысы.
Білім сапасы бойынша аталмыш жергілікті сала межеден аласарған емес. Оған білім бәсекелерінде оза шапқан ұстаздар мен оқушылардың жетістігі дәлел. Конференцияда қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өткен жылы саладағы атқарылған істі тізбектеп, жаңа оқу жылына енгізілген өзгерістер жайын баяндады.

– Ұстаз – сапалы білім, саналы тәрбие беретін, нағыз ел патриотын дайындайтын қозғаушы күш. Бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыруда қаланың білім беру саласында 8624 педагог жұмыс атқарады. Сапалық құрамы жылдан-жылға өсіп, соңғы жылда 3,6 пайызға көтерілді. Педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматына сәйкес «Педагог-шебер», «Зерттеуші-педагог», «Сарапшы-педагог», «Модератор-педагог» санатын 468 мұғалім иеленді. Мұның барлығы үлкен еңбек пен шығармашылықтың нәтижесінде келді. Сондай-ақ өткен оқу жылында педагогтардың сенбі күнгі жұмыс уақытына байланысты түсініспеушіліктер туындаған болатын. Бұл мәселе республикалық, облыстық тамыз кеңестерінде де көтерілді. Сондықтан бес күндік оқыту жүйесіне көшу барысында мұғалімдер сенбі күнгі жұмыс уақытын өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы екенін ескеріп, мектеп басшылары алдағы оқу жылы педагогикалық, әдістемелік кеңес және басқа да ұйымдастыру іс-шараларын айына бір рет қоюды жоспарлауы тиіс, – деді Мүбарак Қасымқызы.

Жетістіктер жетерлік, кемшілік те жоқ емес. Соның бірі – жаңартылған білім беру мазмұнымен бірге бағалаудың жаңа жүйесінің енгізілуі. Ал аталған жаңашылдыққа қатысты әлі де болса ата-аналар тарапынан туындаған сауалдар көп. Мәселен, бір күнде 5-6 бағалау өткізіп, білім алушыларды шамадан тыс жүктеу, бағалау жүйесі тек «смайлик» қоюмен шектеліп, нақты пікір жазылмайды. Алдағы уақытта пән мұғалімдері бағалау тапсырмаларын дайын күйінде көшірмей, балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып құрастыруға көңіл бөлуі қажеттігі айтылды. «Жасыратыны жоқ, оқулық мазмұны және дайын тапсырмамен шектеліп, баланың өздігінше ізденуі мен дамуына мүмкіндік жасамайтын мұғалімдер бар. Мұндай мұғалімдер қазақтың ұлы ағартушысы Абайдың «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп табуға үйретеді» деген сөзін жадында ұстауы тиіс», – деген қаланың бас ұстазы орта білім беру ұйымдары үшін бекітілген міндетті мектеп формасына қатысты арыз-шағымдардың да аз еместігін алға тартты. Әр мектептің өзіндік белгіленген формасы болатынын ескерсек, ол мектептен мектепке ауысқан бала үшін де, ата-ана үшін де ауыр. Ал бірыңғай мектеп формасы елімізде 2020-2021 оқу жылында бекітілмек. Жиында Мүбарак Қасымқызы мектеп басшыларына алдағы оқу жылында ауысып келген оқушылардың формасын өзгерту жөнінде талап қоймауды тапсырды.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылы қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бастамасымен, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, балалар кітапханасы және білім бөлімінің қолдауымен алғаш рет қалалық «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткізілген болатын. Осылайша, ең үздік оқырманын анықтаған байқау оқушылардың кітап әлемін тануға деген ынтасын арттырып, оқырмандар санының өсуіне едәуір үлесін қосты. Жиында осындай шарапаты мол шаралардың нәтижелі болатындығы баса айтылды.

Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол жанұядағы баланың бас ұстазы – ата-ана. Өткен оқу жылы білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестері мен ата-аналар қауымдастығы құрылған болатын. Қос тараппен жасалған жұмыс аз емес, бірақ атқаратын іс одан да ауқымды. Келелі кеңесте облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали ұрпақ тəрбиесіндегі өзекті мəселелерді айтып, ұсыныстарын жеткізді.

– Нұр-Сұлтан қаласында өткен Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ата-аналар қауымын жауапкершілікті арттыруға шақырды. Ата-ананың «айналайынына» зәру болған бүгінгі ұрпақ жылуды сырттан іздеп, жолдан адасып, есі кетіп есірткіге елітіп, жасы жетпей, желік қуып жезөкшеге айналып, сырын айтатын адам таппай суицидке барып жатыр. Ең сорақысы, біздің облысымыз еліміз бойынша өз-өзіне қол жұмсаудан екінші орында тұр. Бұл – мақтанатын емес, жан түршігетін жағдай. «Әр бала – ата-анасының айнасы» дейді ұлы педагог Сухомлинский. Егер балаңыздың мінезі қисық болса, айнаға емес, өзіңізге өкпелеңіз. Әлеуметтік желіге желімдей жабыспай, балаңызға көңіл бөліңіз, бір уақыт ойнаңыз» деп жазып едім Фейсбукке, біраз адам қолдапты, кейбірі кері пікір қалдырыпты. Сірә, сол «инстаграмшылдар» болса керек. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда әрбір мүшесі өз әлемінде оқшауланған «псевдоотбасылар» қалыптасып келеді. ХХІ ғасырдың ұстаздар қауымына оңай емес… Бұл жаһандану дәуіріндегі проблемалардың бір парасы ғана. Қазақта тыйым деген жақсы ұғым бар. Соны қолдану керекпіз. Смартфонды, әлеуметтік желіні қолданудың бекітілген тәртібі мен ережесі әрбір отбасында болуы тиіс. Былтырғы оқу жылында қала мектептерінің тең жартысы министрдің үндеуін қолдап, мектеп бітірушілердің ас та төк банкеттерінен бас тартты, мұқтаж жандарға қол созды. Бұл тұрғыда ата-аналар қауымдастығы да көп күш салды, – деген комитет төрайымы ата-аналарға ұсыныс тастады. Онда жаңа оқу жылында ата-аналарды балаларымен «Таза Қазақстан. Біз біргеміз!» атты республикалық экологиялық акцияға атсалысуға шақырып, ықшам аудандар мен нысандар сыртында графити әдісімен жазылған есірткі саудалайтын сайттардың көзін жою қажеттігін айтып, #ӨМІРДІТАҢДА, #ВЫБИРАЙЖИЗНЬ челленджімен барлық ата-аналарды есірткіге қарсы күреске жұмылдыруға үндеді.

Дамыған заманда ғалымдар үшін ең басты маңызды болып отырған мәселе – «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» деген сауал. Ал бұл сауал педагог көшбасшылығын дамытумен байланыстырылып, бүгінде қаладағы 4 мектеп Халықаралық көшбасшы мұғалімдер қауымдастығына мүше болды. Конференцияда «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Кембридж университетінің докторанты Гүлмира Қанаева сөз алып, жоғарыдағы сауал төңірегінде ойын ортаға салды.

– Елімізде білім саласы бойынша 2011 жылдан бері түрлі реформалар жүргізіліп жатыр. Көптеген зерттеулерге сүйенетін болсақ, ұстаздың рөлін жəне жұмыс ерекшеліктерін елемейтін ауқымды реформалар көзбояушылықпен аяқталады делініп жатады. Сол себепті біз осыны болдырмас үшін ұстаз жетекшілігімен жүргізілетін дамыту жобасын ұсынып отырмыз. Ғалымдардың айтуынша, ұстаздар үшін оқыту курстарына қарағанда, мектеп ішіндегі білім алу әлдеқайда маңызды. Сондықтан үздіксіз білім алу мектептің ішінде іске асу керек. Осы тұрғыда «Ұстаз көшбасшылығын дамыту неге маңызды? Көшбасшылық және ұстаз көшбасшылығы дегеніміз не?» деген сауалдардың қойылуы заңдылық. Көшбасшылық – реформаның сәтті іске асуының басты бөлігі. Сол себепті көшбасшылықты дамыту өте маңызды. Алайда көшбасшылықты біз лауазыммен шатастырып жатамыз. Шындығында, олай емес. Ол – оқу мен оқыту ісін жақсы түсініп, соны дамытуға бағытталған әрекет. Оның ішінде өзгелерді шабыттандыру, қолдау көрсету, әріптестер алдында қызмет етуге дайын болу мен әріптестер арасындағы ынтымақтастықты арттыру. 1999 жылы Кембридж университетінің білім беру факультетіне ұстаз жетекшілігімен жүргізілетін дамыту жобасы пайда болды. Жүйе әлемнің 17 елінде жəне Қазақстан мектептерінде апробациядан өтті. Бұл – іс-əрекеттегі зерттеу емес, мектепке өзгеріс енгізу. Аталмыш стратегияны Тараз қаласындағы 3 орта білім беру мекемесінде енгізуді қолға алдық. Жоба бір жыл ішінде өзінің жемісін береді деген ойдамыз, – деді республикалық жобаның үйлестірушісі Гүлмира Қанаева.

Бұдан өзге, басқосуда өз ісін абыроймен атқарып жүрген ұстаздар марапат төрінен табылды. Оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастырып, үлкен жетістік пен жоғары нәтиже берген Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, №24 гимназия, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназия, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия және №54 орта мектеп пен №32 орта мектеп басшыларына бірнеше ноутбуктің сертификаттары табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.