Әулиеаталық журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аумағында бас қосып, жылдам ақпарат алмасу тетіктерімен танысып қайтты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Таңның атысы, күннің батысына дейін жалғасқан «TezInfo» тақырыбындағы шараға ақпарат саласының мамандарымен бірге өңірдегі басқармалардың баспасөз хатшылары мен аудан әкімдіктерінің БАҚ-қа жауапты мамандары да қатысты. Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған семинар жиынын белгілі бизнес-жаттықтырушы, «Ника» коммуникативтік дамыту орталығының жетекшісі Салтанат Қашағанова мен Руслан Дулатбаев жүргізді.
Расында, бүгінгі қоғамда халықтың қандай да бір оқиғаға қатысты көзқарасын әлеуметтік желіден аңғарамыз. Тіпті қалың бұқараның көңіл-күйі де ғаламтор арқылы анық байқалып отырады. Өміріміздің әрбір сәті, коммуникацияның барлық әдістері әлемдік желіге жіпсіз байланған тұста көмекке нетворкинг келеді. Нетворкинг – кез келген өмірлік маңызы бар мәселелерді ұйымдасқан әрі кәсіби тұрғыда шешу жолдарын қарастыруды сипаттайтын термин. Адамдар арасындағы қарым-қатынас бизнесте болсын, өзге салаларда болсын үлкен маңызға ие. Қандай да бір жобаны қолға алған сәтте ойымыздағыны жүзеге асыру үшін айналамыздағы өз саламызда жетістікке жеткен жандармен тәжірибе алмасуды жөн санаймыз. Нетворкингтің қарапайым анықтамасы, міне, осы. Ал журналистер мен блогерлер арасындағы нетворкинг қоғамдағы түйткілді жайттардың тігісін жатқызып, шатасын жазуға әлбетте қажет-ақ. Ал баспасөз хатшылары үшін өздері ақпараттандыратын қауыммен осындай шарада жүздесу тәжірибе алмасу үшін таптырмас орын екені айтпаса да түсінікті.
Рас, біздің өңірде журналист пен блогердің қоғамдағы беделін салыстырып, олардың бір-бірінен ерекшелігін екшеп отыратын жайттар көп-ақ. Семинар барысында монитордың ар жағында қоғамға қозғау салып жүрген желі белсенділері мен әр ойын сүзгіден өткізіп, оқырманға сапалы өнім ұсынуды мұрат тұтқан журналистердің басы қосылды. Табиғат аясында өткен жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев алғашқы болып сөз алып, қатысушыларға табыс тіледі.
Іскерлік қарым-қатынастың жақсы өрбуіне адамдардың бір-бірімен сәлемдесуі де әсер ететінін тренинг жүргізушілері жақсы біледі. Осы себептен олар әуелі семинарға қатысушыларға бір-бірімен амандасуды тапсырды. Өңірдің әр түкпірінен келген ақпарат саласының мамандары нәтижесінде өзара жақын танысып, мәз-мейрам болды. Шараға өңірге танымал «Бауырсақтар» КТК құрамасының өкілі Бағлан Иманғали қатысып, жиынды әзілмен әрлесе, Нұрсұлтан Төребеков көңілді флешмоб ұйымдастырып, көпшілік бимен бой сергітті. Түскі үзіліс барысында да тәлімгерлер тыңдаушыларын тапсырмасыз қалдырған жоқ. Әрқайсысына 3 жаңа адаммен танысып, олар туралы ақпарат жинау керектігі айтылды. Алдын ала берілген түрлі-түсті қағазға танысқан адамы жөнінде ақпарат жазып, бір-біріне табыстап, өзара деректермен алмасты. Тәлімгерлердің айтуынша, бұл әдіс те өз кезегінде тұлға туралы жақынырақ біліп, оның қызығушылықтарын тереңірек тануға жол ашады. Осы секілді бірнеше интеллектуалдық ойындардан соң, сөз кезегін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ басшысы Ыхтияр Мырзахметов алды. Ол мемлекеттік саясатты әлеуметтік желіде жүзеге асырудағы «Facebook»-тің рөлі мен маңызы турасында баяндады.
– Фейсбукті қазақстандықтар соңғы бес жылда ғана белсенді пайдаланып келеді. Алайда бұл желі – барлық әлеуметтік желілердің ішіндегі ең жасы үлкені. «Instagram», «WhatsApp» деген желілерді осы «Facebook»-тің туыстары десек те болады. Алайда соңғы жылдары Жамбыл облысының Фейсбук кеңістігі шет-шегі жоқ негативтен арылар емес. Фейсбук үлкен ұрыс алаңына айналған. Біз ақпарат айдынынан тек негатив жаңалықтарды тұтынуға міндетті емеспіз. Жағымды жаңалықтар мен шаттыққа толы дүниелер ғана қоғамды алға жылжытады. Ал сын жөнімен болуы керек. Жүйелі сын арқылы көп олқылықты жөнге келтіруге болады. Осындай сәттерде қоғамымыздың «сынған терезе» теориясы бойынша құрдымға кеткенін қаламасаңыз, аудиторияға жағымды жаңалық ұсынуға асығу керек. Бүгінгі шара да сол үшін, сіздерді бір-бірлеріңізбен жақындастыру, жарқын көңіл-күйде жүздесу мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деді Ыхтияр Мырзахметов.
Аталмыш теория семинарға қатысушыларды үлкен ойға қалдырды. Оқырманға да түсінікті болу үшін тарқата кеткенді жөн көрдік. Негізі «сынық терезе» теориясы Филип Зимбардо атты қылмыс психологының 1969 жылғы бір зерттеу ісіне сүйеніп жасалған. Зимбардо қылмыс пайызы жоғары, кедей аудан Бронкс пен тұрмыс жағдайы жақсы Пато Альто аудандарының көшелеріне бір-бірден ескі машина тастап кетеді. Бронкстағы машинаның 3 күн ішінде күл-талқаны шығады. Ал Пато Альтодағы машина бір апта бойы сол күйінде тұрған. Зимбардо мен қасындағы 2 студенті машинаның айнасын сындырып кетеді. Шамалы уақыттан кейін айналадағы адамдар да машинаның қалған әйнектерін сындырады. «Алғашқы терезенің сынуына, айналаны ластайтын алғашқы қоқысқа, алғашқы қабырға жазуына рұқсат бермеу керек. Бұлай істемесек, бұдан кейін болатын нәрселерге кедергі бола алмай қаласыз», – дейді Зимбардо.
Расында, адамның да, мекеменің де, тіпті тұтас бір өңірдің де имиджін қалыптастыруға ақпарат пен сөздің қуаты жетіп артылады. Мұндайда қазақтың қарапайым ғана «Сөз қуған бәлеге жолығады», «Жүйесіз сөз иесін табады» деген даналықтарын да мысал етпеске болмайды.
Қызықты дискуссиядан соң шараға арнайы келген меймандар – жуырда ғана өңірге жаңа қызметпен ат басын бұрған «Аптаның» айташысы, «Jambyl» телеарнасының басшысы Мейіржан Әлібекұлы және белгілі журналист Нұрбек Бекбаумен өрбіген сұқбатқа жалғасты. Олар өздерінің журналистік қызметі, бұл жолдың қызығы мен шытырмандары туралы кеңінен баяндап берді.
Ізінше семинарға қатысушылар желідегі фейк аккаунттармен күресу, негативті азайту хақындағы ойларымен бөлісіп, өзара әңгіме құрды. Ойларын еркін жеткізуге ашық алаң ұсынған шара ұйымдастырушыларына да алғыс айтуды ұмытқан жоқ. Жиынның соңында арнайы фотобайқау өткізіліп, онда әріптестеріміз Кирилл Бердецкий мен Арайлы Жақсылық өздерінің креативті идеяларын ортаға салып, жүлдегер атанды. Нәтижесінде тәлімгерлер семинарда көңілге тоқыған дүниелерді жұмыс барысында іске асырып, тәжірибе жүзінде сынап көруге уағдаласты. Сонымен қатар өңірдегі жағымды жаңалықтарды жарыса жариялап, Жамбыл өңірінің әлеуетін ғаламдық желідегі көпшілікке көркем пішінде жеткізетіндерін айтты.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған