Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілуде. Бұл тұрғыда Тараз қаласының әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, ағымдағы жылы көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, бөліміміз Жамбыл облыстық баскетбол 3х3 федерациясымен бірлесе отырып, 16 жастан жоғары жастар арасында баскетболдан Тараз қаласының ашық турнирін өткізді. Аталған жарыста 16 команда, 100-ден аса спортшы бақ сынады. Сондай-ақ Көрісу күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында дартс, арқан тарту, гір тасын көтеру, үстел теннисі, қол күресі, ләңгі спорт түрлерінен бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, 300-ден астам жасөспірімдер мен жастар қамтылды. Бұл ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған ілкімді істердің бір парасы ғана.
Бұған қоса 2005-2009 жылдары туған жасөспірімдер және жастардан құралған аула командалары арасында кіші футболдан Тараз қаласы әкімінің кубогы, Халықаралық жастар күні мерекесіне орай «street workout» спорт түрінен турнир, Қ.Рысқұлбеков саябағында 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 3х3 баскетболдан қалалық біріншілік ұйымдастырылып, спорт сүйер қауымның көңілінен шықты.
Бұдан бөлек, 2023-2024 жылдарға арналған «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында өткен 3 жас ерекшелігі бойынша жағажай волейболы спорт түрінен қалалық турнирі мен жастар арасындағы 3х3 баскетболдан қалалық ашық біріншілігі де шаһарда бұқаралық спортқа қаншалықты мән берілгенін айғақтайды.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда Тараз қаласында дене шынықтыру және спортпен 173 265 адам шұғылдануда. Бұл жалпы шаһар тұрғындарының 40,2 пайызын құрайды. Әрі бұл қала жастарының салауатты өмір салтын қалайтынының көрсеткіші. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Оксана Борисюк,
Тараз қаласы әкімдігі дене шынықтыру және
спорт бөлімінің басшысы