Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда натрий цианидін шығаратын зауыт салынады

0 2  595

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Altynalmas Reagents» ЖШС директоры Уәлихан Атагелдиевті қабылдады.

Кездесуде «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында натрий цианидін өндіру жобасын жүзеге асырудың барысы талқыланды. Жобаның жылдық қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайды. Зауыттың құрылысына 250 адамды тарту жоспарланса, ал пайдалану кезінде 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Зауыт іске қосылғаннан кейін кәсіпорын натрий пиросульфиті мен каустикалық сода өндірісін жолға қоюды көздейді.
Кездесу барысында сабақтас өндірістерді құру, өнімді өткізуді жолға қою және экспорттау мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі ішкі нарықты қорғау мен отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Осы күні аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев «Koyuncu Group» түрік компаниясының өкілдерімен де кездесті. «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі натрий пиросульфит өндіретін зауыты 2024 жылдың қаңтар айында іске қосылады деп күтілуде. Компанияның бас директоры Рахим Ергунның айтуынша, оған салынатын инвестицияның көлемі 7 миллион долларды құрайды екен. Ал өндірістің жылдық қуаты 25 мың тоннаны құрайды.
Келіссөз барысында қос тарап ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оны одан әрі жандандыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ әртүрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды бірлесе отырып талқылады.
Сондай-ақ аймақ басшысы өзге де шетелдік инвесторлармен кездесті.
Басқосу барысында италиялық «Confindustria Kazakhstan» компаниясының бас директоры Валтер Макчи компания өзінің 113 жылдық тарихында ең маңызды бизнес ассоциацияға айналғанын жеткізді. Сонымен қатар өткен жылы Астана қаласында филиалы ашылып, жемісті жұмыс істеп жатқанын сөз етті.
Ол өз жобасын таныстыру барысында қаланы дамыту және білім алмасу мәселесіне қатысты, нақты айтқанда, сәулетшілер мен инженерлер дайындайтын италиялық іргелі оқу орнының филиалын ашу туралы жоспарларын ұсынды.
Облыс әкімі өз кезегінде Жамбыл облысы химия өндірісінің отаны саналатынын, жалпы қазіргі таңда өңір өндірісін өркендетудің мүмкіндігі мол екенін тілге тиек етті.
Аймақ басшысы облыс орталығын дамытуға қатысты жобаның таныс-тырылымында Тараз қаласының дизайн кодын қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке аталған бағыттағы жұмысты қолға алу және арнайы мамандар даярлайтын оқу орнының облыстағы филиалын ашу ісінің жан-жақты мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.