Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

0 387

Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын. Расында, кез келген мемлекеттің болашағының баянды болуы білімді әрі қабілетті жастардың қолында. Сондықтан да жастарға жайлы жағдай туғызу, олардың жарқын бастамаларына қолдау көрсету – еліміздің басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда Тараз қаласы тұрғындарының саны 430 018 адамды құраса, оның 120 902-і 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 28,13 пайызын жастар құрап отыр.
Жастарды ынталандыру, оларға қоғамдық шараларға тарту мақсатында Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2023 жылы орталық 11 бағыт бойынша 951 іс-шара ұйымдастырып, оларға 43 266 адам қатысты. Сондай-ақ былтыр «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға 458 жас тартылып, жұмыспен қамтылды. Оның 5-і NEET санатындағы жастар. «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының жұмысы жыл соңына дейін 9 ай мерзімге жалғасты. Еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп дамуына өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, «Жастар» аллеясы, «Жеңіс» саябағын, «Қарасу – 2» каналын күл-қоқыстан тазалады. Бұған қоса белсенді жастар «Таза қала – таза жағалау», «Табиға-тым – махаббатым», «Жастар және таза әлем», «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат», «World clean up Day» акциялары аясында жыл бойы арықтар мен көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізіп, тал-көшеттерді отырғызды. Бұл акциялардың әрқайсысына 100-ден астам жас қатысқаны өскелең буынның шаһар тазалығына бейжай қарамайтынын айқын аңғартады.
Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ. Осы орайда 2023 жылы орталық тарапынан ұйымдастырылған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетуге болады. Мәселен, «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты жас отбасылар форумы, жастарды зиянды әрекеттерден сақтау бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандарымен және кинолог мамандармен бірлесе «Есірткіге жол жоқ!», «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты акциялары, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, «08 CITY» атты инновациялық жобалар байқауы, Халықаралық жастар күніне арналған «Болашаққа – үміт, жастар- ға – сенім» атты мерекелік іс-шара, «Би battle» атты заманауи бишілер арасын-да қалалық би сайысы, «Жайдарман» ойындары, Тараз қаласы әкімінің кубогіне студенттер арасында футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен қалалық чемпионат, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы», «Қыран елім – Қазақстаным» атты акция аясында мемлекеттік туларды көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне ілу акциясы сан салада еңбек етіп жүрген белсенді жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, жаңаша қырларынан танылуларына мүмкіндік берді. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков те жастармен жиі жүздесіп, ой-пікірлеріне құлақ түреді.
Сонымен қатар қала жастары, мекеме қызметкерлері мен оқу орындары студенттерінің білімге деген құштарлығын арттыру, жастардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу, командада жұмыс істеу, мəселені талқылау қабілетін дамыту мақсатында «JarIQ» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Аталған ойын 6 кезеңнен 36 сұрақтан тұрды. Ойынның жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша I, II, III дәрежелі сертификаттарымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар өткен жылы өңірдегі 14 пен 35 жас аралығындағы үздік жастарды ынталандыру, Тараз қаласы әкімінің жастар сыйлығын қала жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында «Taraz Awards» Тараз қаласы әкімінің жастар сыйлығы табысталды. Аталған сыйлық 15 номинация бойынша үздік деп танылған жастарға берілді.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 19 мамыр, 14 маусым, 12 шілде, 29 тамыз, 16 қазан, 27 қараша күндері «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» акциясы өтті. Акция барысында қалалық мәслихаттың депутаттары, жастар мен волонтерлар тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 253 граффити жазуы өшірілді.
«Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орын алсақ та, бір оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұл-дыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман», – деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әлемде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесек, үлкен жетістіктерге жетеріміз хақ! Ең басты міндет – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесек, елдің дамуына қосқан нақты үлесіміз болмақ.
Жастардың рухани әлемі, өмірге көзқарасы, өзіне және өзгелерге, тіпті қоғамға, мемлекетіне қояр талабы дейміз бе, қай деңгейден, қай дәрежеден көрінеді, жалпы жастар нені қалап, қандай мұрат-мақсатты көксейді, олардың мінезімен, психологиясымен, ниет-көңілдерімен есептесіп, санасып жатқан біреу бар ма? Осы тұрғыдан келгенде ең басты міндет – бүгінгі қазақ жастарының ой-арманын білу, олардың бойындағы талантты, рухани-мәдени әлеуетті, талпынысы мен жігеріне жауап берерліктей, яғни өздерінің жастарға тән ішкі қуатын өз елінде жүріп толыққанды жүзеге асыратындай және түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болмайтындай жағдай туғызу осы күндегі маңызды міндеттің бірі болып отырғаны сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынұлының ғажап сөзі бар: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын», – деген. Осы ұлағатты пікір өзінің өзектілігін әлі де жойған жоқ. Жастардың жігерін жасытпай, маңдайынан сипап, қамқорлық таныту, олардың да айтар ой-пікірін тыңдау, ұсыныстары мен тұжырымдарына құлақ асу, өтініштерін аяқсыз қалдырмау тәрізді қарапайым қағидалар орындалмайтын болса, жастар да үміт үзіп, өзіне ыңғайлы, таланты мен білімін мойындайтын және соған лайықты қаражат төлейтін ортаны іздей бастайды. Талантты жастар өз елінде қажетсіз болып жүргенін шетелдік мамандар да бірден байқап, ат-көлігін ұсына қоятыны белгілі. Қазір ақылды жастар кез келген мемлекетке керек.
Сөздің түйіні, иә, жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі.

Абзал Есіркепов,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.