Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар неге жұмыссыз?

0 679

Әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, хал-ахуалы ондағы жұмыспен қамтылған азаматтардың да санымен өлшенетіні белгілі.

Сәндібек Піренов

Себебі экономикалық өсуге елдегі жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай әсер етеді. Сол үшін де жастардың тәрбиесі, олардың жұмыспен қамтылуы, қоғамдағы өзгерістерге белсене араласуы – бірінші кезекте тұрған мәселе.


Өңірде 237 мыңнан астам жас бар. Олар облыс халқының 21,1 пайызын құрайды. Ағымдағы жылы облыста бекітілген индикаторға сәйкес 10742 жасты жұмыспен қамту шаралары жоспарланып, 9257 жас белсенді шараларға тартылған. Осылайша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі I және II тоқсан бойынша 2,8 пайызды құрап отыр. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш болып саналады. Ең жоғары көрсеткіш 3,8 пайызды құраған екен. Сондай-ақ еш жерде оқымайтын, жұмыссыз NEET жастар да бақылауға алынған. Биыл өңірде NEET жастар 17 604-ке артып, 7,4 пайызды құрап отыр. Облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасына жыл сайын бөлінетін қаржы да ұлғайып келеді. Бөлінген қаржы жастарды әлеуметтендіруге, яғни белсенді болуға, қоғамдағы өзекті бетбұрыстар мен жаңалықтардан құр қалмауға, жұдырықша жұмылуға бағытталған шараларды жүргізуге бағытталған. Әсіресе, Еріктілер жылында мұндай шаралардың аз болмағаны рас. Ағымдағы жылы жастар саясатын жүзеге асыруға 799,4 млн теңге қаржы қаралған екен. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобалар да бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 76,6 млн теңгеге 26 жоба жыл соңына дейін толық орындалмақ. Басқарма тарапынан жастарды әлеуметтендіруге баса назар аударып отыр. Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасында нақты межелер айқындалып, 11 индикаторлық көрсеткіш бекітілсе, оның жетеуі жастарды жұмыспен қамту шараларына бағытталыпты. Әрине, жыл басында жоспарланған бастамалар жыл соңына дейін нәтиже шығарса дейміз.

Дейтұрғанмен жұмыссыздық мәселесі тек біздің өңірде ғана жауыр болған тақырып еместігін де естен шығармаған жөн. «Айта-айта жағдайды, Жамал апай қартайдының» кері болған жұмыссыздық мәселесіне басқаша бағытпен, жүйелі жоспармен жақындаған дұрыс. Сол үшін де мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қарастырылған. Бірақ ол мүмкіндікті жастар тиімді пайдаланып жатыр ма? Бүгінгі күннің басты сұрағы осы болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында өңір жастарының үн қосуымен атқарылған жұмыстар жайы айтылып, алдағы жоспарлар да жан-жақты сараланған-тын.

Онда күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа баяндама жасап, жастар арасындағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында түрлі бағытта атқарылған шараларға тоқталған. Оның айтуынша, жастар арасында жұмыссыздық мәселесін жүйелі шешу мақсатында NEET жастардың дерекқоры әзірленген. Алайда мамыр айынан басталған жұмыстар ойдағыдай жүргізілмепті. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласы мен Жуалы, Меркі аудандарында дерекқор мәліметтерін жинақтау жұмысы әлі аяқталмапты. Ал Байзақ пен Мойынқұм аудандарында бұл жұмыстар тіпті басталмаған да. Бұл туралы басқарма басшысы тамыздың соңына дейін дерекқорды түгендейтінін айтқан.

Жыл сайын студенттердің «Жасыл ел» еңбек жасақтары мен құрылыс жасақтарына тартылатынын білеміз. Елде коронавирус пандемиясы тараса да, жастар мәселесі, олардың жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетілді. Ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына облыстық бюджеттен 62,9 млн теңге бөлініп, 1000-нан аса жас маусымдық жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен тамыз-қараша айларында жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға 26 млн теңге қарастырылып, 500 жасты жұмысқа тарту көзделген. Ал студенттік құрылыс жасақтарында 84 жас еңбек еткен. Тіпті Қордай ауданында бұл жұмыстар әлі жалғасып жатқан көрінеді.
Жұмыссыздық мәселесі бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған соң, оны шешудің тетіктері жан-жақты зерделеніп жатқанын жоғарыда айтқан мәліметтерден-ақ білуге болады. Бірақ бұл жастарға жасалған қамқорлықтың тек бір бөлігі ғана. Мәселен, бұдан бөлек, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы «Бастау бизнес» жобасы бойынша 597 жас оқудан өтіпті. Енді олар өз жобаларын қорғайды. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасымен 650 жас мемлекеттік грант алған. Ал «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бүгінде 148 маман 86,1 млн теңгеге көтерме жәрдемақы алатын болса, 76 маман 296,4 млн теңгеге тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болған. Әрине, биыл атқарылған жұмыстар ауқымды. Дегенмен жыл сайын өңірде мектеп, колледж, жоғары оқу орнын бітіріп, екі қолға бір күрек таппай жүретін жастар тағы келеді. Мұның басты себебі неде? Облыстық жастар басқармасының да қазіргі бас қатыратын сауалы – осы. Әрине, мұның басты себебін бала тәрбиесіне не болмаса заманға теліп қоюға болмайды. Бір білеріміз, жаһандану заманында «алма піс, аузыма түс» деп қарап жату дұрыс емес. Жастардың басым бөлігі шыңға апарар жолды көрмейді. Топ етіп тікұшақпен жетемін дейді. Сол оймен қадам жасағанда, жол азабын тартатыны тіпті ойына да кіріп-шықпас. Бір сөзбен айтқанда, бос қиялға ерік беретіндер көп қазір. Бизнесмен, бастық, ғаламтор жұлдызы болсам дейтін немесе үйден шықпай ақша табуды көздейтіндер азаймай тұр. Сонда кім жұмыс істейді? Хош, бұл мәселе АҚШ секілді ғаламтордан жерінгенде толықтай шешілетін шығар деген ой да жоқ емес. Шетелде білім алып, білгенін үйретіп жүрген және кәсіп бастап, нәсібін көріп отырғандарды көргенде жаның жылиды. Жасампаз жастар түрлі саланың басын ұстап, үлкен жетістіктерге жетуде. Бұдан бөлек, Еріктілер жылында жастардың бастамасымен атқарылған шараларды көріп, естіп жүрміз. Қазір облыста 13 волонтерлік ұйымда 6784 жас бар екен. Оның ішінде коронавирус пандемиясы кезінде «Әулиеата жастары» штабында 717 ерікті жұмыс атқарғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Волонтерлер жылы аясында 9 бөлім, 21 жобадан тұратын облыс әкімінің іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес жыл басынан 649 іс-шара ұйымдастырылып, оған 27 мыңға жуық жас тартылған. Оның ішінде ҰБТ-ға дайындық бойынша «Зейін» жобасы, құқық қорғау органдарымен бірлесе атқарылып жатқан «Қоғамдық сақшы» рейдтік жұмыстары, «Біздің аула» жобасы, «Өзіңнен баста!» экологиялық акциясын атап өтсек болады.

Облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев атқарылған жұмыстармен танысып, өзекті мәселені шешудің бағытын да бағамдап берді.

– Жалпы жастар саясаты туралы кеңесте іс-шаралардың статистикасына емес, негізгі мәселелерге тоқталған жөн. Ең әуелі, жұмыссыздық мәселесі. Облыста жұмыспен қамту бағытындағы бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ оған тартылып жатқан жастар аз. Жастар практикасы бойынша да басқа өңірлермен салыстырғанда төмен көрсеткіш көрсетудеміз. Осы мәселені шешу жолында жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Алдымен жастарға не керек екенін анықтап, соған қарай жұмыс жасағанымыз жөн. Бірқатар аудандарда Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істемейді. Бүгінгі кеңеске аудан әкімдері де қашықтан қатысып отырғаны содан. NEET жастармен тығыз байланыс орнату керек. База жасалды, енді одан нәтиже шығару керек. Соған қарап, жоспарларды нақтылауға болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Жұматұлы.

Осыдан кейін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аудандарда NEET жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қайырылмауының басты себебін айтты. Басқарма басшысы бұл мәселені жастардың жаз мезгілінде шаруа қожалықтарына, жалдамалы жұмыстарға тартылып, қыста екі қолға бір күрек таба алмай қалатынымен байланыстырды.

Рас, бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Жастардың жұмыспен қамту орталықтарына барғысы жоқ. Қоғамдық жұмыстарға да тартылмайды. Одан гөрі ел арасында «құл базары» аталып кеткен сауда биржаларына барады. Сол базардың төңірегінен ерлерді айтпағанда, жұмыс талғамайтын әйелдерді көргенде ішің ашиды. Жұмыспен қамту орталығы ұсынған жалақыны бір аптада табудың мүмкіндігі тұрғанда, ешкім де азды қанағат тұтқысы келмейді. Ата-ана балалары үшін отқа да, суға да түсуден тайынбайды. Мұны елеп-ескеретін бала болса игі дейсің. Ал жыл сайын «шешілуде» деген сөзбен ғана шешіліп жатқан жұмыссыздық мәселесі бірер жылда оң нәтиже бермесі анық. Бірақ жыл сайын жалғызілікті, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және мүгедек жандарға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың орасан екені рас. Бұл тізімге жастарға жасалған қолдауды да қоссақ болады. Еліміздің болашағы саналатын жастардың жұмыссыз жүргені жараспайды. Алдағы уақытта жұмыссыздық мәселесі тамырымен жойылмаса да, жұмыссыз жастардың қатары азаятынына сенім білдіреміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.