Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқу жылына әзірміз

0 15

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конферен-циясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жаңа оқу жылында облыстағы 442 мектеп бойынша 234,7 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 26,4 мың бүлдіршін биыл 1-сыныпқа бармақ.
– Пандемияға байланысты оқу процесі екі түрлі форматта өтеді. Атап айтсақ, облыстың 275 мектебінде 215,4 мың оқушы қашықтан оқытуды бастаса, ал барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 167 мектептегі 19,3 мың оқушы дәстүрлі түрде білім алуды жалғастырады. Білім беру нысандары дезинфекциялау құралдарымен, санитарлық тазартқыштармен, тепловизорлар және басқа да қорғаныш құралдарының қажетті қорымен қамтамасыз етілген, – деп атап өтті облыс әкімі.

Қашықтан оқыту «Daryn.Onlinе» білім беру платформасының көмегімен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар жұмыс істейтін, үйде балаларына онлайн режимінде білім беруді ұйымдастыра алмайтын ата-аналар үшін қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес «кезекші 1-4 сыныптар» ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін оқушылар мен мұғалімдерді компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 134,8 мыңы немесе жалпы санының 57,4 пайызы дербес компьютерлермен және ноутбуктармен қамтамасыз етілген, ал 99,8 мың (42,5%) оқушыда компьютерлік техника жоқ.

– Облыс мектептерінде 25,6 мың компьютер бар. Тағы 26,4 мың компьютер сатып алуға республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлінді. Қосымша 4,5 мың компьютер жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Сондай-ақ 23 мың роутер-модем сатып алу жоспарлануда. Компьютер және интернетпен қамтамасыз етуде алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар назарға алынады. Бұл санатқа шамамен 40 мыңға жуық бала кіреді, – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, облыс оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 2,9 млрд теңге бөлінген. Оқулықтарды үлестіру 25 тамызға дейін толығымен аяқталады. Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтылады.

Сонымен қатар биыл Жамбыл облысында 22 білім беру мекемесінің құрылысына 10,1 миллиард теңге бөлінген. Олардың қатарында 15 мектеп, алты қосымша құрылыс және бір Оқушылар сарайы бар. Бүгінде бір мектептің құрылысы аяқталды. Бұл ретте ағымдағы жылдың соңына дейін 14 нысанды, оның ішінде сегіз жаңа жалпы білім беретін мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша, үш апатты, бір үш ауысымды, орын тапшылығы бар үш мектеп және екі ескі мектептің мәселелері шешілмек. Қалған екі апатты, сегіз үш ауысымды және орын тапшылығы бар бес мектептің мәселелері 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен шешілетін болады. Атап айтсақ, Тараз қаласында 1278 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы басталған. Жұмыстың жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары мен жергілікті бюджет аясында 42 мектептің күрделі жөндеу, 53 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 8 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Сонымен қатар Тараз қаласында бюджеттен тыс қаражат есебінен жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.