Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар ел ертеңіне елеусіз қарамайды

0 758

Алда болатын жалпыхалықтық референдумды халық арасына кеңінен насихаттау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде келелі кездесу өтті.

Іс-шараға елордадан «Аманат» партиясының референдумды қолдау штабының мүшесі, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли арнайы келіп қатысса, қонақтар қатарында «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов болды. Шараны Дулати университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Гүлвира Мұсабекова жүргізіп отырды.
Басқосу барысында Дауыл Ынтықбайұлы келелі кездесудің маңыздылығына тоқталып, жастарды алда болатын Ата Заңға айтарлықтай өзгерістер әкелетін саяси науқанға белсене қатысуға шақырды. Берік Уәли де өз кезегінде университеттің ұстаздары мен журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттермен емен-жарқын әңгіме өрбітті.
– Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы және елдің, жердің иесі де солар екенін айқындайтын басымдықтар бар. Жалпы Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгертуге ұсынылып отыр. Бұл – елдегі саяси жүйені құқықтық тұрғыда бекітетін қадам. Сондай-ақ енді ел азаматтары Парламент Мәжілісіне, әр деңгейдегі мәслихаттарға сайлануы үшін өз бағдарламасын жасай отырып, өзін-өзі ұсына алады, – деген Берік Уәли конституциялық реформаның бұдан өзге нақты қандай өзгерістерге әкелетіні туралы сөз қозғады. Сонымен қатар спикер журналистерді қолдауға бағытталған ұйым құрып жатқанын жеткізді.
– Журналистерді қолдау жөнінде ұйым құрып жатырмын. Бұл туралы осыған дейін айтқан жоқ едім. Бүгінде оның құжаттары әділет органдарында қаралып жатыр. Ұйым, әлде қор елдегі журналистердің құқықтарын қорғау, оларға әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысатын болады, – деген басқарма төрағасы жуырда Президентпен болған кездесуде баспасөз қызметкерлерінің мәртебесін мәселе етіп көтергенін де жасырмады.
Еркін форматта өткен шарада жастар да өз ойларын ортаға салып, ашық пікір алмасты.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.