Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар бағындырған белес

0 253

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ұлты ұлықтаған – ұлы тұлға!» атты жас патриоттар форумы ұйымдастырылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен Абжапаров

Форум барысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: Болашаққа жол» тұжырымдамасы аясында шығармашыл жастардың кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында ғылым мен білімді, бұқаралық спорт пен кәсіпкерлікті дамытуға елеулі үлес қосқан жастар марапатталды.
– Жастардың ұлттық құндылығын құрметтеп, отанын сүюге, сонымен қатар өз саласында дамып, жетіліп қана қоймай алдыңғы қатардан көрінуі үшін барлық мүмкіндік берілген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге алға қадам басқанымызды мақтан тұтатынымызды айтқым келеді. Қазіргі жастар өте зерек және алғыр. Олар алған білімді дұрыс бағытта қолданса ел іргесі беки түсері хақ. Аянбай еңбек етіп, өзін биіктен көрсетіп жүрген жастар қашан да мақтау, марапатқа лайық, – деді шығармашыл жастарды марапаттау үшін сөз алған қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.
Салтанатты кеш барысында марапатқа ие болған Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Бақдәулет Төлегенов «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Бақдәулет Есімжанұлы бұрын да қаланың қоғамдық, мәдени өміріне белсене атсалысып, Абай оқулары және Оралхан Бөкей көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауының ұйымдастырылуына белсене атсалысқаны үшін талай мадаққа ие болған. Сондай-ақ «Жас кәсіпкер» номинациясы бойынша Исламбек Қосубақов марапатталды. Ол 2018 жылы «Бақша құрал-жабдықтарын шығару» цехын ашып, 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша сертификат алса, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бақша құрал жабдықтарын шығару» жобасының грант иегері атанған. «Жас журналист» номинациясы бойынша әріптесіміз Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Диана Қалманбаева марапатталды. Ол 2017 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Үздік мақала» номинациясында ІІІ орын иеленген. Диана Еркінқызы қазіргі таңда білім бөлімінің мектептен тыс шығармашылық орталығының журналистика мектебінде жас журналистерге сабақ береді. Сонымен қатар Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің педагогика және психология мамандығының 4 курс студенті Арайлым Сағатіллә – «Жас спортшы», Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті Ақнұр Алпысбай – «Үздік волонтер», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің құқықтану мамандығының 3 курс студенті Дулат Тұраров – «Жас сарбаз», Мағжан Жұмабаев атындағы №21 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Қайрат Нұрдәулет – «Жастар көшбасшысы» номинациясын иеленді. Әр бағыт бойынша өз қызметінде ерекше белсенділік танытқан жастар әлі талай белесті бағындырары анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.