Адамға адамнан керегі жылылық пен мейірім ғана. Бойында жылуы мол адамның шуағы айналасына тарап, жан біткенге шарапаты тиеді. Себебі оның жүзінен – күннен жарық, айдан нұрлы шуақ тарайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Екатерина САФОНКИНА

Адамды адамнан биік ететін оның ақыл ойы болса, өзгеден абыройын оқ бойы озық көрсетер жасаған игілікті ісі екені айдан анық. Өңірде елеулі еңбек, іскерлігімен танылған жандар көп-ақ. Кісіні кейде таршылық сынаса, кейде баршылық сынайды. Ал сол еңбегін жылы жүректің қамқорлығына жалғап, жақсылықпен үйлестіріп, жабырқау жүрек пен жүдеу көңілге медет етіп отырған үлкен жүректің иесі Меруерт Лештаева жайлы тараздықтар жақсы біледі. Бүгінде қаладағы «Гауһар тас» және «Інжу-маржан» мейрамханаларын жүргізіп, ісін дөңгелетіп отырған аяулы жан, асыл ананың игілікті бастамасы ел ішінде жиі айтылып жүр.
Тағдыр тауқыметін арқалап, дертті болған кішкентай қыздың әжесі ем-домын жалғап, жаттығуға баулып, әлдиімен тербетіп отырып, «осыдан аяққа тұрсаң, үлкен той жасап беремін» деп уәде етеді. Ай артынан ай, күн артынан күн жылжып, кішкентай қызға ем дарып, дамылсыз жаттыққан еңбегінің арқасында қимыл-қозғалыссыз қалған қыз аяққа қаз-қаз тұрып, өмірдің ағысына қарсы алғашқы қадамдарын жасайды. Қуанышымен бөліскен әжей «Гауһар тас» мейрамхана иесінің көмегімен ұлан асыр той жасағанын айтып, біздің редакцияға арнайы хат жолдапты. Меруерт Кәттабайқызының жанашырлығы, жақсылығы, жомарттығы жайлы айтылған осы сарынды хат легін жиі оқып тұрамын.
Әрбір жабыққан жүрек, ортайған көңіл, жүдеген пейілге қамқорлық танытып, мұң-мұқтажын тыңдап, көмек қолын созып жүрген жанның есімі әсіресе Қабылбек Сарымолдаев атындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығымен етене таныс.
– Меруерт Кәттабайқызының орталық балаларына білім беру мен жан-жақты дамуына, түлектерді постинтернаттық сүйемелдеу жұмысына қосқан үлесі зор. Біздің орталықтың 10 түлегіне толыққанды білім алып, олардың қоғамдық өмірге бейімделуіне өз септігін тигізіп, әр баланың жеке есеп шоттарына демеушілік көрсетеді. Жасөспірімдерге дербес өмірге дайын болуда бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін де аяған емес. Қыз балалар тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, түлектерді шаштараз өнері мен аспаздық өнерінің қыр-сырын меңгеруге өзінің жекеменшік кәсіпкерлік орындарына шақырады. №3 жанұясының барлық бөлмелеріне сәнді үлгідегі перделер мен үштік жұмсақ жиһаздарына, төсек-орындарына жапқыштар алып берді. Түлектердің құрметіне қоштасу кешінде мерекелік дастархан мәзірін де тарту етеді. Біздің орталықтың балаларының атынан Меруертке айтар алғысым шексіз, – дейді орталық директоры Айжан Мейірханова.
Осы орайда осыдан бір жарым жыл бұрын Қабылбек Сарымолдаев атындағы орталықтан түлеп ұшып, бүгінде Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 2 курс студенті атанған Гүлбаршын Қойчубаевамен тілдесудің де сәті түсті.
– Мен «Қарекет» бағдарламасы арқылы өз анамды таптым. Бірақ ол кісінің мені өмірге алып келгені болмаса, маған ешқандай мейірімі жоқ екенін ұқтым. Ал Меруерт Кәттабайқызы анамнан көрмеген мейірімін төгіп, әлемде нағыз ана жүрек осы кісіде бар екенін сездірді. Құшағына алып, жылылық сыйлай білді. Әр ай сайын 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Ол кісінің жарымжан жандарға, ата-анасы жоқ балаларға қайырымдылық көрсетіп жүретініне бала күнімнен қанықпын. Мен осындай қайырымды жаннан үлгі аламын және сол кісінің маған жасаған қамқорлығын ақтап, жақсы оқып, жақсы адам болуға тырысамын, – деп ризалығын білдірді Гүлбаршын.
Иә, қолында барды өзгемен бөлісу ең асыл қасиет. Сол қасиетті Меруерт Кәттабайқызының балалары да бойына сіңірген. Жаңа жыл сайын Аяз ата болып киініп, мұқтаж отбасының балаларына сый-сияпат жасау осы жанұяның жылдағы үрдісі. Береген қолдың ғана алаған екенін ұққандардың ғана өмірде жолы болатынына, алғыс алған жандардың ғана бақытқа жететіне бұл отбасы жан-тәнімен сенеді. Және сол жолда аянбай еңбек етіп те жүр. Бала күнінен кішіге қамқор болып өскен ол, үнемі әлдекімге қуаныш сыйлауға асығады. Өзі содан нәр алады. Ал өміріндегі ең алғашқы табысын анасына жасағанын тебірене еске алды.
– Ең алғашқы табысыма анама алтын сырға сыйладым. Ол менің өмірімдегі сыйлығымның бастауы еді. Сонда анамның қуанғанын көріп, өзімнің де жанымды қуаныш биледі. Содан бері сыйлық ұсынып, қуаныш жасаудан жалыққан емеспін. Негізі жүрек жылуы адам бойындағы ең қымбат қасиет. Жылылық жоғалған күні өмір де тоқтайтын шығар. Қайырымдылық жасау кәсібімнің алға басуының негізгі сыры деп білемін. Бұл ізгі қадам болмаса, ісіміз алға баспас еді. Бизнеске аяқ басқан күннен бастап ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға шама-шарқым жеткенше қолдау көрсетіп келемін. Мұнымен қоса ұжымымда 10 жылдан аса жұмыс істеген қызметкерлерге пәтер сыйлауды үрдіске айналдырдым. Сонымен қатар Қабылбек Сарымолдаев атындағы «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау» орталығына да барынша қолдау көрсетемін. Менің қамқорлық істерімді көрген басқа кәсіп иелері үлгі алса екен, – деп ағынан жарылды Меруерт Кәттабайқызы.
Жүрегі ізгілікке тұнған Меруерт Кәттабайқызының бөлмесі мұқтаж жандарға танытқан қамқорлығы үшін ұсынылған «Алғыс хатқа» тұнып тұрса, омырауы да осындай игі істердің ізгі жолымен тағылған медальдардан жарқырап тұр. Сәулелі сәттің шуағына шомылған нұрлы жанның жүрегін нендей өкініш торлап, нендей арман кернеп тұрғанын білгім келді. «Өкінішім барлық адамдарға жақсылығымның жетпеуі. Арманым – жетім балалар болмаса! Ал олар бар… Енді сол балаларды кәмелеттік жастан кейінгі баспанамен қамту. Осы арманым да орындалып қалар» деді жүрегін үмітке толтырып. Аяулы адамның арманы да аяулы, жақсылығы да асқақ. Және ешқашан аласармайды. Бұл тек жарысып жасауға тиіс жақсылықтар мен орындалуға тиіс армандар болса керек-ті.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған